Жазушының даласы

Не жазса да, классикалық канонда жазатын Өмір КӘРІП ағамыздың жақында ғана «Палитра Пресс» баспасынан шыққан «Дала сыры» кітабы қолымызға тиіп, бір жасап қалған жайымыз бар. Бастысы жазушылық кеңістігінен айнымаған. Өз даласы бар. Сайын даласы. Анау-мынау емес, ұлы даласы. Кітапқа сол даласының қатпарлы тарихын моншақтап түсіріп, ешкімнің тауын аласартпай-ақ шығанға шыққан.

 

Құнығып оқыдық. Қайталап оқыдық. Біреудің даласы екінші біреуге осыншалықты қызық болады деп ойламаған екенмін.

Нән, кірпіш кітапты кез келген бетінен бастап оқи беруге болады. Өйткені, кітаптың құрылысы солай құрылған. Жазбалары бәленбай бет болып жатып алмайды.

Сонымен жазушының даласы не дейді?

Бетпақдала осында. Ақдала осында. Тайатқаншұнақ та осында. Шөладыр да осында.

Дала төсіндегі оймақтай болып аударылып қалған тау шіркін де баршылық екен. Толағай, Ақтау, Сарытау, Ортау, Қызылтау, Өгізтау, Айыртау, Ойрантау, Тағылы, Айғырұшқан, Үйректау… Бұл таулардың біреуін көрсек, біреуін көрмеген болармыз. Өйткені, бұл таулардың барлығы да Арқаның жер бауырлаған жатаған таулары. Ел көзіне түсе бермейді.

Есесіне атаулары ел есінде жүреді. Себеп жеткілікті. Жауыр тартқан бұл таулардың барлығы да жамбастарына жер тарихын, ел тарихын басып жатыр. Содан саумалдап тарих тарту қылдан қылшық суырғанмен бірдей-ау. Бұған төзім керек. Бұған уақыт керек. Есі кіргенннен ел, жер тарихын тірнектеп жинаған дүниесі. Өзінің көзімен көргені, қолымен ұстағаны. Қалды атасының,  қалды әкесінің, қалды замандастарының берген куәліктері, естеліктері. Әпсана қатары тереңге тартады, аңыздар ғасырлар қойнауына енгізеді.

Ел жадынан шыға бастаған әпсаналарды қайтып тірілту, ғасырлар қойнауында қалған аңыздарды қайтып ғасырлар көшіне қосу – екінің бірінің қолынан келмейтін дүние. Өмір ағамыздың қолынан осы келген. Келгені сол, қазір соны өзіміз айтып жүрміз…

Байқап отырғанымыздай, бұл атыраптардың барлығы да өзіміздің мынау Жаңаарқа, Ақадыр, Шет аумақтарының пұшпақтары. Демек, әңгіме осы үш аймақтың кешегісі, бүгінгісі туралы. Осы елдің атпал азаматтары туралы.

Сартбас ақынды ел білсе керек. Ал, Сартбастың бидайығын біле ме? Ал, Ақадыр өңіріндегі Шынанның бидайығы туралы не айтасыз?

Толағай атауы да елге жақсы таныс. Қазақ жұртындағы үш Толағайдың екеуі осы Жаңаарқа мен Шет топырағында десек, не айтар едіңіз?

Жазушының бір жазбасы «Сейдімбектің көңі» деп аталады. Ішіңіз сезіп қояды. Әңгіменің не жайында екені туралы. Турасын айтсақ, осы жазбадан Өмір ағамыздың қазақтың Ахаңы – Ақселеуге деген махаббатын танимыз, сағынышын аңдаймыз. Текті топырақ екенін жазбай танытады. Ахаңдай ұлы тұлғаны берген сол көңнің тусырап қалғаны болмаса, талай көшелі ұланды беретініне сенеміз. Жазушы қаламы бізді соған сендіреді.

Сырт жұрт бұл кісілерді «Шеттің Шолоховтары» дейді. Кәмел Жүністегі мен Өмір Кәріп ағаларымызды. Кәмел ағамыз былтыр 80 деген атаулы жасына келіп, кереқарыс кітап шығарды. Өмір ағамыз да биыл 80 деген жасын еңсермек. Бұл кірпіш кітабы, бұл шығармасы сол атаулы күні алдында беріп отырған азаматтық, жазушылық есебі деп қабылдадық.

Сөз жоқ, бұл туынды кітап сөресінде жатып қалмайды деп сенеміз. Шын мәнісінде оқырманын тапса, жұмыс столында жататын кітап…

Төрехан МАЙБАС,

жазушы.