Жаңалықтар

Ядролық апокалипсиске қарсы иммунитет

“Менің «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесім ХХІ ғасырда өмір сүретін және жұмыс істейтін өскелең ұрпақтың тағдырына шынайы алаңдаушылықтан туындап отыр”.

Нұрсұлтан Назарбаев.

Ядролық жаппай қырып-жоятын қарудан әлем біржола безінбейінше, қауіп қайдан деу – ерте. Милитаризмге бой алдырған бүгінгі кезең қатердің айтып келмейтінін көрсетіп отыр. Ядролық қаруға қатысты халықаралық құжаттар және шарттар қабылданғанымен, оның жүз пайыз кепіл болатынына күмән көп. Сондықтан да, бұл мәселе Қазақстан ядролық қарудан бас тартқан кезеңнен бері әлемнің саяси сахнасында өзектілігін жоймай қойды, өкінішке қарай. Ядролық қаруға келгенде әлемнің алдында Шекспирдің Гамлеттегі «Болмақ па, әлде, қалмақ па? Екі – сауал, екі – ұдай» сауалы тұр.

Ядролық қарусыздану және жаппай қырып-жоятын қарусыз, соғыссыз әлем құру – бейбіт сүйгіш қазақтың бастамасы. БҰҰ мінберінен ядролық арсеналы мен оны жасауға ғылыми һәм инфрақұрылымдық әлеуеті жететін елдің мұндай мәлімдеме жасауы – әлемді, расымен, елең еткізген-ді. Іле-шала бастама қолдау тапты. Көптеген маңыз­ды құжаттардың жасалуына, шарттардың дүниеге келуіне түрткі болды. Атап айтқанда, ядролық державалардың ядролық сынағына мораторий жария­ланды. БҰҰ аясында Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт жасалды. Сонымен қатар, қол қою үшін ол шарт ашық тұрды. Ал, биыл тағы бір мәрте БҰҰ-да баян етілген Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың ядролық қарусыздану және оны таратпау туралы «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі болашақ үшін маңызды құжатқа айналды. Комиссия басшылығымен қол жеткізілген келісім нәтижесінде, Манифест БҰҰ Хатшылығының электрондық жүйесінде ресми құжат ретінде орналастырылды.

2015-2017 жылдарда баршаға мәлім, Қазақстан БҰҰ-ның Қарусыздану кеңесінің Ядролық қарусыздану және таратпау жөніндеугі жұмыс тобына төраға. Бұл кеңесте Қазақстанның ядролық қарусыздану және оны таратпау туралы ұсыныстарын жария етіп келеді. Сондай-ақ, бұл бағытта еліміздің өзіндік позициясы да дәйім ашық көрсетіліп отыр. Ол – ХХІ ғасырда соғыссыз әлем. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ мүшелері тарапынан қолдау тапқан Манифестінің көздегені – осы. Президент әлем алдында адамзаттың болашағына алаңдаған кең ауқымды бағдарлама қажеттігін қадап айтты және оны талқыға салды. «Бұл жаһандық стратегия – ұлттық жанжалдар мен соғыс вирусын жоюдағы іс-әрекеттерді айқындауы тиіс», – дейді Президент. Ол үшін әлемдік қоғамдастық өзінің іс-қимылының алгоритимін түзеуі қажет. Ол – Елбасы ұсынған манифесте айқын көрініс тапқан. Әлемнің бейбітшілік үшін күресте қандай қадам жасауы керектігін бес бағытта анықтап берді. «Бірінші – ядролық және басқа да жаппай-қырып жоятын толықтай азат әлемге дәйектілікпен ілгерілеу». Бұл үшін Президент жаппай қырып-жоятын қаруларды әлемдік мұхиттардың бейтарап суларының түбіне, Арктикаға орналастыруға тыйым салатын жаһандық шешім қабылдау қажеттігін атап отыр. Сондай-ақ, қарулардың жаңа түрін жасауға тыйым салатын халықаралық құжат әзірлеудің маңызына да назар аудартты. Сонымен бірге, БҰҰ-да жаппай қырып-жоятын қару жасау және жетілдіру үшін пайдалануға болатын ғылыми жаңалықтардың Тіркеу реестрін құру туралы ұсынысы да көкейге қонымды екенін әлем мойындады. Жер шарының әрбір ұлтарақтай бөлшегі адамзат игілігіне асуы тиіс, ядролық сынаққа емес. Тіркеу реестрін құруды дүние жүзінің құп алмасқа шарасы жоқ. Себебі, үздіксіз ілгерілеп келе жатқан ғылымға бақылау болмаса, қайсыбір ғылыми жаңалықтардың адамзатқа апат әкелетінін көрсеткен. Демек, әлем мықтап ойлануы тиіс. Дереу бір шара қабылдауы қажет адамзаттың соғыссыз ертеңі үшін.

Одан кейін – Бейбітшілік Ареалдарын құру. Бұған халықаралық құқықтың негізделуін және қадады. Сонда, Бейбітшілік Ареалы, яғни, бейбіт өмірдің алаңындағы қауіпсіздік мәселесі мен дамуына БҰҰ-ға мүше мемлекеттер, Қауіпсіздік кеңесі кепіл болмақ. Егер мемлекеттер кепілдік берсе, бұл да алып жүре алатын шоқпар. Тек мұнда мемлекеттердің бір пәтуаға келіп, уағдаластыққа беріктігі ауадай қажет. Елінің ертеңіне қам жеген жұрт үшін бұл ұзақ ойлануды талап ететін мәселе болмаса керек-ті.

Бұдан кейін адамзатты алаңдатқан ахуал – геосаяси ахуал. Мемлекет басшысының айтуынша, әскери блоктар еңсеруді талап етеді. Ол кең ауқымдағы халықаралық ынтымақтастыққа кедергі келтіруде. Сол себепті, алдағы онжылдықта әлемнің міндеті – «Ауғанстандағы, Ирактағы, Йемендегі, Ливия мен Сириядағы, Украинаның шығысындағы соғыстар мен жанжалдарды және Палестина-Израиль текетіресін тоқтату. Корей түбегі, Оңтүстік-Қытай теңізі акваториясы және Арктикадағы ахуал қаупінің әлеуетін азайту».

Елбасы «әлем Төртінші өнеркәсіп төңкерісінің алдында тұр. Бірақ соғыс вирусы халықаралық жағдайды ушықтыруын жалғастыруда» деген болатын. Ол – рас. Әлемде күн сайын ғылыми жаңалықтар адамзат игілігіне асуда. Алайда, өнеркәсіппен қатар әскери-қарулы күштердің де іркіліссіз даму үстінде екені жасырын емес. Сондықтан, манифест авторы БҰҰ-ның Қарусыздану жөніндегі конференциясы қызметінің жаңа стратегиясын жасауды талап етті. Осылайша, киберқылмыстың терроршылар қолында қауіптілігін жоюды күн тәртібіне шығарды. Дүниені тітіркенткен терроршылардан қауіпі қалыңдап тұрған қазіргі уақытта тереңнен толғап, тиянақты шешім қабылдауды қажет етеді. Әлемнің құлақ түретін жөні бар ендеше.

Сөйтіп, төрт құбыланы түгендеп барып, бесінші – соғыссыз әлем құру – мақсат. Нұрсұлтан Әбішұлы БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясында Қазақстанның Жаһандық Стратегиялық Бастама – 2045 Жоспарын жасау бастамасын ілгерілеткенін де жалпақ жұрттың есіне салып өткен-ді.

Жалпы, БҰҰ мінберінен әлемді бейбітшілікті сақтауға, ол үшін байыпты қадам мен бағдарлы саясат керектігін ұдайы айтқан Қазақстан үні әлем құлағында. Манифесте соқырға таяқ ұстатқандай жағдаяттардан соң әлемнің ядролық қаруды жою және оны таратпау туралы бір байламға келіп, ол үшін қабылданған құжаттар міндеттемелерінің сақталуын қатаң қадағалауды талап етеді уақыт.

Жаппай қарулануға әзірлік, ішкі және сыртқы мәселені қарулы күшпен шешуге бағытталған саясат салқынының салдарына әлемнің өзі – куә. Манифест – салдарларды жоюды, алдағы кезеңде милитаризмнің дендемеуіне қойылған тосқауыл. Манифестің құндылығы – осында. Ол – ядролық апокалипсиске қарсы иммунитет.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button