Басты тақырып

ЖЕР РЕФОРМАСЫН талқылау жалғасын табуда

35-қадам.

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҚ ЖЕРЛЕРІН тиімді пайдалану мақсатымен оларды нарықтық айналымға енгізу. ЖЕР КОДЕКСІНЕ және БАСҚА ДА ЗАҢ АКТІЛЕРІНЕ өзгерістер енгізу.

36-қадам.

ЖЕР ТЕЛІМДЕРІН МАҚСАТТЫ ПАЙДАЛАНУ ТҮРІН ӨЗГЕРТУГЕ РҰҚСАТ АЛУ рәсімдерін жеңілдету. Ауыл шаруашылық жерлерін пайдалануға тұрақты түрде мониторинг жүргізу. Барлық пайдаланылмай жатқан жерді алдағы уақытта ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУ ҮШІН МЕМЛЕКЕТТІК ҚОРҒА БЕРУ.

 

Жерге деген ғаламат сый материалдық әлемнің өзге объектілерін алмастырмайды. Жер өзге табиғи объектілер сияқты баға жетпес халық құндылығын білдіретін биопотенциалық құнарлы топырақты қамтиды. Қазақстан Республикасының Конституциясында жер табиғи ресурс ретінде, Қазақстан Республикасы халқы өмірінің негізі болып белгіленген.

Мемлекетімізде жер реформасын жүргізу мемлекеттік монополияны жойып, жерге жеке меншік құқығының кеңінен етек жаюына алып келді. Қазіргі таңда мемлекеттік емес заңды тұлғалар мен азаматтардың жеке меншігіне үш миллионнан астам жер учаскелері берілген. Жер ресурстарын ұтымды пайдалану және табиғи жағдайын ұдайы жақсартып отыру нәтижесінде ол ішкі және сыртқы қажеттіліктерді қанағаттандырып отыратын көлемді азық-түлік өндіруге қабілетті.

Жерге қатысты құқықтық өзгерістердің нәтижесінде туындаған жерге мемлекеттің монополияның жойылуы, жекелеген жер санаттарына жеке меншік құқығының пайда болуы, ақылы жер пайдалану тәсіліне көшу, жерді жеке меншікке немесе пайдалануға алғаны үшін ақы төлеу, жердегі шаруашылық жүргізуші субъектілердің тең құқықты дамуы, жер нарығының қалыптасуы сияқты әрекеттер орынды құбылыс болып табылады..

Мемлекеттік меншік пен жеке меншік бірдей деңгейде реттеледі, қорғалады, ауыл шаруашылық мақсатындағы жер тауарлық өндіріс жүргізу үшін жеке меншікте болуы мүмкін және пайдалану мен қорғалудың ерекше мәртебесіне ие. Жер қорын мемлекеттік реттеу нарықтық экономиканың талаптарына жауап беретін жаңа сапалы бағытқа ие.

Жер – адамзат қоғамының кез келген шаруашылық қызметінің және өмірінің негізі. Жердің экономикалық қасиетімен қатар, экологиялық маңыздылығын да ескеру қажет.

Біз жер деген түсініктің астарынан табиғи ресурстарды, ауыл және орман шаруашылық өндірістерінің басты өндіріс құралы, құрылыстар, құрылымдар және басқа да объектілер салу үшін қажет болып табылатын кеңістіктің базисі деген мағыналарды көре аламыз.

Жалпы Қазақстандағы жер қатынастарын реттеу тамыры терең тарихи өткен шақтан басталады. Адамзат қоғамының дамуы кезеңіндегі жер ресурстарын пайдалану сипаты белгілі бір аумақтың табиғи жағдайымен және материалдық өндірістің бағытына байланысты болып келген. Жерді шаруашылық пайдалану мен айналымға тарту адам қоғамының дамуындағы құкықтық реттеу жолдарын іздеуге негіз болады.

Жер мәселелері әр кезеңде Қазақстан аумағында өмір сүрген мемлекеттердің барлығы үшін негізгі мәселеге айналып отырды. Тарихи деректерге сүйенетін болсақ, Қазақ­стан аумағын мекендеген мемлекеттердің негізгі кәсібі көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығы болды. Соның салдарынан жайылым жерлерге мұқтаж болған мал өсірушілер шалғай жерлерге көшіп-қонып жүруге мәжбүр болды. Қоғамдық қатынастардың даму сатыларының қай-қайсысын алсақ та, жер қорларын пайдалану белгілі аумақтағы климаттық жағдайларға және материалдық өндірістің бағытына байланысты болады. Қазақстанның табиғи-климаттық жағдайы материалдық өндіріс жүйесінің негізгі бағыттарының сипатын анықтады. Сондықтан, мыңдаған жылдар бойы Қазақстан аумағын мекендеген елдер үшін шаруашылықтың негізгі саласы – көшпелі мал шаруашылығы болып саналады. Мал өсіру үшін жайылым жер іздеу негізгі проблемалардың біріне айналып отырды. Сол кезеңдерде өмір сүрген қоғамдар үшін жер қатынастарын реттеу жүйесінің табиғи және объективті түрдегі кажеттілігі, жер бөліктерін маусымды түрде пайдалану негізгі фактор болып табылады.

Бастапқы кезең – Қазақ хандығының қалыптасуымен байланысты. Бұл кезеңнің ерекшелігі арнайы жер заңдарының жоқ болуында. Бұл кезеңде жер қатынастары Адат ережелерімен реттеліп отырған. Сонымен катар, Шыңғыс ханның отаршыларының саясаты орын алды. Қазақстанда осы кезеңде жер жеке меншікке берілді ме, әлде, жоқ па? Бұл жөнінде екі түрлі көзқарас бар. Біріншісі, жеке меншік болғанын мойындамайды. Бұл кезде жерге жеке меншік қоғам меншігі, ал екіншісі, жеке меншік болғанын дұрыс деп қарайды.

Қазақ хандығы тұсындағы меншіктік қатынастарға келетін болсақ, азаматтардың сатуға, айырбастауға, сыйлауға және мұраға қалдыруға болатын мүлкінің барлығы жеке меншік заттары болып табылды.

Жерге жеке меншік XIX ғасырға дейін болмады, жер Адат нормалары бойынша қауымның меншігі деп есептелді. Қауым ретінде негізінен рулық бірлестік танылды. Қазақ қоғамының тарихына көз жүгіртсек, шын мәнінде, мұнда жерге меншік болмағандығын, жер пайдалану рулық, қауымдық негізде жүзеге асқандығын көреміз. Сол себептен де, жер қазақ халқының бөлінбейтін меншігі саналған. Ендеше, уақыт өте келе халқымыздың жерді о бастан қоғамдық меншікте тұрақты пайдаланып келгеніне дау жоқ. Ата-баба дәстүрінде жерді сату деген болған емес. Бұл жеріміз иесіз болды деген түсінікті тудырмасы анық. Бағзы замандардан бері бабаларымыз тоқымдай жер үшін жан беруге дейін барып, ұланғайыр аумақты тұтас қорғап, ұрпақтарына мұра етіп қалдырған. Тарих қойнауынан сыр шертетін Қасым ханның «Қасқа жолы», Есім ханның «Ескі жолы», Тәуке хан тұсындағы «Жеті жарғы» әдет-ғүрып құқықтық нормаларында жер жалпы халыктық пайдалану меншігінің фактісі ретінде танылып, қоғамдық қатынаста туындайтын әрбір жер дауы ел ішінде ерекше мүдделілікпен назарға ілігіп отырды.

Бірақ, сол қасиетті жердің байлығын, берекесін көп уакыт басқалар көріп келгені жасырын емес. Отаршылдық саясаттың жүргізілу барысында қарапайым қазақ бұқарасына жарытып жер де тие қойған жоқ. Патшалық Ресейдің боданында болған кезінде қазақ халқы құнарлы жерінен айрылып, ең бір шөлейт аймақтан күнкөріске жер үлесін алғаны ащы болса да ақиқат екені рас.

Шын мәнінде, қауым немесе рудың атынан жерге, жайылымдарға билікті қауым басшысы, ру басшылары, сұлтандар, билер жүргізді.

Ғалым С.З.Зимановтың пікірінше, адамзат қоғамының дамуы бүкіл қоғам, тек қана, мал шаруашылығымен айналысып, көшпелі өмір сүріп, жер өңдеу мәдениетімен айналыспаған тарихи дәуірді білмейді. Тарихи мәліметтерге қарағанда, тіпті, нағыз көшпелі халықтар да белгілі бір дәрежеде ұдайы немесе ішінара жер өңдеумен шұғылданған әрі отырықшы, жартылай отырықшы өмір сүріп, отырықшы халықтармен тығыз қарым-қатынаста болып келген. Көшпелі мал шаруашылығына өткенде адамдар өздерінің тұрғылықты жерінен алшақтап кетті деуге болмайды, мұндайда жер өңдеумен де айналысқан жағдайлар сақталған. Бұдан өзге, халықтың бір бөлігі көшпелі кезеңнен басқа кезеңге өтерде белгілі бір тарихи дәуірді бастан өткеруі тиіс болған. Осы арада «көктем» ұғымы «жер өңдеуші» ұғымына қарама-қарсы болып шартты түрде алынбайды. Жерге жеке меншіктің болмау себебі де көшпелі мал шаруашылығына негізделген экономикалық қатынастармен байланыстырылды. Орасан зор көлемдегі жайылымдарды меншік иелеріне берудің ешқандай мәні жоқ еді. Оның үстіне жайылымдар үнемі ауысып отырды. Көктем мен күздің арасында мыңдаған шақырымға дейін көшіп-қонып жүрген көшпелі қауымдар үшін жерді, жайылымдарды жеке меншікке бөліп беру мүмкін емес те еді.

Қазақстан Ресей құрамына енгенге дейін жерге белгілі бір ақы төлеу белгілері болған жоқ, дегенмен, жер айналымын реттеудің үлкен тарихы бар. Ол кезеңдегі жер айналысының негізгі әсер етуші факторы қазақтардың көшпелі өмір сүруі болып табылды. Жер заңдық тұрғыдан рулар мен қауымдастықтардың ортақ меншігі деп есептелген. Шын мәнінде, жердің нағыз иегерлері билер және басқа да феодалдар болып табылды.

Социалистік кезең (1917-1990 жж.). Бұл кезеңде билік тек халыққа берілуі тиіс және жер тек халықтікі болуы тиіс және пайдалануы тегін болуы тиіс деген қағидалар қатаң ұсталды. Барлық жер аумағы мемлекеттің меншігінде болды. Жеке меншік толығымен жойылды.

Қазіргі кезеңде Қазақстан Республикасының жер қатынастарының нарық талаптарына сай дамуы орын алып отыр. Қазақстан Республикасы өзінің мемлекеттік егемендігін алғаннан бастап, өте қысқа уақыт аралығында жер қатынастары саласы көптеген өзгерістерге ұшырады, яғни, жаңа жер құқықтық құрылымы пайда болды. Жерге тек қана мемлекеттік меншік құқығы мен тегін жер пайдалану құқығының орнына, жерге мемлекеттік меншікпен қатар, жеке меншік құқығы да танылып, жерге ақы төлеу енгізілді және өзге де жер кұқықтық өзгерістері орын алды.

1991 жылы 28 маусымда Жер реформасы туралы заң қабылданды да, оның мақсаты жер қатынастарын қайта құру болды. Бұл заңның негізгі мақсаттары жерге иелік етудің әртүрлі нысанының нәтижелі әрекет етуіне құқықтық, экономикалық және осы негізде ауыл шаруашылық өнімдерін тұрақты өсіріп тұруға жету болып табылады.

Елімізде нарықтық қатынастардың кеңінен қанат жая алмай отыруына, бір жағынан, жер нарығының қалыптаспауы әсер етті. Сондықтан да, Қазақстан Республикасы Президентінің 1994 жылдың 24 қаңтарындағы «Жер қатынастарын реттеудегі кейбір мәселелер туралы» және 1994 жылдың 5 сәуірінде жарық көрген «Жер қатынастарын одан әрі жетілдіру туралы» Жарлықтарының жарық көруі біздің еліміздің тарихында бұрын-соңды болмаған нарықтың жаңа нышандарын енгізді. Мұның өзі, егер, сол кезеңде жер тек қана мемлекеттің меншігі болғанын ескерсек, төңкерістік сипаттағы кадам болды.

Жер қатынастарының одан әрі дамуы «Жер туралы» Жарлықта көрініс тапты. Аталған Жарлық азаматтар мен мемлекеттік емес заңды тұлғалардың жеке меншігінде өзінің мақсатына сәйкес, үйлер мен ғимараттарды қамтуға арналған жерлерді қоса алғанда, кұрылыс салуға берілген (берілетін) немесе өндірістік және өндірістік емес, оның ішінде, тұрғын үй-жайлар, үйлер, ғимараттар және олардың кешенді салынған жер учаскелері бола алатынын толық түрде заңдастырды.

Қазақстан Республикасының 1995 жылы 30 тамызда қабылданған Конституциясының жерге шекті нормадағы жеке меншік құқығын кіргізуге байланысты жерді пайдалану құқығының заңдық болмысы мен оның мазмұны түбегейлі өзгеріске ұшырады.

Жер құқығының жүйеленген қайнар көзі – 2003 жылғы 20 маусымда кабылданған Жер кодексі және жер заңнамасының жүйесін қалыптастыратын нормативтік-құқықтық актілердің жиынтығы. Жер құқық қатынастарын реттеу барысында басшылыққа алынатын кұқық қағидалары осы аталған заңнама жүйесінде тікелей көрініс тапқан. Жер құқығының дербес құқық саласы ретінде қызмет етуі – тұрақты даму жағдайында, жерді азаматтық айналымға енгізу жағдайында тұрған, қазіргі уақытта еліміздің жерін ұтымды пайдалану мен қорғауды қамтамасыз етудегі қоғамның мүдделілігін айқындайды.

Қазіргі жаһандану кезінде, адамзат табиғатқа араласу белсенділігін арттырған жағдайда, табиғи объектілерді және ерекше маңызға ие, ұзақ уақыт бойы қалпына келетін жер ресурстарын ұтымды пайдалану саласында жалпы жаһандық және ішкі мемлекеттік өзара келісілген шараларды калыптастыру қажет. Көптеген зерттеушілер осыған байланысты жердің ерекше маңыздылығын атап өткен.

Нарықтық экономикаға өтуге байланысты жерге әртүрлі меншік құқығының пайда болуы, жер пайдаланудың ақылылығы, жердің жылжымайтын мүлік ретінде мәртебесінің өзгеруі жер реформасын жүргізудің және жер қатынастарын қайта құрудың объективтік қажеттілігі ретінде танылады. Жер қатынастарын реформалау процесі ұзақ әрі күрделі және кезеңді дамуды талап ететін процесс болып табылады. Мемлекет Тәуелсіздігін алғаннан бастап жер қатынастары айтарлықтай өзгеріске ұшырады. Жер реформасы өзгеріске ұшырай отырып, өз алдына көптеген бағыттар мен мақсаттарды анықтады. Қазақстан Pecпубликасының егемендік алғаннан кейінгі жер қатынастары саласындағы қабылданған заңдарды саралай отырып, келесідей негізгі бағыттары мен мақсаттарын бөліп алуға болады:

жаңа жер құрылымына өту – жер пайдаланудың жаңа жүйесін құру мен қалыптастыру;

жер жылжымайтын мүлкіне құжаттарды рәсімдеу – заңды және жеке тұлғалардың жер учаскелеріне жер-кадастрлық істерін қалыптастыру;

мемлекеттік жер кадастрын құру және жүргізу;

жер нарықтық қатынастарын жетілдіру – жерге ақы төлеудің механизмін қалыптастыру;

жерге ақы төлеудің заңнамалық базасын және ғылыми-әдістемелік қамтамасыз етуді дайындау;

жер мониторингісін жүргізу, жерді пайдалану мен қорғауға мемлекеттік бақылау жасау;

жер пайдалану мен қорғаудың экономикалық тетіктерін енгізу және оларды тиімді қолдануды жетілдіру.

Жерге жеке меншік құқығы – жеке тұлғаның немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаның өзіне тиесілі жер учаскесін заңда көрсетілген шарттар мен шектерде иелену, пайдалану және билік құқығы болып танылады.

Қазақстанда жерге жеке меншік құқығы шектеулі нысанда жүзеге асырылады. Қазақстанның азаматтарына алты жағдайда ғана беріледі. Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес, ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлер келесі жағдайларда Қазақстан Республикасының азаматтарының жеке меншігінде болуы мүмкін:

шаруа және фермер қожалығын жүргізу үшін;

өзіндік қосалқы шаруашылық жүргізу үшін;

орман өсіру үшін;

жеке тұрғын үй құрылысы үшін;

саяжай құрылысы үшін;

үйлерді (құрылыстар мен ғимараттарды) олардың мақсатына сәйкес, қызмет көрсетуге арналған жерді қоса алғанда, өндірістік және өндірістік емес, оның ішінде, тұрғын үйлерді және олардың кешендерін салу үшін немесе олар салынған жер учаскелері.

Қазақстанның занды тұлғаларына үш жағдайда беріледі:

ауыл шаруашылық тауарлы өндірісін жүргізу үшін;

орман өсіру үшін;

үйлерді (кұрылыстар мен ғимараттарды) олардың мақсатына сәйкес, қызмет көрсетуге арналған жерді қоса алғанда, өндірістік және өндірістік емес, оның ішінде, тұрғын үйлерді және олардың кешендерін салу үшін немесе олар салынған жер учаскелері.

Шетелдік тұлғаларға бір ғана жағдайда беріледі. Үйлерді (құрылыстар мен ғимараттарды) олардың мақсатына сәйкес, қызмет көрсетуге арналған жерді қоса алғанда, өндірістік және өндірістік емес, оның ішінде, тұрғын үйлерді және олардың кешендерін салу үшін немесе олар салынған жер учаскелері.

Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 79-бап, 4 бөлімі, 2-тармақшасында былай белгіленген: ауыл шаруашылық саласының жерлері жеке үй (қосалқы) шаруашылығын, бақша отырғызу мен саяжай құрылыстарын дамыту үшін тек қана Қазақстан Республикасы азаматтарына жеке меншікке беріледі. Шетел азаматтарына және азаматтылығы жоқ тұлғаларға ауыл шаруашылық саласындағы жерлер тек қана уақытша пайдалануға 10 жылға дейінгі мерзімге жалға беріледі.

Жер учаскелерi Қазақстан Республикасының азаматтарына шаруа немесе фермер қожалығын жүргiзу үшiн жеке меншiк құқығымен немесе 49 жылға дейiнгi мерзiмге уақытша өтеулi жер пайдалану құқығымен, ал шалғайдағы мал шаруашылығын жүргiзу үшiн (маусымдық жайылымдар) осы Заңға және Қазақстан Республикасының жер заңдарына сәйкес уақытша өтеусiз жер пайдалану құқығымен берiледi.

Шаруа немесе фермер қожалығын жүргiзу үшiн ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесiне жеке меншiк құқығын беру ақылы негiзде жүзеге асырылады. Бұл ретте, Қазақстан Республикасының азаматтары жер учаскесiне жеке меншiк құқығын Қазақстан Республикасының жер заңдарына сәйкес айқындалатын оның кадастрлық (бағалау) құнына тең бағамен, не жеңiлдетiлген бағамен алуы мүмкiн.

Қазіргі кезде жер мәселесі халық арасында жиі көтерілуде. Әсіресе, шетелдіктерге жерді жалға беру мәселесіне қатысты көптеген ұсыныстар берілуде. Осыған байланысты Елбасы жер реформасы туралы комиссия құру жөніндегі шешім қабылдады, оның негiзгi мақсаты ретiнде халықпен санасуды, ұсыныстарды жинап, талқылау екенін айтты. Комиссия жұмысының қорытындысы Парламентке енгiзiлетiн болады. Әрбiр сұрақ бойынша жұмыс топтары құрылады. Келiсе отырып, бiр мәмiлеге келген кезде Парламентке өткiзіледі.

Комиссия құрамына ҚР Парламент Сенаты мен Мәжіліс депутаттары, Үкімет мүшелері, саяси партиялар мен агробизнес, салалық қауымдастықтар өкілдері, ғалымдар мен белсенділер енгізілді. Сонымен қатар, аймақтарды да жұмысқа тарту үшін комиссия құрамында қоғамдық кеңестер қатыстырылады.

Жер реформасы бойынша комиссия (бұдан әрі – Комиссия) қызметінің мақсаты – Қазақстан Республикасы Жер кодексінің нормаларын түсіндіру жұмысын ұйымдастыру және оны жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу болып табылады.

Комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің актілерін, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік-құқықтық актілерін және Ережені басшылыққа алады, сондай-ақ, өңірлердегі қоғамдық кеңестермен өзара іс-қимыл жасайды.

«Қазақстан Республикасы Жер кодексiнiң кейбiр нормаларының қолданысын және «Қазақстан Республикасының Жер кодексiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» 2015 жылғы 2 қарашадағы Қазақстан Республикасы заңының қолданысқа енгiзiлуiн тоқтата тұру туралы» заң жобасы жер заңнамасының кейбiр нормаларын қолдануға мораторий енгiзу туралы Президенттiң 2016 жылғы 6 мамырдағы Жарлығын қолдады.

Атап айтқанда, шетелдiктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдiк заңды тұлғаларға, сондай-ақ, жарғылық капиталындағы шетелдiктердiң, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдiк заңды тұлғалардың үлесi 50 пайыздан асатын заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге уақытша жер пайдалану құқығын беруге, сондай-ақ, ҚР азаматтарына және заңды тұлғаларына мемлекеттiк меншiктегi ауыл шаруашылығы жерiне жеке меншiк құқығын беруге байланысты нормалар уақытша қолданыстан алынады.

Заң жобасын талқылау барысында депутаттар бiрқатар ұсыныстар айтқан. Бiрақ, қоғамда қызу талқыға түскен бұл түйiндi мәселенi ойластыра келе, Жер реформасы жөнiндегi комиссия жұмысын аяқтағаннан кейiн ғана Жер кодексiне өзгерiстер енгiзу туралы шешім қабылданады.

Айта кетейiк, Президент Жер кодексiнiң қоғамдық резонанс тудырған бiрқатар нормаларына 2017 жылға дейін мораторий жариялаған едi. Нұрсұлтан Назарбаев кең көлемді түсіндіру шараларын жүргізіп, бұл жұмысқа бүкіл партиялар мен қоғамдық ұйымдарды тартып, жер мәселесі бойынша өз позициясын білдірген барлық азаматтарды диалогқа шақыруды тапсырды. Жер реформасы туралы комиссияның жұмысы жалғасуда.

Айтқұл ҚОСЖАНОВ,

ҚҚЭУ Жалпықұқық және арнайы

пәндер кафедрасының профессоры.

Рахметолла КӨПБОЛОВ,

Экономикалық қатынастарды

құқықтық реттеу кафедрасының

аға оқытушысы, құқық магистрі.

Гүлдана ҚАРЖАСОВА,

Жалпықұқық және арнайы пәндер

кафедрасының меңгерушісі,

PhD докторы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button