Жандос Сәрсенов: «Міндетіміз — мемлекеттік қызметшіні әлеуметтік қорғау»

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы Жандос СӘРСЕНОВ осылай дейді. Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби мерекесі қарсаңында департамент басшысымен сұхбаттасқан едік…

 

– Жандос Шералыұлы, әңгімені әуелі департамент қызметкерлерінің киім үлгісінен бастасақ…

– Иә, біздің ұжым елде алғашқылардың бірі болып, киім үлгісіне ұлттық нақыш енгізді. Мұны зор мақтанышпен айта аламыз. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында ұлттық құндылықтарымызды әспеттеу мәселесі көтерілген. Сұхбатты осы тақырыптан бастап өрбіткеніміз де заңды. Себебі, әрбір мемлекеттік қызметшінің бойында, ең алдымен, елге, жерге, халқымызға деген сүйіспеншілігі ерекше болуы тиіс.

Департамент қызметкерлерімен ақылдаса келіп, күнделікті қызметтік киімдерімізді ұлттық оюмен өрнектеу туралы ортақ шешімге келдік.

– Бәрекелді! Демек, әрбір шешімнің астарында елдіктің мақсаты бар дейсіз ғой?

– Әрине, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, сәйкесінше, департаментіміздің жұмысы мемлекеттік бағдарламалар аясында жүзеге асады. Мемлекеттік саясаттың оңды жүргізілуіне мүдделіміз. Мұндағы мақсат – халықтың, мемлекеттің қазынасын еселеу.

– Мәселен?

– Президенттің «100 нақты қадам» ұлт жоспарында кәсіби мемлекеттік аппарат құру міндеті кеңінен қамтылды. Бұл дегеніңіз, мемлекеттік қызметшінің иммиджін көтеру, халықтың мемлекеттік қызметшілерге деген сенімін арттыру. Ең бастысы, қоғамда ашықтықты қамтамасыз ету, жемқорлық деген жегі құрттың тамырына балта шабу. Халыққа ұсынылатын мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру. Елдің әлемдік аренадағы беделі де осындай критериилер бойынша бағаланса керек.

Осы жолда мемлекеттік қызметшілердің еңбегін ерекше атап өту қажет. Ал, біздің міндетіміз – мемлекеттік қызметшілерді әлеуметтік тұрғыдан қорғау. Бірақ, өздері кейде әдеп бұзып жатады.

– Мемлекеттік қызметшінің иммиджі туралы сөз қозғадыңыз. Оның бір қыры халық арасында мемлекеттік қызметке орналасуға деген қызығушылықпен астасып жатыр емес пе?

 – Менің байқауымша, мемлекеттік қызметке орналасуға, әсіресе, жастар арасында қызығушылық басым. Сондай-ақ, жеке секторлардан, басшылық қызметтерден де кетіп, мемлекеттік қызметке орналасуға құлшынысы бар азаматтарды көзіміз көріп жүр. Әттегені, еңбекақысының төмендігі, үлкен жауапкершілікті арқалау сияқты мәселелерге келгенде кейбір азаматтардың тосылып қалатыны бар. Нәтижесінде, олар мемлекеттік қызметпен қош айтысып, басқа салаға арнасын бұрып жатады. Дегенмен, мемлекеттік қызметтегі вакансиялар көрсеткішінде айтарлықтай өзгеріс жоқ сияқты.

– Цифрларды сөйлетсеңіз…

– Штат бойынша, мемлекеттік қызметшілердің облыстағы саны 7337-ге тең. Жыл басындағы дерекке сүйенсек, аймақта 6624 мемлекеттік қызметші бар. Соның 231-і – зейнет жасына келіп қалғандар. 713 орын бос тұр.

 – Бұл санаттағы нәзік жандардың қатары қандай?

– Облыстағы мемлекеттік қызметшілердің 4225-і – әйел адамдар.

 – Жастардың үлесі?

 – Өңіріміздегі мемлекеттік қызметшілер арасындағы 30 жасқа дейінгілер саны – 1652 адам.

 – Нарық заманы болғандықтан, осы тұста еңбекақы мәселесін сөз етпей кеткеніміз қисынсыз болар?

 – Әзірге мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысы жоғары деп айта алмаймыз. Мөлшері еңбек өтіліне, қызметіне, лауазымына байланысты анықталады.

– Ауылдық жерлердегі мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысы қандай?

– Ауылдағы бас мамандар 62 000 теңге еңбекақы алса, 20 жылдан астық еңбек өтілі бар мамандарға 84 000 теңге көлемінде еңбекақы төленеді.

– Демек, мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысын көтеру туралы бастамаларға тоқталсаңыз…

– Агенттік төрағасы мәлімдегендей, алдағы уақытта мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысы 2-2,5 есеге артпақ. Жаңа механизм бойынша бонустық блок іске қосылмақ.

– Яғни?

– Бонустық блок мемлекеттік қызметшілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға сеп. Ол жыл қорытындысы бойынша төленеді.

– Кімдерге төленеді?

– Бонус мемлекеттік мекеменің стратегиялық мақсатына үлес қосқан, жаңашыл, бастамашыл қызметшілерге төленеді.

 – Оның көлемі қандай болмақ?

– Болжам бойынша, бонус көлемі 2-2,5 миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін.

– Қомақты қаражат екен…

– Иә, жаңа бастама мемлекеттік қызметшілерге үлкен серпін беретіні сөзсіз. Мысалға, бонустың аталған мөлшері баспана алуға қажетті алғашқы жарнаға да жеткілікті. Бұл, әсіресе, баспанасыз жүрген мемлекеттік қызметшілердің көңіліне сәуле орнатады. Сондай-ақ, икемді жұмыс кестесін енгізу мәселесі де агенттік деңгейінде талқыға түсіп жатыр.

 – Сұхбат барысында, өкінішке орай, мемлекеттік қызметшілер арасындағы жемқорлық мәселесі туралы да бір-екі ауыз сөз айтсаңыз…

 – Қоғамның дертіне айналған бұл мәселемен күрес күн санап екпіндеп келеді. Нәтиже бар. Жаңа Стратегия қабылданып, жұмыс жүйелі жолға қойылды. Еліміз жемқорлықсыз қоғам төңірегіндегі әлемдік рейтингте 9 орынға көтерілді. Департамент жанынан Арнайы мониторингтік топ құрылды. Оның құрамында қоғамның белсенді мүшелері бар. Біз жемқорлықты азаматтардың белсенділігі арқылы жеңе аламыз. Тамырын тереңге жайған жемқорлықпен күреске әркім ат салысуы қажет. Тұрмыстық коррупциядан арылу керек.

– Жалпы, жемқорлық қай салаларда өршіп тұр?

– 2017 жылдың көрсеткіші бойынша, жемқорлық әрекеті үшін 45 мемлекеттік қызметші істі болған. Олардың 21-і – ішкі істер органдарының қызметшілері. Бұлардың көшін білім саласының мамандары жалғап, 9 адам сотталды.

– Жемқорлық деген жегі құртпен санасы уланбаған ұрпақ тәрбиелеу мақсатында қандай жұмыстар жүргізілуде?

– Мектеп оқушыларына арналған «Адал ұрпақ» және студенттерге арналған «Саналы ұрпақ» жобалары жүйелі қолға алынды. Әрқайсының да арқалаған жүгі ауыр.

Қарағанды жастарының мемлекеттік қызмет мектебі де жемісті қызмет атқарып келеді. Облыстың жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасымен бірлесе жүзеге асырып жатқан жұмыстар аясында ұл-қыздар тағылымдамадан өтіп, арнайы сертификаттарға ие болады.

– Биыл – мемлекеттік қызмет саласындағы уәкілетті органның 20 жылдығы. Атаулы датаға орай, қандай шаралар жүргізіп жатырсыздар?

 – Департамент Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, көмекке мұқтаж аналар мен балаларға көмек көрсетуде. Жуырда көше тазалығын қамтамасыз ететін жұмыскерлерге ыстық тамақ ұсындық. Мүмкіндігі шектеулі жандар да назардан тыс қалған емес. Жуырда ғана қайырымдылық марафонын ұйымдастырдық.

– Тағы да қандай игі бастамаларыңыз бар?

 – Жеңіс саябағында Мемлекеттік қызметшілер аллеясын аштық. Мұны туған жерге деген құрмет пен қоршаған ортаны қорғауға қосқан үлесіміз деп білеміз.

Департамент қызметкерлері салауатты өмір салтын да қолдайды. Ұжымның шағын футбол командасы бар. Әріптестеріміз жұмыстан тыс уақытта дене шынықтыру жұмыстарымен жүйелі шұғылданады.

 – Сұхбатымыздың басында ұлттық мүдде, рухани жаңғыру мәселесін қозғадық. Мемлекеттік қызметшілерге мемлекеттік тілді білу мәселесі төңірегінде қандай да бір талап қоясыз ба, сөз соңында соны айтсаңыз…

– Әрине. Ақын Қадыр Мырза-Әлінің «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген қанатты сөзі әрбір мемлекеттік қызметшінің жүрегінде болуы тиіс. Департаменттегі жас мамандарға да үнемі осыны айтамын. Мемлекеттік қызметшілердің де «құлағына – алтын сырға». Халыққа қызмет қылу жолында адалдық, ашықтық керек. Мемлекеттік қызметші сонда ғана абырой биігінен көрінеді.

 – Істеріңізге сәттілік тілейміз!

Сұхбаттасқан Қуаныш АМАНҚҰЛОВ.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.