Жаман ауру жас талғамай тұр

Бүгінгі таңда қатерлі ісікті емдеу, неғұрлым ерте анықтау мен алдын алудың заманауи тәсілдерінің нәтижесінде науқастың жазылып кету мүмкіндігі жоғары. Жаман аурудың алдын алудың ең тиімді тәсілі – халықты профилактикалық медициналық тексеруден өткізу болып табылады. «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасымен біріктіре қолға алынған Қазақстан Республикасындағы онкологиялық көмекті дамытудың 2012-2016 жылдарға арналған бағдарламасы осы профилактикалық шараларға баса назар аудартты. Осыған орай, облыстық онкологиялық диспансері директорының амбулаторлық-емхана жұмысы бойынша орынбасары Ернар ЕРМЕКБАЕВПЕН жүргізген сұхбатымыздың өзегі – бағдарламаның барысы болды.

Аталмыш бағдарламаны жүзеге асырудың биыл – соңғы жылы. Онкология саласында осы уақыт аралығында қандай шаралар жүзеге асты?

Онкологиялық көмекті дамыту бағдарламасы аясында балалар онкологиясы мен гемотологиясы, клиникалық морфология мен онкоцитология, жоғары технологиялық сәулелік терапия, ядролық медицина, радиохирургия мен брахитерапия мамандарын даярлауға мән берілді. Бізде бұл мамандар тапшы. Шетелге барып, тәжірибе алмасып, білімін жетілдіріп келуге жағдай жасалған.

Бағдарлама аясында респуб­ли­кадағы онкологиялық диспансер­лер заманауи құрылғылармен жабдық­талды. Оның ішінде, біздің мекеме де компьютерлік және магнитті-резо­нанстық томографтар, сандық маммографтар мен рентген аппараттарымен қамтамасыз етілген. Заманауи әдіспен күніне 20-дан астам ота жасалады. Төрт хирургиялық, екі радиологиялық бө­лім бар. Сонымен қатар, химиятерапия және ота жасалғаннан кейінгі оң­алту-емдеу бөлімдері жұмыс жасайды.

Жаман ауру жағадан алмай тұрғанда анықтап, емге көнетін уақытында құлан-таза айығып шығуға скринингтік тексерулердің нәтижесі зор екені белгілі. Осы жөнінде айтып өтсеңіз…

Скринингтік тексерулер алты бағыт – жатыр мойны, сүт бездері ісігін, колоректальді, асқазан мен өңеш, бауыр, қуықалды безі ісіктерін анықтау бойынша жүргізіледі. Әр бағыт бойынша зерттеу жұмыстары әртүрлі жүргізіледі әрі тексерілу уақыты да бөлек. Жаңадан тіркелген науқастардың тең жарымы дәл осы әдіспен анықталады деуге болады.

Бүгінгі таңда облыс бойынша онкологиялық сырқатқа шалдыққан 19 160 адам есепте тұр. Оның 2 388-і биылғы жылдың үлесінде. Диспансерде 270 орын тәулік бойы жататындарға, ал, 60 орын күндізгі стационарда қаралатындарға арналған. Бұдан бөлек, Жезқазған қаласының ауруханасында 28 тәуліктік, 5 күндізгі стационарға арналған орын бар. Стационарлық және амбулаторлық деңгейде дәрілермен қамтамасыз ету мәселесі де назардан тыс қалмайды. 

Бағдарлама аясында жүзеге асқан жаңа жобалар бар ма?

Қазіргі таңда Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты жалпы практика дәрігерлері, учаскелік терапевтер мен педиатрларға арналған семинар ұйымдастыруда. Шара онкологиялық ауруларды анықтауға дер кезінде ден қоюды мақсат етеді. Әдетте онкологиялық ауруларды көбіне онколог маман емес жергілікті емхана, ауруханалардағы терапевт, жалпы практика дәрігерлері анықтайды. Себебі, адамдар әуелі сол емдеу мемекелеріне жүгінеді. Осыны ескере отырып, еліміз былтырдан бері бас және мойын зерттеулерінің еуропалық апталығына қатысып келеді. Бас және мойын қатерлі ісігі таралуы жағынан алтыншы орында болғанымен, өлім-жітім 50-%-ды құрайды. Яғни, ауру асқынған үшінші не төртінші сатысында бір-ақ анықталады. Аурудың ешқандай белгілерінің білінбеуі де оны ерте анықтауға мүмкіндік бермейді. Сондықтан, семинар барысында ЛОР, көз, тіс мамандары ауруды ерте анықтау әдістеріне маманданады. Шараның бірінші кезеңінде мамандар тәжірибе жинақтаса, екінші кезеңінде қабылдау жүргізеді. Апталық Астана, Алматы, Қарағанды және Өскемен қалаларында өтеді. 1 тамыздан бастап 23 қыркүйекке дейін 8-800-080-5058 телефонына хабарласып, тегін қабылдауға жазыла алады. Қабылдау 19-23 қыркүйек аралығына жоспарланған.

Сонымен қатар, диспансер кешенді медициналық ақпараттық жүйеге еніп, жұмыс жасауда. Сол арқылы дәрігерге онлайн жазылуға болады. Емдеу мекемесі күніне 200-ге жуық адамды қабылдауға қауқарлы болғанымен, қаралуға келгендер қатары екі есе көп. Енгізілген онлайн жүйе келушілерге оңтайлы болары сөзсіз.

  • Сұхбатыңызға рахмет.

Қатерлі ісікпен ауырған адам отадан кейін бес немесе одан да артық өмір сүрсе – жақсы нәтиже. Емнің нәтижелілігі әлем бойынша осы әдіспен анықталады. Аймақта бұл көрсеткіш 2015 жылы 52,9% болса, биылғы жеті айда 51,5%-ды құрады.

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда қатерлі ісік аурулары салдарынан болатын өлім-жітім 33%-ға төмендеді. 1991 жылы 100 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіш 137,4 болса, 2015 жылы 92-ге кеміген. Біздің облыс бойынша өткен жылғы көрсеткіш 62,1 шамасында болса, биылғы жылғы мәлімет бойынша 53,8-ді құрап отыр.

Жансая  ОМАРБЕКОВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.