Қарқаралы

Жүрегі түкті жігіттер тартысы

Кеңес одағының батыры Нұркен Əбдіровтің мерейтойы аясында Қарқаралы ауданында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылуда. Сондай іс-шаралардың легінде жерлесіміз, белгілі кәсіпкер Нұрлан Қалтаевтың мұрындық болуымен «АBADAN FIGTING CHAMPIONSHIP» турнирі өтті.

Үнемі жақсы істердің жаршысы болып жүрген азамат аталмыш турнирді батыр мерейтойы аясында туған жері Қарқаралыда өткізуді жөн деп тапқан.

«Каскад» демалыс аймағында өткен турнирге Халық Қаһарманы, жерлесіміз Тоқтар Әубәкіров, аудан әкімі Халел Мақсұтов арнайы келді. Ал, сайыскерлер қатарында Қазақстаннан бөлек, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей мемлекеттерінен келген жүрегі түкті жігіттер болды.

– Өзімнің туып-өскен жерім Қарқаралы ауданы болғандықтан, жекпе-жек додасын осында өткізуді біраздан бері ойға алған едім. Міне, биыл Нұркен Әбдіров атамыздың 100 жылдық мерейтойына орай осы идея жүзеге асып отыр. Бұл турнир осымен жетінші рет жалауын желбіретті. Әрине, мұндай шараны облыс орталығында өткізу қаражат жағынан тиімді шығар. Дегенмен, менің басты мақсатым – жерлестерім де осындай айтулы доданы көріп, әрі Қарқаралының тамаша табиғатын шетелден келгендер тамашаласын деген ниет, – дейді Нұрлан Қалтаев.

Айқас алаңында арыстанша айқасқан кіл күштілер барын салып бақты. Турнирде, алматылық Мейір Абылғазиев, қырғыз Жақып Туғанбаев, тәжік Жалолиддин Журеев, қазақстандық Сұлтан Жолдошбекулу, қарағандылық, «Абадан» клубының өкілі Жантас Қожанәсіп, қырғыз Жоробек Тешебаев, «Абадан» клубының өкілі, Бүркітті ауылының тумасы, жерлесіміз Мирас Мұхамеджанов, «Абадан» клубының мүшесі, бесобалық Бауыржан Қуанышбаев жеңіс тұғырынан көрінді.

Чемпиондық белбеуге шымкенттік «Легион файт» жауынгерлік клубтың өкілі Бекжан Өтемісов пен Нұр-Сұлтан қаласынан келген Әли Қабдолла ие болды.

Аталмыш шараны ұйымдастырып отырған кәсіпкер Нұрлан Қалтаев – ауданның әлеуметтікэкономикалық дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген азамат. Туған өлкесінің түлеуіне еселі еңбек етіп, туған жері Қоянды ауылында көптеген іргелі істерді жүзеге асырды. Бағыты – айқын, мақсаты – анық, арманы – биік Нұрлан Айтмұхамедұлының бұл спортқа өзінің ұстанымы да ерек

– Біз, қазақ ұлты – қырандай қырағы, тұлпардай текті, бөрідей жүректі де жігерліміз. Өзіміздің елімізді, жерімізді сүйетін, қорғай алатын батыр халықпыз. Біздің бойымызға батырлық пен батылдық, өрлік пен ерлік, қайсарлық пен қайрат атаның қанымен берілген. Олай болса, біз үшін аралас жекпе-жек спорт түрінің еш таңсықтығы жоқ. Кезінде бабаларымыз қарыс сүйем жері үшін ат үстінде айқасып, жауларын қарусыз-ақ жекпе-жекте жеңді емес пе?! Мен осы спорт түрін дамытуды қолға алып, кешегі өткен ер-ба баларымыздың ерлігін бүгінгі ұрпақ насихаттасын, білсін, қадірін түсінсін деп бастадым. Клубтың атын «Абадан» деп қоюдың да үлкен мәні бар. Көк бөрінің үйірін бастайтын, күшті, мықты түз тағысын атаған екен. Мен де осы спорт түрін серік еткен жігіттердің күшті, затына сай лайықты, жігіттің абаданы болғанын қалаймын. Бүгінде еңбек ете жүріп, спорттың кез келген түрімен айналысуға болады. Дегенмен, екеуінің де халыққа пайдасы тиетіндей әсері болуы керек. Ел үшін еңбектену керек. Ел үшін тер төгіп, елдің абыройын көтеріп, спортпен де айналысу керек. Екеуіне де күш қажет. Сондықтан, еңбек пен спортты қатар алып жүрудің еш қиындығы жоқ. Ал, туған жерімде өткізіп отырған айтулы дода жерлестерім көрсін, өскелең ұрпақ, зиянды әрекеттерден гөрі спортқа бейім болсын, салауатты өмір салтын ұстансын деген ниет еді, – дейді кәсіпкер.

«Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дер» демекші, Қазақстан жекпе-жек ассоциациясының басшысы Абат Имамбеков құттықтау сөз сөйлеп, ММА спортын дамытып, салауатты өмір салтын насихаттап жүрген Нұрлан Қалтаевқа алғыс айтып, сый-сияпат көрсетті. Өз кезегінде, Нұрлан Қалтаев шараның өтуіне қолдау білдірген облыстық спорт басқармасына, аудан әкімдігіне, демеушілік жасаған «Абыз», «Каскад» демалыс үйлеріне, «Аппаз» құрылыс фирмасына, «Жанатай» шаруа қожалығына, «Бектаугрупп», «Кармыс» ЖШС, «Дильназ» сауда үйінің иелеріне деген шынайы алғысын жеткізді.

Сағыныш ӘБІЛ

Басқа материалдар

Back to top button