Жаңаарқада дәстүрлі әншілер байқауы өтті

Жаңаарқада қазақ халқының біртуар ұлы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қарымды қаламгер Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдық мерейтойы мен даралар мен даналардың киелі ордасы іспетті ауданның 90 жылдығына арналған бағдарламалар жоспары аясында дәстүрлі әншілердің облыстық деңгейдегі байқауы өтті.

Шырайлы шара аудан орталығындағы Сәкен Сейфуллин атындағы орталықтандырылған кітапхана ғимараты алдында орын тепкен ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен бастау алды.

Ұлттық өнерді ұлықтай білген орындаушылардың өнеріне Қазақстанның Халық әртісі Қайрат Байбосынов, әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айтбек Нығызбаев, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртістері – Ғалым Мұхамедин, Жақсыгелді Кемалов және Серік Оспанов қазылық етті.

Облыс өңірлерінен келген үміткерлер әрқайсысы екі кезеңнен тұратын байқауда 6 әннен орындады. Қатысушылардан екі кезеңде де С.Сейфуллиннің әндерін, сондай-ақ, халық әндері мен халық композиторларының шығармаларын орындау талап етілді. Сахна төріне үкілі домбырамен шыққан өнерпаздардың шырқаған әндеріне көрермен қауым айрықша ықылас танытып отырды.

Байқау қортындысында Қарқаралы ауданының намысын қорғаған Шыңғыс Сәрсенбай бас жүлдені қанжығасына бөктерді. Жаңаарқалық Дәулеткелді Сағатовқа І орын бұйырса, ІІ орынның жүлдесін балқаштық өнерпаз Гульгана Галлямова иеленді. Ал, Жезқазған қаласынан келген әнші Алмагүл Қаратаева ІІІ орынға тұрақтады.

Басқа қатысушылар да арнайы жүлделерге ие болды. Үміткерлердің барлығына Қайрат Байбосыновтың авторлығымен жарық көрген «Сыр сандық» қазақ әндерінің антологиясы мен бағалы сыйлықтар табысталды.

Индира РАХЫМБАЕВА,

Жаңаарқа ауданы әкімінің баспасөз хатшысы.