Баған

Өзгені өзіңдей көр

Сурет:автордан

Күнделікті күйбең тірлік кез келген адамды шаршатады. Жұмыстан келіп, бала-­шағаммен кешкі ас ішіп болған соң, кейде фильм тамашалаймын. Отбасылық фильмдердің берері мол. Жуырда көрген «Ала пижамалы бала» атты кинодан қатты әсер алдым.

Фильмнің негізгі сюжеті Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталар кездегі Германияның бір қаласында өрбиді. Сол қалада еврейлерге арналған шағын түрме болады. Түрмеде жұмыс істейтін беделді офицердің үкімет бөлген зәулім үйі бар. Жазғы демалыста Бруно есімді ұлы қыдырып келеді. Бруноға түрме туралы мүлдем айтпайды.

 «Үйдің маңынан кетпе!» дегенді тыңдамай, бір күні Бруно ауланың сыртында серуендейді. Сөйтіп, әлгі түрменің маңына келіп, қоршаудың ішіндегі ала киімді тұтқын баламен танысып, дос болады. Үйіндегілерге байқатпай сол маңға күнде барып, тұтқын досымен сырласып, оған тамақ беруді әдетке айналдырады. Еврейлерді үй қызметіне жегетін әкесі оның құлағына олардың өте қауіпті екенін құяды. Бала Бруно әке сөзін пысқырмайды да.

Бір күні ол тұтқын досының әкесінің жоғалғанын естіп, жаны ашиды. Оның үстіне  досының ала киіміне қатты қызығады. Түрменің ішіне кіріп, ала киім киіп алып, досының әкесін табуға көмектескісі келеді. Демалыс бітіп, аттанар күні Бруно тұтқын досымен ақылдасып, ала киім киіп, қоршаудың астынан өтіп, түрмеге кіреді.

Ал, түрмеде жұмысқа жарамсыз тұтқындарды темір бункерге қамап өртейтін үрдіс бар-­тын. Бруно оның сасық иісін бірнеше рет байқаса да, адам өртейді деп мүлдем ойламаған. Досының әкесін іздеп баракқа кіргенде, көп тұтқынмен қосып, Бруноны досымен қоса темір бункерге апарып, өртеп жібереді.

Әке-­шешесі Бруноны іздеп келіп, киімдерін табады. Алайда, жалғыз ұлы әлдеқашан күлге айналған еді. Өздері құрған темір тәртіп жалғыз ұлын да жалмап тыныпты. Өте ақылды, ғалым болуды армандайтын сүйікті ұлынан айырылған әке мен ананың еңіреген сәтін сөзбен айтып жеткізу қиын…

Ал, енді ойлап көріңіз. Еврейлерді ит етінен жек көріп, қынадай қырған немістердің соңы не болды? Соғыста жеңіліп, тоз­-тозы шықты. Біздің айтып отырғанымыз – бір Бруно. Бұдан басқа да қаншама Брунолар өз әкелерінің осындай жауыздығының құрбаны болғаны сөзсіз…

Топырлатып әр апта сайын жұмысқа жарамайтын еврейлерді тірідей өртегенде жүрегі бүлк етпеген фашист офицері үміт еткен ұлынан айрылғанда түсінді – байғұс еврей халқының қасіретін. Бірақ, өте кеш еді…

Алла Тағала адам баласын теңдей қылып жаратты ғой. Әке-шешесінің темір жүйеге  адалдығы, балаға деген немқұрайлылықты туғызды. Оның үстіне әлемді билеуге ұмтылған немістер еврейлердің орнына өздерін қойып көруді ойламаған да болар…

Осы фильмнен алған әсерімнен әлі арыла алар емеспін. «Өзгені – өзіңдей көр» деген аталы сөзді шын жүрегіммен, бүкіл болмысыммен ұғуға көмектесті осы туынды.

Ал, сіз ше?

Өзгені өзіңіздей көріп, өзіңізге тілегенді өзгеге де тілей аласыз ба?..

Еркебұлан ЕЛЕУСІЗҰЛЫ,

ақын, «Жыр-Жауһар» поэзия клубының жетекшісі.

Басқа материалдар

Back to top button