Басты тақырып

«Жасыл экономика»: ұтымды экономика

Қуат көзінің балама түріне ден қойған әлемдік қауымдастық қазір Қазақстанға көз тігіп отыр. Дәлірек айтқанда, Қазақстанның бұл бағыттағы нысаналы жобасына. Ол – елде келесі жылы миллиондаған қонақтарды қабылдайтын «Болашақ энергиясы» атанған «ЭКСПО – 2017» көрмесі. «Жасыл экономиканы» негіз етіп алған көрмеден әлем зор үміт күтеді. Ол бүгінде дүние жүзінде өзекті мәселеге айналған қалпына келтірілетін қуат көзінің озық жобаларын жария ететін алаң дегенге бек сенімді. Жер шары – жасыл экономикаға бет бұрды.

Қазақстанның «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдамасында – бұл бағыт халықтың өмір сүру деңгейін көтеретін, қазіргі және болашақ ұрпақтың мүддесі, елдің қабылдаған халықаралық экологиялық міндеттемелерін қамтамасыз ету ретінде айқындалады. Соның ішінде, Рио-де-Жанейро қағидаттарына, Йоханнесбург жоспарына және Мыңжылдықтар декларациясына сәйкес табиғи ресурстарды ұқыпты, әрі ұтымды пайдаланылатын экономика делінген. Бұған қоса, «Жасыл экономика» еліміздің орнықты дамуын қамтамасыз етудің маңызды құралдарының бірі екендігіне басымдық берілді.

Сарапшылардың айтуынша, «жасылдану» Қазақстанның әлемнің неғұрлым дамыған 30 елінің қатарына кіру мақсатына жетуге септігін тигізеді. Талдаудың нәтижесі 2050 жылға қарай «жасыл экономика» шеңберіндегі жаңартулар ЖІӨ-ні 3 пайызға қосымша ұлғайтып, 500 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құруға, өнеркәсіп пен қызмет көрсетулердің жаңа салаларын қалыптастыруға, халық үшін сапалы өмір сүру стандарттарын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін дәлелдеуде.

Деректерге үңілсек, бүгінгі таңда Қазақстанда «Жасыл экономикаға» көшудің алғышарттары әбден пісіп-жетілген. Сарапшылардың сөзінше, негізгі секторлардың барлығында ресурстарды пайдалану тиімсіздігі орын алған. Бұл болса, экономика үшін жыл сайын 4-8 млрд. АҚШ доллары көлемінде қолдан сусып шығып жатқан пайда дейді. Көрсеткіш мұнымен шектелмейді. Мәселен, аталған деректер 2030 жылға қарай 14 млрд. АҚШ долларын құрауы мүмкін. Сондықтан, осы орайда, энергия тұтынуды үнемдеу әлеуеті жылына 3-4 млрд. АҚШ долларына жетсе, 2030 жылға қарай жылына 6-10 млрд. АҚШ долларына дейін өсуі мүмкін деген дерек бар.

Яғни, уақыттың өзі талап еткен «Жасыл экономиканың» маңызы зор. Өңірлік дамуды ынталандырып, «жасыл экономика» секторларында жаңа жұмыс орындарын құру есебінен әлеуметтік орнықтылыққа, экономикалық әлеуетті ұлғайтуға ықпал ететінін әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Мысалы, Бразилияда топырақты күтіп ұстаудың, ауыл шаруашылығы өнімдерін жинаудың және жеткізу тізбегін басқарудың жетілдірілген жүйесі есебінен ауыл шаруашылығы жерлерін қалпына келтіру жүргізіліпті. Немістің Дортмунд қаласы көмір индустриясы орталығынан «Үшінші индустриялық төңкеріс» инфрақұрылымы бар жаңа «жасыл» сектор орталығына айналған көрінеді.

Сондықтан да, Үкімет ел алдына нақты міндеттер қойғаны мәлім. Атап айтқанда, экономиканың жасыл бағытына көшуде алдағы жиырма жылдықта Қазақстанда инфрақұрылымды жаңарту және дамыту міндетін қойды. Сонымен қатар, ғимараттардың 55 пайызын мен электр станцияларының 40 пайызын 2030 жылға қарай жаңадан салуды көздейді.

Электр қуатын өндіруде қалпына келтірілетін және шығынсыз тәсілдерін ұсынды. Мәселен, электр энергетикасында баламалы және жаңартылатын электр энергиясының үлесі 2050 жылға қарай 50 пайызға жетуге тиіс деп бағдар белгіленді.

Бұған қоса, энергия тиімділігін 2020 жылға қарай 25 пайызға азайту жөніндегі міндеті айқындалды. Сонымен қатар, су ресурстары бойынша 2020 жылға қарай халықты ауыз сумен қамтамасыз ету және 2040 жылға қарай ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз ету проблемаларын шешу, ауыл шаруашылығы алқаптарының өнімділігін 1,5 есе көтеру межесі нақтыланған болатын.

Сөйтіп, «Жасыл экономикаға» көшудің негізі бекем жасалды. Бұл орайда ілкімді шаралар мен жобалар жүзеге асырылуда. Алдағы жылы елорда төрінде өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі «Жасыл экономиканы» жетілдіре түсеріне сенім зор. «Болашақ энергиясының» батыл жобалары тоғысатын көрме Қазақстанның экономикасына тың жаңалықтар әкелмекші.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА

Басқа материалдар

Бір пікір

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button