Жастар кадрлық резерві – ел ертеңі

Қарағанды облысы әкімдігінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті аймақтың белсенді жастарымен кездесу өткізді. Шараға қатысқан Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясы Қарағанды облысы бойынша филиалының директоры Азамат Жолманов жас мамандарға жастар кадрлық резервіне өтуге қалай қатысуға болатынын туралы айтып берді.

Кездесудің басты мақсаты – Президенттік жастар кадрлық резервін қалыптастыру туралы жастарға толық мәлімет беру.
Президентіміз мемлекеттік қызметке дайындықтан өткен жас кадрларды тартуды тапсырды. Елімізде алғаш рет резерв қалыптастырылмақ. Бұл жоба жас кадрларға әлеуметтік саты болуымен қатар, дарынды және неғұрлым даярланған жастарға мемлекеттік басқару және квазимемлекеттік сектор жүйесінде басшылық қызметтер атқаруға мүмкіндік береді.
Іріктеуге қатысуға өтініш қабылдау 1 қыркүйекте басталған және айдың соңына дейін жалғаспақ. Өтінімді РКRezerv.kz онлайн-платформасында беруге болады.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің сайттарында және платформада ашықтықты қамтамасыз ету үшін РКRezerv.kz азаматтарға іріктеудің әр қатысушысы туралы ақпарат пен келесі кезеңге көшкендердің тізімін қолжетімді етпек.
Конкурсқа 35 жастан аспаған, жоғары білімді және жалпы еңбек өтілі 5 жылдан кем болмайтын еліміздің кез келген азаматы қатыса алады.
Бүгінгі таңда келіп түскен 5 200-ден астам өтінімнің 672-і қарастырылып, іріктеудің келесі кезеңіне өтті. Резервке үміткерлердің барлығы іріктеудің 6 кезеңінен өтуі тиіс: қабілеттерін тестілеуден өткізу, жобаларды таныстыру, эссе жазу және тағы басқа. Құзыреттілікті бағалауды сарапшылар AssesmentCenter әдісі бойынша жүзеге асырады. Қорытынды кезең – сараптамалық комиссия мүшелерімен әңгімелесу.
Барлық кезеңдерде әділдікке кепілдік беріліп, аудио және бейнежазба жүргізіледі. Бағалау кезеңіне салалық сарапшылар жұмылдырылмақ.
Резервке енгізілгендер Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясында арнайы әзірленген қысқа мерзімді білім беру бағдарламалары бойынша оқудан өтеді.

Мен осы Президенттік жастар кадрлық резервке өткім келеді. Өйткені, бұл мен үшін таптырмас мүмкіндік. Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының түлегімін, мамандығым – театр сыншысы. Еңбек өтілім 1 жылға жуық, бұл аз, әрине. Егер, бұл жоба тағы 5 жылдан кейін өз күшінде болса, ойланбай қатысар едім, – деді Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі Алтынай Қуанышбекова.

Жәлел ШАЛҚАР.