Облыс әкімі

Жаңа кәсіпорындар ашылады

Облыста жаңа кәсіпорындар ашылмақ. Төрт инвестициялық жоба Қаражал қаласы және Жаңаарқа, Нұра, Ақтоғай аудандарында жүзеге асырылады.

Жобалар кәсіпкерлікті қолдау картасына еніп отыр. Инвестиция сомасы – 12 млрд. теңге. 500-ге жуық жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Бұл жобалар туралы бизнесмендер облыс әкімдігінде өткен үйлестіру кеңесінде кеңінен әңгімеледі.

Мысалы, Жаңаарқа ауданында 2023 жылға қарай бағалы металдар мен полиметалдар байыту-өндірістік кешенінің құрылысы аяқталмақ. Бұл жылына 200 мың тоннаға дейін кенді өңдейтін, Доре қорытпасын, қорғасын және мырыш концентраттарын өндіретін кәсіпорын болады. Өнімді ішкі нарыққа, сондай-ақ, Ресей мен Қытайға жеткізу жоспарлануда.

Ал, Ақтоғай ауданында болашақта түсті металдар мен темірді қайта өңдеу жөніндегі байыту-өндірістік кешенінде мыс штейнін, молибденді және темір концентраттарын өндіру жолға қойылады. Өнімнің 80% экспортқа шығады.

Сондай-ақ, Қаражалда темір концентраты мен шойын шығаратын кәсіпорынның және Нұра ауданында құс етін өндіріп, өңдейтін кешеннің жобалары ұсынылды.

Барлық жобалар жоспар бойынша таяудағы екі-үш жылда аяқталуы тиіс. Бүгінгі таңда Қарағанды облысының Кәсіпкерлікті қолдау картасына 112 жоба енгізілді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button