Баған

Тіл – бірліктің қайнары

Қазақтың сөзі жақсы. Өйткені, біз «жақсы сөз – жарым ырыс» деп өскен елдің ұрпағымыз. Қазыбек, Төле, Әйтеке билердің бірлік, ынтымақ туралы айтқан ғибраттары қандай. Бірігу үшін міндетті түрде жау жағадан алу керек пе?! «Біріңді – қазақ, бірін – дос, көрмесең істің бәрі бос». Абай осылай деді. Содан бері ғасыр ауып, жылдар көші тарих қойнауына кетті. Сөзіміз жақсы. Жақсы сөйлейміз.

Тебірентіп, толқытып көзден жас шығарардай ағылда-тегіл ақтарылып сөйлейміз. Сол қасиетті сөздің қадірін түсінер ұрпақ ахуалы қандай. Сөз қадірін, ғибрат астарын түсіну былай тұрсын, қазір біз қазаққа қазақша сөйлеуді үйретіп жүрміз. Кәдімгі сөз атауларын. «Мынау – алма. Ол ағашта өседі. Мынау – түйе. Түйе төрт түліктің біріне жатады. Түлік деп үй жануарларын айтамыз. Жануар деп адам қолына үйренген хайуандарды айтамыз. Хайуан…». Дәл осы жерде қанша мықты болсаң да шыдамайсың. Өзінің ана тілін ұмытқан мына мәңгүртке: «Ал, хайуан деп мына сендейлерді атайды» – дегің келеді. Алатау мен Арқаның, Атырау мен Алтайдың арасындағы айшылық жолды алып жатқан Ұлы Даланың бесігі әнмен тербелмеп пе еді? Он төрт жасында ата қаздай қаңқылдап дұшпанына сес көрсеткен Қазыбек бабамыз мектеп, колледж, университет бітірген жоқ. Оның мектебі – ата-бабадан келе жатқан далалық сөз өнері, аңыз-әпсана, өзіне дейінгі даналар ғибраты. Бәрі де ел бірлігінен шығып жатыр-ау.

Ұлтын, Жерін, Отанын сүюдің қайнары ана тілін қадірлеуден, оның қасиетін сезінуден бастау алады. Сезінуден деймін-ау, осы ұғымның өзі дұрыс қолданылып тұр ма екен?! Егер ол (тіл) сен шыр етіп дүниеге келгенде өзіңмен бірге туып, бірге жасасып келе жатса, ол сенің жан дүниең, рухыңа айналып кетпей ме?! Бәлкім сезіну, рахаттану ұзақ жылдар жат жерде болып туған еліңмен қауышып, өз тіліңде сөйлеген сәтте болатын сезімдер шығар? Кино да болса естен кетпес эпизод. Мысыр билеушісі Бейбарыс сұлтан қолға түскен қыпшақ қызының «Көке» деген жалғыз ауыз сөзін естігенде, жан-дүниесінде алапат дауыл жүріп өткендей өзегі өртеніп сала бермей ме?! Сөз құдіреті… Тіл қасиеті туралы тәмсілдер қаншама.

Айтыс туралы монографиямның тізгінқағар сөзі былай басталыпты: «Сөз (тіл) адамзат тіршілігімен бірге жасасып, қалыптасып, дамып келе жатқан құбылыс. Жер бетіндегі жанды тіршілік атаулыдан адамды айырып, ерекшелейтіні – оның тіршілік иесі екендігін айғақтайтын артықшылығы да адамның ойлау санасы мен сөйлеу мүмкіндігі бар екендігі». Жаратушы Алла өз тілімізде сөйлеуге мүмкіндік берді…

Кейінгі жылдары табиғат тепе-теңдігі бұзылды деген сөз жиі айтылуда. Ол рас. Бүгінгі экологиялық ахуал соның айқын дәлелі. «Өлсе өлер табиғат адам өлмес» Абай хәкім осылай деп еді. Табиғаттың ғана емес тіршіліктің де тепе-теңдігі бұзылды. Әрине, әзірше жылқы маңырап, қой кісінеп жүрген жоқ. Ал, бұл тепе-теңдікті бұзған тағы да ақылды адам. Жаратушы оны әу баста ҚАЗАҚ қылып жаратты. Ал, ол болмыстың бұлжымас заңдылығына қарсы шығып, өзіне тән адами ділін, тілін тәрк еткісі келеді. Халқымыз «ет бұзылса тұз себер, тұз бұзылса не себер» деп еді. Қазіргі жағдаймызға осы нақыл келіп тұрғандай. Дін бұзылса түзелер, ал тіл бұзылса қайтпекпіз?..

Қойлыбай АСАНҰЛЫ,
филология ғылымдарының
докторы, профессор

Басқа материалдар

Back to top button