АқтоғайБас тақырып

Туған елдің тойында, Тоқырауынның  бойында…

«Сауықшыл, сері мінез сертке берік, Ақтоғай, міне, осындай ел болады». Қазаққа Әлиханды сыйлаған топырақтың киелі екенін сазгер Дәртай Сәдуақасов әнге қосқан. Абзал Бөкеннің сөзіне жазылған «Ақтоғай вальсі» Ақтоғайды Алашқа танытты. Содан бері біз үшін – әлемнің қай бұрышына барсақ та, Ақтоғайдың тау, тасы ән салып тұрғандай көрінеді. Тәңірдің топыраққа тартқан сыйы – осы. Осыдан кейін Үш арысты туған топырақтың ұлдары қалай мақтанса да жарасымды. Олай дейтініміз, Ақтоғай – егемен елдің бір алтын бесігін тербетіп отырған, өнер киесі қонған өлке. Оны тоқсан жылдық торқалы тойға жиылған қауым тағы бір дәлелдей түсті. Алғаш асық атып, ат тізгінін ұстап азамат атанған тау тұлғалы ұлдары Шатыршаның баурайына ат басын бұрды. Ақтоғай ұлдарын бауырына басты. Сонымен, тоқсан жылдық торқалы той басталып кетті…

Сағадат Дүйсебеков және басқалар…

Тойдың әлқиссасында Ақтоғайды 1996 жылы аудан орталығы етіп алып қалған азаматтарға тоқталайық. Торқалы тойға жиылған баталы ақсақалдар Ақтоғайдың аудан болып қалуына 1992 жылы аудандық әкімшілік құрылып, тұңғыш әкімі болған Сағадат Дүйсебеков сайланғанын және Әнуарбек Сұлтанғазин, Алтай Зейнелғабдин, Қабылсаят Әбішев секілді тағы басқа азаматтардың атын көрсетуімді сұраған.

Жалпы, Ақтоғайдың болашағы үшін жасалған істе Сағадат Дүйсебековтің еңбегі зор болған. Жезқазған облысында бюджеттің шығынын азайтудың жолдары жүйелі түрде іске асырылмағандықтан, осыны шешудің жолы аудандарды бір-бірімен қосып, басқаруға кететін шығынды қысқарту деп түсінген. Ақтоғай ауданы өзін-өзі кіріспен қамтамасыз етпейді, облыстан субвенция алып, өзінің шығындарын жауып отыр. Ал, Приозерный ауданы өз-өзін кіріспен қамтамасыз етеді, қаланың жанында, басқару жүйесі осы жерде болу керек деп, Ақтоғай ауданы мен Приозерный ауданын қосу шешімі болған.

Халықтың әлеуметтік жайын көптен бұрын ойлаған азаматтар осы істе білек сыбанып, ауданды алып қалған. Содан бері Ақтоғай – 59199,7 мың гектар жерді алып жатқан, түгін тартса майы ақтарылатын тарихи өлке. Елі үшін қызмет еткен ерлерін ұмытпайтын, ұлықтайтын өңір. Мұны тойдың ашылуында елін құттықтай келген Қабылсаят Әбішев айтты. Ақтоғайлықтар адал ұлын құшақ жая қарсы алғанын көрдік. Қабылсаят аға 1988 жылы ресей-кеңес археологы Леони́ д Кызла́ совпен кездескендегі әңгімені тарқатып айтты. Онда Леони́ д Кызла́ сов: «1946 жылы «Әлкей Марғұланның айтуымен Бегазы-Дәндібайға» келіп едім. Бірінші рет түркі дүниесін сонда көрдім» депті.

Түркі дүниесіне терең үңілген Ақтоғайды – Алаштың автопортреті санайтын туған ұлы Ақсұңқардың Серігін елі қошеметтеді той күні.

Ұшқан құсқа ән тыңдатқан

Ақсұңқарұлы «Ән арқада құс болып ұшып жүріп, Құс болса да құдірет күшін біліп. Қонбай қойған өзінің қол жетпейтін, Құдай үні екенін түсіндіріп. Ақының да, таң қалған пақырың да, Қонбай ұшқан құс шалғай шақырымға, Ақтоғайдың үстінен өте бере, Абдырапты адамдай ақырында!» деп жырлайды. Тұсауы кесілген сәулет өнерінің озық үлгісі – «Домбыра» монументіне осы жыр лайық.

Әсем домбыра көздің жауын алады. Бұл – Арқаға келіп Ұлы Даланың үнін тыңда дегендей әсер қалдырады. Өнердің киесі қонған ел, шежірелі бел екенін топырағынан танысын дейтін сыңайлы.

Домбыра – ұлы көшті бастап Шабанбай би, Жаңғұтты би, Бөріктастан Әлімхан Ермекұлы, Берікқара Төңіректасынан Ақбайдың Жақыбы, Нарманбет ақын келе жатқандай күш сыйлайды.

«Ақ қайың, қызыл қайың, сырлы қайың, Баласы Қошқарбайдың Шашубаймын» деп, Құдай берген өнерді ту етіп ұстаған Шашубайдың даусын еске салады.

 «Арғынмын, атым Әсет арындаған» дейтін дала дауысы Әсет Найманбаевтың елі екенін аңғартады. «Қазақтың бұлбұлы» Күләш шақырып тұрғандай менмұндалайды… Әсет пен Шашубай бастаған Аққыз, Манарбек, Күләш, Әшімтай баласы Мағауиямен қош көңілмен әуелетіп ән салып, арқажарқа ғұмыр кешіп отырған Ақтоғайдың сертке берік халқын бейнелейді.

 Ауданның ажарына айналған 12 метрлік сәулет туындысы биіктіктің асқақ нышаны. Аумағы 82 шаршы метрді құрайтын домбыра металдан құйылған. Керамограниттен жасалған 7 тоннаны құрайтын «Домбыра» жобасының авторы – Берік Секербеков. Ал, жергілікті бюджеттен орындаушы жеке мердігер, «Нұрасыл» ЖШС иесі – Тұрар Төребек.

Бұл «Домбыра» – Бабалар үнімен құлаққа жеткен өнер қонған елге «биігіңнен аласарма» деп тұрғандай. Монументтің ашылу сәтінде сәулет туындысына қоса, жалпы ақтоғайлықтарға, аудан әкімі Салтанат Әбеуованың атына зиялы қауымнан құттықтау лебіздер көп болды.

Ақтоғайды энциклопедиядан оқы

Құттықтаулар демекші, той қарсаңында «Ақтоғай» энциклопедиясының тұсауы кесілді. Жерлестердің Тұңғышбай ағаны «Ақтоғай энциклопедиясы» атайтынын білетінмін. 600 беттік жинақты құрастырған – өлкетанушы Тұғышбай Мұқанов Ақтоғай ауданының 90 жылдық торқалы тойына аудан тарихы мен танымал тұлғаларын түзген жинақ шығаруды көптен жоспарлапты. Жаратылысы мен табиғатының, жер-су атаулары мен елді мекендерінің, әлеуметтік-экономикалық және білім, денсаулық, мәдени салалары жайлы деректерді қамтыған. Тәуелсіздік алғалы тұңғыш жарық көріп отырған энциклопедия торқалы тойға қомақты шашу болды.

Ақсақалдың ел дегенде еміренген патриоттығы кез келгенде кездеспейді. Шетелдіктерге де өңірдің археологиясын тереңнен таныстыратын облыстағы бірден-бір тарихшы осы кісі. Ақтоғайға еңбегі сіңген мадақталуы тиіс тұлғаның бірі – Дәртай сазгер болса, екіншісі – Тұңғышбай Мұқанов екені белгілі.

Энциклопедиямен қоса, ел азаматтары ауданға тарту таралғылар жасады. Мәселен, Қазақстан Жазушылар Одағының Қарағанды облыстық филиалының басшысы Серік Сағынтай бастаған жерлес ақындардың «Арқаның белі – Ақтоғай» жинағы жарыққа шықты. Өлкенің тау-тасын өлеңмен өрген азаматтар туған жерге осылай шашу жасады. «Әркімнің туған жері – өзіне Мысыр шаһары» дейтін Ержан Шахуов пен Аманбек Ахметов түсірген фильм де туған жер десе жүрегі елжіреген ұрпақтардың көңілі. «Сүйер ұлың болса, Сен де сүй. Сүйінерге жарар ол» деп осындай азаматтарға айтылса керек. Фильмде «Тоқырауын толқындары» бар…

 Ағысы арманшыл Тоқырауын өзенінің құрметіне қойылған «Тоқырауын толқыны» вокалды ансамблі тоқсан жылдық тойдың беташары десе болғандай. Амантай Жұмашев бастаған өнерпаздар сахнаға көтерілгенде көрерменнің арасында қол соқпаған жан болмады. Бүкілодақтық байқауларда топ жарып, Арқа өнерін аспандатқан ұжым тойдың ажарын ашты. Ансамбль өнерпаздары «ұлы өнердің базары тарқамасын» дейді.

Бір үйдің баласындай Той жоғары деңгейде өтті. Сәтті жоспарланғаны қатар-қатар тізілген ақшаңқан киіз үйлерден, ауданға кіреберістегі менмұндалаған жалаулардан-ақ байқалды. Ауданның тізгінін ұстаған Салтанат Мірәсілқызы тойдың басы-қасында өзі болып, дұрыс өтуіне мұрындық болды. Әсіресе, аудан әкімінің бірінші орынбасары Абылай Аманжолов бастаған ұжымның 90 жылдық тойды лайықты ұйымшылдықпен өткізгенін атап өткен жөн. Бірдей 52 ақшаңқан киіз үй тігіп, алтыбақанын құрып, қазақылықтан айнымаған аудан халқы бұл тойды ұзақ күткен секілді. Бір уақытта сахна салтанатымен ән шырқалып, Бәйгетөбеде күрес пен қой көтеруден сайыстар өтіп жатты. Қазақ күресіне қатысуға 72 балуан ниет білдірген екен. Күреспен алты жыл айналысқан Аманжол Сейсенбек 60 келіде І орынды жеңіп алды. Ал, Саяхат Мәжікен 70 келіде үздік атанды. Саяхат 2 млн. теңгені қанжығасына байлады.

Шет ауданынан келген Ақжігіт Оралов 90 келіде І орынды жеңіп алды. Осы ретте 96 келі қошқарды 560 рет көтерген Ержан Қыдырбайдың ептілігін атап өткен жөн.

Ал, тай жарысына 19 тай қосылды. Жаңаарқалық Дінмұхамед Қазкеновтың «Талисманы» оқ бойы озық келді. Аламан бәйгеге 23 ат қосылды. Алматы облысынан келген Нұрбек Саматтың «Қоянқасқасы» бас жүлдені жеңіп алып, «Chevrolet Niva” автокөлігін иеленді.

Басқа жеңімпаздарға мотоциклдер, тоңазытқыштар, мұздатқыш, теледидар тапсырылды.

 Аудан халқы қонақтарды киіз үйдегі мол дастарханда күтті. Ауданға қарасты әр ауыл, орталығындағы мекемелер тіккен киіз үйлерде ән салып, ақжарма тілегін арнаған жұрт тойдың көркін қыздырды.

Қолөнер бұйымдары көздің жауын алды. Бұл күні еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін тойдың өтуіне бір үйдің баласындай үлес қосқаны аңғарылып тұрды.

Тағы бір елім деп еміренген патриот азамат туған жерге велосипедпен келді.

Елжанды Ернат

Патриот ұлдың шын тілегі, жүректегі жігері «Алаштың Астанасынан – Арқаның Ақтоғайына» велосипедпен алып келді. 4 қыркүйек күні Астанадағы «Қазақ елі» монументінен бастау алған сапарда, жігіттер Астана Осакаров аралығындағы 107 шақырымды 6 сағат 37 минутта жүріп өтті. Қарағандыға дейінгі 101 шақырымды 6 сағат 6 минутта бағындырды. Тыңнан түрен салғанды қош көретін Ақтоғайдың жастары бұл бастаманы іліп әкетті. Той күні ауылдың жасөспірімдері ағаларын велосипедпен қарсы алып, жалаң патриотизмге емес, жастарды салауатты өмір салтына бейімдеді.

– Жүректегі махаббат қашанда елге, жерге тартып тұрады ғой. Туған жер дегенде елеңдеп жүремін. Әкем ақын болып Ақтоғайды жырлап өтті. Мен туған жерім үшін не істей аламын деп ойлаушы едім. Мақсатым орындалды. Еліме махаббатымды игі шарамен білдірдім, – дейді Ернат.

Жол бойғы ауылдарда әуесқой велошабандоздарды ауыл әкімдері, мұғалімдер, оқушылар күтіп алып, шығарып салған екен.

Елбасы «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни, туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады» деген болатын. Түптеп келгенде, «Рухани жаңғыру» – осы. Патриотизмнің үлгісі торқалы тойда осылай көрініс тапты. Еліңе жақсылық жасау тек мансап пен атаққа тірелмейтінін ақтоғайлық белгілі ақын Жеңіс Қашқыновтың ұлы Ернат Қашқынов осылай дәлелдеді.

Төрт құбыласы түгел өңір

Бүгінде өлкеде тарту таралғыларды тосыннан ұсынатын Ернат секілді мәрт жастар өсіп келеді. Сондықтан, «Рухани жаңғыруға» аяқ басқан Ақтоғай жарнамаға мұқтаж емес. Төрт құбыласы түгел өңір.

Алайда, Арқаның биігі – Ақсораң әрі Бектауата, «Бегазы-Дәндібай» туристік базаны жаңғыртуға сұранып тұрған көрікті әрі киелі жерлер. Осы орайда ел азаматтары Ақтоғайдың гүлденуіне игі іс жасаудан арылмаса деген тілек бар. Мәселен, Шабанбай би ауылына қарасты тау етегіндегі лагерьдің құрылысы…

Аудан 1982 жылы республика бойынша биязы жүнді дегерес қойын өсірудің авторлық куәлігін алған өңір. 1930 жылдан балық шаруашылығы өркен жайғанын біреу білсе, көбі білмейді…

Өнер киесі қонған өлке тиісінше күтіп ұстауды қажет етеді. Киелі топырақ қастерлеуді аңсайды.

Сөйтіп, ақтоғайлықтар торқалы той өткізіп, жарқын болашақтың жаңа бір соқпағын салды. Тойда Рымбек Жүнісовтің елге құттықтауы оқылғанда, замандас боп бір жүрген атам ойыма келді. Бұл сахнада отыз жыл бұрын атам арнау жыр оқыған. Ұрпақтар алмасады. Ал, тарих – мәңгі.

Аяулым Совет,

“Орталық Қазақстан”

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button