Ұлы Жеңіске - 75 жыл

Жауынгерлер әулеті

Адамзат тарихы өзінің ауқымы мен ауыртпашылығы, қаружарақпен жеткілікті жабдықталуы, құрбан болғандардың саны жөнінен Ұлы Отан соғысына тең келетін сұрапылды білген емес. Фашист басқыншылары халықты аяусыз қырды. Кеңес Одағының азаматтары өз Отанын қорғау жолында теңдессіз ерлік үлгілерін көрсетті. Соғыстан асқан кесапат жоқ. Соғыс – ажал араны, қантөгіс, қайғы-қасірет…


Сол сұрапыл жылдары қаншама азамат жер құшты, қаншама бала әкесінен, қаншама ана баласынан, қаншама үй тірегінен айырылды, десеңізші! Ауылдан сән, өмірден мән кетіп, дүние сұрықсыз түрге енді. Қан майданның қасіреті біздің әулетті де айналып өтпепті. Бір отбасынан ағайынды бірнеше азамат соғысқа аттанды. Олар атам Тельманның туған ағалары – Қабікен, Қалел, Ақмағанбет. Бұлардан бөлек, немере ағасынан туған Мұхамедия Нұрбеков пен нағашысы Ахмедия Нұрпейісов те қару асыныпты. Өкінішке орай, Қалел, Қабікен аталарым жайлы естеліктер сақтала қоймаған. Бұл кісілер туралы деректер Қарағанды облысы бойынша шығарылған «Боздақтар» атты жинақта жарияланған.

***

Қали (азан шақырылып қойылған аты – Қалел) атам 1907 жылы Қарағанды облысы, Нұра ауданы, Захаровка селосында (қазіргі Ақмешіт ауылы) туған. Ауылда кілтші болып жұмыс істеген. 1941 жылы әскер қатарына шақырылып, Ленинград шайқасында болған. Елден бірге барып, соғыстан аман қайтқандардың айтуынша, ұрыс кезінде ол кісі жамбасынан қатты жараланып, окопқа құлап түскенін көрген. Алайда, ешкімнің көмектесуге мұршасы келмей, еріксіз шегінуге мәжбүр болған. Содан кейін хабар-ошар болмаған. Дерекке сүйенсек, 1943 жылдың 9 қыркүйегінде қаза табады. Ленинград облысы, Лычков ауданындағы Семеновщина селосында жерленген.
Қабікен атам жауды Орел қаласында қарсы алған екен. Ол кісі 1924 жылы Нұра ауданында туған. Колхоздың қатардағы жұмысшысы болған. Соғыс басталғанда небары 17-18 жас шамасында екен. Курск бағытындағы әскер құрамында болып, Орел-Курск-Белгород шайқасына қатысқан. Жас жігіт соғыстың алғашқы жылдарында қаза табады. Курск доғасында (Курская дуга) жерленген. Бір-екі рет хат келгеннен кейін хабар-ошарсыз кеткен. Өзімен соғысқа бірге аттанған үш жолдасы Осан, Бәйкіш және Қапшан елге аман-есен оралады.

***

Ал, Ақмағанбет атам 1911 жылы Нұра ауданы, Молотов колхозының Итіке ауылында дүниеге келген. 1939 жылы Фин соғысына қатысады, одан оралған соң, бір жылға жетпей, Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанады. 1941 жылы маусым-шілде айларында қысқа мерзімді офицерлер даярлайтын курсты аяқтап, Ленинград майданына байланыс қызметіне жіберіледі. 1942 жылы Лениград қоршауы тұйықталмай тұрып, қатты жараланып, тылдағы қалалардың бірінде бірнеше ай емделеді. Содан қатарға қайта қосылады. Ленинград қоршауында басынан аяғына дейін, яғни, 900 күн және түн болған екен. Соғысты Польша аумағында аға лейтенант шенінде аяқтайды. Елге 1946 жылы ғана оралады.
Соғыстан кейін Отанына адал қызмет етті. Ұзақ жылдар бала тәрбиесіне араласып, балаларға тәлімтәрбие берді. Мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Бірнеше жыл мектеп директоры болды. Сол қызметтен зейнет демалысына шықты. 1967 жылы дүниеден озды.
Атамның майдан өтінде жүріп алған «Қызыл Жұлдыз» ордені, «Ерлігі үшін» медалі және басқа да марапаттары әлі де сақтаулы.

***

Майдангер аталарымның бірі – Мұхамедия 1922 жылы 1 қаңтарда Нұра ауданында туған. 1940 жылы әскерге алынып, соғыс басталғанда Кеңес Одағына Жапония соғыс ашуы мүмкін деген есеппен ол кісі қызмет атқаратын әскери құраманы Қиыр Шығысқа жібереді. Сол жақта бес жыл болады. Кейін неміс басқыншылары тізе бүккеннен кейін, Жапониямен арадағы соғысқа қатысады. Оларды жеңген соң ғана елге оралады. Атам «Ұлы Отан соғысы» орденімен және алты медальмен марапатталған.
Кіші лейтенант шені болғандықтан, соғыстан кейін комендатурада қызмет істейді. Одан аудандық ішкі істер бөліміне жіберіліп, отыз жылдан астам милицияның учаскелік өкілі болды. 1976 жылы зейнетке шығады. Мұхамедия атам 1985 жылы өмірден озды.

***

Ахмедия Нұрпейісов, шамамен, 1909 жылы туған. 1942 жылы Успенка қаласында алтын дүкенінің сатушысы болып жұмыс істеп жүргенде соғысқа алынған. Орел қаласы маңында соғысқа қатысқан. Орел-Курск-Белгород қоршауындағы шайқаста болғаны жайлы бір-екі хатында баяндайды. Үшіншіде ауылға «қара қағаз» келген.

***

Мен соғысты көрген жоқпын. Алайда, өздерінен кейінгілерге бүгінгідей бейбіт заманды сыйлаған жауынгер аталарым шыққан үлкен әулеттің ұрпағы екенімді мақтан етемін.

Тоғжан ТЕЛЬМАН,
С.Асфендияров атындағы Ұлттық медицина университетінің 4 курс студенті.

Басқа материалдар

Back to top button