Жаңаарқада көпбалалы аналар баспаналы болды

Ел бірлігін дәріптейтін мамыр айының шуақты мерекесі күні Жаңаарқа ауданының әкімі Юржан БЕКҚОЖИН аудан орталығындағы көпбалалы төрт ананы қуанышқа кенелтіп, үш бөлмелі пәтерлердің кілттерін салтанатты жағдайда табыс етті.

  • Бүгінгі таңда көпбалалы отбасыларға мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетілуде. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы санатқа жататын отбасылар үшін мемлекеттік тұрғын үй алуға арнайы кезек құру туралы нақты тапсырма берген болатын. Соған орай, аудан бойынша көпбалалы отбасылары үшін бөлек кезек тізімі құрылған еді. Бүгінгі мереке аясында сол тізімнің алдыңғы легінде тұрған алтын құрсақ аналарға жаңа баспананың кілтін тапсырып отырмыз, – деген Юржан Асанұлы жүздеріне шуақ нұры ұялаған жандарға бақуатты тірлік пен шаңырақ шаттығын тіледі.

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында «Нұрлы жер» ықшам ауданындағы үш бөлмелі пәтерлерге ие болғандар – Анар Бозаева, Раушан Досаева, Әйгерім Әбдінова және Толқын Махатова. Бұлардың алды 13 бала тәрбиелеп отырса, кейінгісі 6 баланы дүниеге әкеліп, бағып-қағуда.

Заманауи үлгіде салынған тұрмысқа аса қолайлы жаңа пәтерлер осы отбасылар үшін қуаныш пен қызықтың ордасына айналары күмәнсіз.

Индира РАХЫМБАЕВА,

Жаңаарқа ауданы әкімінің баспасөз хатшысы.