Ресми

Жүйелі жұмыс – жемісін береді

Қарағанды қаласы, Қазыбек би ауданының әкімі Нұрлан РЫСТИН аудан тұрғындарымен кездесу өткізіп, әкімдіктің 2019 жылы атқарған істері жөнінде есеп берді.

Сурет әкімдіктің баспасөз қызметінен

Нұрлан Болатұлы алдымен коммуналдық салаға тоқталды. Оның айтуынша 277 мың адам тұратын аудан аумағында 438 аула бар. Соның ішінде, 50 аула өткен жылы абаттандырылған. Жылына 50 аула абаттандыру жобасы 2018 жылы қолға алынған. Биыл тағы да 53 ауланы абаттандыру жоспарланыпты. Қалған аулалар да алдағы уақытта осы жүйе бойынша абаттандырылмақ.

Сонымен қатар, ауданда 45 мыңнан астам зейнеткер болса, оның ішінде 25 адам – Ұлы Отан соғысының ардагері, 2054-і – тыл еңбеккері. Бұдан бөлек, 2 Социалистік Еңбек ері, 762 жалғызбасты зейнеткер бар. Ал, 720 ардагерге үйіне барып қызмет көрсетіледі.

– Аудан әкімдігінің жұмысы тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Барлық мәселені бір жылда атқарып тастау мүмкін емес. Біз жоспарға сәйкес, әр жылы көзделген нәтижеге жетуге тырысамыз. Аудан тұрғындарын біздің жұмысқа түсіністікпен қарап, атқарылып жатқан шаруаларға немқұрайлы болмауға шақырамын, – деді ол.

Аудан басшысы қар тазалау мәселесіне де арнайы тоқталды. Бұл – көпшілікті алаңдатып отырған жайт. Космонавт көшесінің тұрғыны Сағжан Әміреқызының айтуынша, жекеменшік секторлардың қары тазаланбай жатыр. «Ысырылған қар тротуарды жауып тастаған. Аялдамаға автобустар тоқтамайды» деп ашына сөйледі.

Бұл мәселеге Нұрлан Рыстин «Қазірге негізгі орталық көшелердің қарын тазалау жүргізілуде. Тротуарларды тазарту – екінші кезекте. Жоспар бойынша сіздер тұратын көше сәрсенбіге бекітілген. «Қарағанды Тазалық» ЖШС қарамағында 200-ге жуық техника бар, үлгермей жатырмыз. Барлық көшелер тазаланады» деп жауап берді.

Әкімге сұрақтар көп қойылды. Сұрақтарды сараптай отырып, көшелердегі жарықтың сөніп қалуы, үй жертөлелеріне су толады деген қауіп және басқа да мәселелердің көбісі қалың түскен қардың кері әсері екенін байқадық.

Өткен жылы 43 үйдің жылу жүйесі жөнделсе, 17 электр жүйесі жаңартылған. Ал, 337 көпқабатты үйдегі 862 лифттің 33-і ескіргендіктен істен шыққан. Бұл мәселе де алдағы уақытта шешімін табатыны айтылды.

Биыл атап өтілетін мерейтойлық даталар да назардан тыс қалған жоқ.

Нұрлан Болатұлы тұрғындардың сұрақтарына мүмкіндігінше сол сәтінде жауап берді. Ал, өз жауапкершілігіне кірмейтін мәселелер туралы қойылған сұрақтарға бағыт-бағдар беруге тырысты. Аудан тұрғындарына өзінің жеке ұялы телефон нөмірін беретінін айтып, алдағы уақытта сол нөмір арқылы хабарласуларына болатынын да естеріне салды. Кездесуден соң, түйткілді мәселелер бойынша жеке қабылдау өткізді.

Жақында ғана тағайындалған аудан әкімінің қысқа уақытта атқарған жұмысына ризашылығын білдіріп, сәттілік тілеген тұрғындар да болды. Олар жүйелі жұмыстың жемісін береріне сенім білдірді.

Аудан әкімінің орыс тілінде есеп беруіне байланысты тұрғындар тарапынан «Неліктен мемлекеттік тілде сөйлемейсіз?» – деген сұрақ қойылды. Бұған Нұрлан Рыстин «Қазір мемлекеттік тілді үйреніп жүрмін. Биылғы жылдың шілде айына дейін толық меңгеріп шығуға уәде беремін» деді.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button