«Толық адам» һәм төрт даму

Бала кезімде ауыл мектебінде оқып жүргенде ата-анам да, мұғалімдеріміз де, Алматыдан анда-санда келетін ақын әкем Жеңіс Қашқынов та, тілші-ғалым атам Әсет Болғанбайұлы да «Абайды оқы, сөздерін жатта» деп айта беретін. Содан мектеп бітіріп, Қарағандыға келіп, қаланың қайнаған тірлігіне мидай араласып кеттік. Орыс және ағылшын тілінде заманауи білім алдық. Өмірден өз орнымызды табуға, жетістікке жетуге ұмтылдық.

Содан әрбір өмірлік жағдайда Абайдың сөздерін еске түсіріп, әрекет етуге тырысып бақтым. Осылай тырбанып жүріп, табысқа, бақытқа жету үшін әрбір жас Абайдың «Толық адам» ілімін игеруіміз керек екенін сезіндім. Бірақ, бұл ілімді күнделікті өмірге лайықтаудың жолын таппай, біраз ізденіп жүрдім. Мотивация, жетістік туралы жазылған ағылшын тілді кітаптарды оқи келе адам баласы өзін 4 бағытта дамытуы, яғни, 1) рухани; 2) интеллектуалды; 3) физикалық; 4) материалдық дамуды ұстануы тиіс екеніне көз жеткіздім. Осы 4 дамудың тұжырымын Абайдан да таптым. Хакім: «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті, Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деп түйіндейді. Яғни, «ыстық қайрат» – физикалық дамуды, «нұрлы ақыл» – интеллектуалды дамуды, «жылы жүрек» – рухани дамуды білдіреді. Ал, осы 3 дамуды берік ұстанған, өзін 3 бағытта дамыту жолында жүрген һәм дамытқан адам қайтсе де «материалдық дамуға» қол жеткізеді. Абай айтқан «Толық адамның» мәні осы.

Ағылшында «Successful man», орыста «Успешный человек» деген ұғым сөз бар. Оны қазақтар «табысты адам, жетістікке жететін немесе жетістікке жеткен адам» деп әртүрлі айтып жүр. Менің пайымымда, ағылшын мен орыстағы осы сөзді Абай «Толық адам» деп жеткізген.

«Толық адам», тек қана, діни-рухани, пәлсапалық қана ұғым емес. Әрі «Толық адамдыққа» жету жүзеге аспайтын, біздің заманымызбен қабыспайтын, тек қана кітап, сөз жүзінде ғана болатын утопиялық ой да емес. «Толық адам» болу идеясы қазіргі өмірмен біте қайнасқан, ХХІ ғасырдың барлық талап-шарттарына жауап бере алатын өміршең, нағыз қазақы әрі жаһандық деңгейде жұмыс істейтін мықты жоба. Тек, оны дұрыс түсініп, қарапайым түсіндіріп, жеке өмірімізге тиімді енгізе білуіміз қажет. Оның кілті – жоғарыда айтқан дамудың 4 бағытын ұстануда!

Ернат МЕЛСҰЛЫ,

ағылшын тілінің маманы, аудармашы-журналист.