Жаңалықтар

Цифрлы телевизия – қолжетімді

ЕЛІМІЗДЕ 2011 ЖЫЛДАН БАСТАП ЦИФРЛЫ ТЕЛЕВИЗИЯ ҰҒЫМЫ ҚАЛЫПТАСЫП, БҰЛ ТУРАЛЫ ЖИІ АЙТЫЛА БАСТАҒАН БОЛАТЫН. СОЛ КЕЗДЕ «OTAU TV» ЖЕРСЕРІКТІК ТЕЛЕВИЗИЯСЫ ЦИФРЛЫ ПІШІМДЕ ХАБАР ТАРАТЫП, ТЕХНИКАЛЫҚ ӘЛЕУЕТІН КҮШЕЙТТІ. ОСЫНЫҢ НӘТИЖЕСІНДЕ, ЖОҒАРҒЫ САПАЛЫ КЕСКІН МЕН ДЫБЫСҚА ҚОЛ ЖЕТКІЗІЛДІ. АЛ, 2012 ЖЫЛҒЫ ШІЛДЕДЕ ТЕЛЕХАБАР ТАРАТУДЫҢ ЦИФРЛЫ ЭФИР (ЖЕРҮСТІЛІК) ЖЕЛІСІ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев цифрлы хабар таратуды Қазақстанды индустрияландыру бағдарламасындағы ең маңызды әрі қажетті шара деп атады. Осы миссия жолында бірте-бірте Қазақстан аумағының ең шалғай нүктелерін де қамти отырып, цифрлы телевизия жаңа өңірлерді «жаулауды» бүгінгі таңда да жалғастыруда.

Ақпараттың заманауи құралдарының бір жақсы жері, олар бізге «жаһандық көлемде жар салуға» мүмкіндік береді. Жар салып-ақ жатырмыз. Ғаламтор кеңістігінде мынадай көңіл-күйдегі сұрақтарды кездестіру қиын емес: бізге қайта құру, өзгерту, жаңғырту неге керек? Телекөрерменге цифрлы ТВ-дан не пайда келер дейсің?

Біріншіден, кабельдік топтама сатып алмай-ақ, абоненттік төлемсіз, жирмаға жуық телеарнаны көруге болады.

Екіншіден, мәселе – сапада. Бұл – басты себеп. Бізді экранға байлайтын да осы – көріністің кереметтігі мен әдемі кескін емес пе?!

Сондай-ақ, еліміздің абырой-беделін де ұмытуға болмайды. Бүгінгі таңда аналогты телевизияда қалып отырған елдердің саны саусақпен санарлық.

2006 жылы Женевада Өңірлік радиобайланыс мәслихаты өтіп, аналогты телехабар таратудан цифрлыққа өту жөнінде Халықаралық конвенция қабылданды. Келісімге әлемнің 100-ден аса елі қол қойды, олардың қатарында Қазақстан да бар.

Жаппай «цифрға» көшу еуропалық Нидерланды мен Люксембургтан басталды, арада үш жыл өтер-өтпестен, 2009 жылы Құрама Штаттар өздерінде аналогты хабар таратудан толығымен қол үзгенін хабарлады. Бүгінде Еуропа мен Латын Америкасының барлық дамыған елдері, Австралия, Қытай, Кавказ өңірі, тіпті, Таяу Шығыстың кейбір елдері толықтай цифрлы хабар таратуға көшкен.

Елімізде аналогтық телехабар таратудан цифрлық жүйеге көшу процесі қарқынды жүріп жатыр. Бұрын алыс ауылдың тұрғындары отандық телеарналардың бар болғаны төрт-бесеуін ғана тамашалай алатын еді. Бұл шалғайдағы елді мекендердің тұрғындарын шетелдік операторлардың қызметіне жүгінуге мәжбүрледі. Ал, қазір жағдай толығымен өзгерді. Мемлекет цифрлы технологияларды енгізе отырып алыс ауылдардың тұрғындарына 15 арнаны жоғары сапада көру мүмкіндігін сыйлады. Осылайша, ауыл мен қала халқының арасындағы ақпараттық теңсіздік келмеске кетті.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button