Тұғырлы қыран – ғұмырлы мұра

«Туған жерге туың тік»! Бабадан қалған асыл сөз, Елбасы «Рухани жаңғыру» мақаласына енгізіп, жұртты елдік мұратқа жалғаған байсалды бағдарлама. Осы «Туған жер» бағдарламасы ауылдағы елдің ажары мен базарына айналды бүгінде. Соның бір жарқын үлгісін кеше ғана Жаңаарқадағы Түгіскен ауылынан көріп келдік. Аталған бағдарлама аясында мұндағы Игілік Омаров атындағы мәдениет үйінің алдында «Қыран құс» монументі бой көтерді. Ауыл елдің ажары ашыла түсті. Монументтің ашылуында концерт өтіп, балуандар белдесті.

Тәуелсіздік алғаннан бері ел бірыңғай ас беріп кетіп еді ғой. Елбасының «Туған жер» бағдарламасы сол ас берушілердің көбінің жүзін елге бұрды. Оның үстіне, бұған дейін де ата-бабалары осы топырақта өсіп-өніп, елге еңбегі сіңген тұлғалар болып шықса, ұрпақтары жолын жалғамағанда ше? Тамам Түгіскен халқының көзайымына айналған «Қыран құс» монументін орнатушылар – Сейтмағанбет атадан тараған Бөкен, Ақан, Балкен, Әлкен, Жетімек ұрпақтары. Аталы әулет ұрпақтарының туған ауылдары Түгіскенге тартуы – «Қыран құс» монументі биік шың басына ұшып келіп қонып жатқан бүркітті елестетеді. Кісі бойынан (2 метрден жоғары) асатын тастан қаланған тұғыр биік шың бейнесінде көрінсе, астында сарқырап ағып жатқан су сарқырамаға пара-пар. Сарқыраған әлгі су алдына қойылған қазандыққа құлап ағады. Бір қарағанда, қонғалы жатқан қыранды бейнелейтін мүсін, енді бір қарағанда, қанатын қомдап ұшқалы тұрған бүркітке ұқсайды. Мәңгілік Елдің бейнесіндей монумент! Тұғырлы қыран құспен бірге түлеген түгіскендіктердің қуанышында шек жоқ. «Монумент, әсіресе, түнде шам жарығы құлағанда әдемі көрінеді» дейді ауыл тұрғындары.

Ашылуына Түгіскен ауылының әкімі мен ақсақалдары, жан-жақтан келген қонақтар қатысты. Таңертеңгі сағат 11.00- де монументтің ашылуынан соң, Мәдениет үйінде ел мен жердің тарихына қатысты танымдық жиын өтіп, түсте ас берілді. Түстен кейін 60, 74 келі және абсолюттік салмақ дәрежесі бойынша балуандар күресі ұйымдастырылды. Қазақ күресінен аудандық ашық біріншілікте Қаражал, Жәйрем, Жеңіс, тағы басқа жерлердің балуандары күш сынасты. Жаңаарқа, Қаражал төңірегінің балуандары демесеңіз, жартысынан көбі – Қазақстан құрамасында жүрген спорт шеберлері. 60 келі салмақта бас жүлдені Нариман Тұтқышев жеңіп алса, Алмас Мақажанов 74 келі балуандар арасынан бас жүлдені иеленді және абсолюттік чемпион атанды. Жүлде қорын тігушілер – жоғарыда аталған бес атадан тараған ұрпақтар. Ас беріп, ат шаптырып қана қойғаннан гөрі, ауыл мәдениетін арналандырған бұндай іс кез келген елді мекен азаматтарына үлгі дер едік.

Жәнібек ӘЛИМАН.