Жаңалықтар

Жекешелендіру: екінші толқынның екпіні қандай?

Жақында өткен өңірлік коммуникациялар орталығындағы брифингте 2016-2020 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспарының орындалу барысы қозғалды. Ол туралы облыстың мемлекеттік активтер және сатып алу бойынша басқармасының басшысы Мұрат КАДЕКОВ баяндады.

Кезең-кезеңімен жүзеге асырылу жоспарланған жекешелендірудің екінші толқынына облыстан 43 ұйым кіреді. Биылғы жылға – 15 нысан. Үшеуі облыстық, қалғандары қалалар мен аудандар бойынша нысандар. Оның ішінде, «Сарыарқа» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының еншілес бір ұйымы болса, бірі – Жезқазған қаласындағы «Дидар» телеарнасы. Бұдан бөлек саудаға қойылған нысандардың екеуі сатылып кеткен.

Жекешелендірудің бірінші кезең­ін­де сатылған үш ұйым – тілдерді оқыту орталығы, «Жаңаарқа-Көркем» ЖШС және «Жолаушылар көлігін басқару орталығы» ЖШС бағыты бойынша жұмыстарын жалғас­тыруда. Ал, сатылмаған нысандар жекеше­лендірудің 2016-2020 жылдар­дағы жоспарына енгізілді,– деді басқарма басшысы М.Кадеков.

Жекешелендіру құрылған арнайы комиссияның ұйымдастырумен мемлекеттік мүлік реестрінде электронды түрде жүргізіледі. Баяндамашының айтуынша, мемлекеттік мекемелер тек тендер арқылы сатылады. Нысан бірінші реттен сатылмаса, екінші және үшінші сатылымда бастапқы құнының жарты пайызы көлемінде бағаланады. Үшінші ретінде де сатып алушы табылмаса, нысан таратылуға жіберіледі.

2020 жылы аймақтың ірі төрт спорт клубы жекешелендіруге жатады. Бұл жайлы брифингке қатысқан облыстың дене тәрбиесі және спорт басқармасы басшысының орынбасары Рүстем Қожабеков мәлімдеді.

Қазіргі күні кәсіби спорт мемлекет қаржыландыруына қарап отыр. Бірақ, бұл үдерістен шығатын уақыт келді. Алматылық «Қайрат» футбол клубы жекешеленіп, жұмысын жалғастыруда. «Шахтердің» атақ-даңқы аз емес. 2020 жылға қарай «Шахтерді» де сатып алушылар болады деп сенеміз. Биылғы жылы «Шахтер» футбол клубы мен «Сарыарқа» хоккей клубының әрқайсына жергілікті бюджеттен 2 млрд. теңге көлемінде қаражат бөлінген,– деді ол.

Басқарма басшысы 2018 жылға қарай дүниежүзілік дағдарыс аяқталса, спорт клубтарын қазақстандық болсын, шетелдік болсын әлеуетті сатып алушылар табылады деп үміттенетінін жасырмады. Қалай дегенмен, дәл бүгінгі күні біздің кәсіпкерлеріміздің тарапынан ондай бастама байқалмайды.

Әрине, спорттық нысандар кәсіп­керлер үшін тартымды. Себебі, футбол қашанда табыс көзі,– деді брифингке қатысқан облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Геннадий Жмук. – Дегенмен, «Шахтерді» сатып алушы жоқ. 2020 жылға қарай шетелдік инвестор табылып қалар. Бірақ, олар да қазіргі таңда шаралардың ашық өткізілмеуі, тұрақсыздық жағдайларына байланыс­ты қашқақтап отыр.

Жансая ОМАРБЕКОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button