Тұрағұлдың тұғыры

Қасиетті атамекен, киелі топырақ… Ақтоғай өңірінен туып-өскен әрбір азаматтың кеудесінде туған жерге деген сағыныш, іңкәрлік атой салып, қаныңды тулатады. Жақсы мен жайсаңдар өткен жер, батырлар мен әншілер, дүлділдер мен топ жарғандар мекені аталатын алтын бесік Ақтоғайдың атақ-даңқы алысқа кеткені қашан. Сонау өткен ғасырда Тоқырауынның атақты ақ бидайының өзі ерекшелігімен елді елең еткізіп, ғалымдарды ой толғанысқа салды. Туған елдің перзенті болу қандай бақыт. Туған жердің топырағын басып, шат-шадыман бақытты ғұмыр кешіп, үрім-бұтағыңды өсіру қандай ғанибет.

Біздің әңгімеге арқау болып отырған Турағұл Жұмабаев нағыз туған жердің адал, берген сертінен айнымас перзенті еді. Уақыт не нәрсегеде төреші. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы саясат ойраны талай қазақтың шаңырағын шайқалтып, ошағын ортасына түсірді ғой. Зұлмат жылдар жүріп жатты. Міне, сол сұрапыл жылдары, яғни, 1931 жылы дүниеге келген Турағұл Есбайұлының өмірі қиын-қыстау кезеңге тап келді. Бақыт пен қасырет кейде қатар жүреді, пенде маңдайына Алла тағала не жазды, соны көреді. Бала Турағұл да өзінің замандастары секілді қиын заманның шырмауында болып, ер жетті, бұғанасы қатайды. Сол заманның балалары балалық шақтың бал дәуренін бастан кешкен жоқ. Ал, 1940 жылдары Ұлы Отан соғысы басталып, қаршадай балалардың өгіз жетектеп, соқа тартқанын үлкендерден естідік, кітаптан оқып, кинодан көрдік.

Мектептің 7 класын бітірген соң бала Турағұл 1948 жылы Қоңырат кенішіндегі №13 училищеге түсіп, электрослесарь арнайы мамандығын алып шығады. Бұдан әрі білімін жетілдіру үшін Балқаш кен-металлургия техникумына түседі. 1949 жылы 1-курсты сәтімен аяқтайды. Тағы да уақытқа жүгінеміз, 1949-1950 оқу жылында бозбала Турағұл Қарқаралы қаласындағы зооветтехникумының 2-курсына бірден қабылданады. Зерек, өмірге құштар, салиқалы, салмақты бозбала осы оқу орнын 1952 жылы үздік бітіріп, мал емдеу шаралары мамандығын алып шығады. Алдында өмір соқпағы, адамзатқа тән арман асуы күтіп тұрды.

… Соғыстан, кейінгі жылдары халық шаруашылығын қалпына келтіру бар мүмкіндігінше қызу жүріп жатты. Арнайы оқу бітірген мамандар жетіспейді. Сондықтан, қай жерде қиыншылық, ұйымдастыру жұмыстары қажет болса, сол салаға оқығантоқығаны бар мамандарды жіберіп, сыннан өткізеді, шыңдайды.1952 жылдың қоңыр күзінен 1958 жылдың тамызына дейін Киров, Қызыларай колхоздарында зоотехникалық-ветеринарлық бөлімшенің меңгерушісі, аға мал дәрігері қызметтерін абыроймен атқарып, алған білімін тәжірибемен ұштастырып, қоғамдық мал басын аман сақтауда өркенді істер жасап, айтарлықтай шаруа тындыра білді. Өз шаруасын дөңгелетіп әкеткен жас маманға билік тарапы үлкен сенім артты. Осыдан келіп 1958 жылы Қызыларай колхозы төрағасының орынбасарлығына жібереді. Бұдан кейін 1960-1962 жылдары аралығында Калинин колхозында мал дәрігерлік учаскесінің меңгерушісі, 1962-1963 жылдары Қарқаралыға қарасты Ақтоғай өндірістік басқармасының ауылдық жердегі инспектор-ұйымдастырушы қызметін жүзеге асырды. Бұл жұмысты да абыроймен атқарды. Мал шаруашылығын көтерумен қатар халықтың әл-ауқаты мен тұрмыстық жағдайын жақсартуға баса назар аударды. Жас маман Турағұл Есбайұлының басқалардан бір артықшылығы – жұмысшы маман, шаруа баққан жандармен бетпе-бет келіп, жан дүниесін ақтарып, сырла сып, ежелгі таныстардай әңгіме-дүкен құратын. Мұндайда кім көңіл түкпіріндегі, ойда жүрген мәселесін жасырады? Ашық әңгімеде бәрі де айтылады, ортақ пікір туындайды. Ал, мұның өзі ел арасындағы мәселелерді шешуге айтарлықтай септігін тигізеді. Басшыларға көлденең келген «жоқбарды» айтуға әркімнің жүрек батылы бара бермейді. Ал, Турағұл Есбайұлы ашық әңгімеде малшылардың жағдайын біліп, тиісті орындарға жеткізіп, шешімін күткен мәселенің тез арада орнына келуіне ықпал ететін.

Уақыт өтіп жатыр, кешегі жас маман жігіт ағасы болды. Елдің еңсесі де көтеріліп қалған. Жаңадан құрылған совхоздарда құрылыс қарқынды жүргізілді. Қыстаулар салынды, мал басы өсе түсті. Мұндайда іскер мамандарға жауапкершілік тіптен жүктеледі. 1965-1970 жылдары «Қоңырат» совхозында бас зоотехник, ферма басқарушысы қызметтерін атқарды. Ал, 1970-72 жылдары іскер маманды Ақтоғай ветстанциясының бас дәрігері етіп бекітті. Енді бүкіл аудан шаруашылықтарының жауапкершілігін өз мойнына алды. Отар-отар қойды, табын-табын сиырды, үйір-үйір жылқыны көлденең келген кеселден сақтау, аурудың алдын алу үшін емдеу, бақылау шараларын жүргізу жыл он екі ай ішінде атқарылды. Аудандық ветстанцияға жүктелетін дәрігерлік шараларды орындауда Турағұл Есбайұлы жетекшілік ететін сала мамандары уақытпен санаспай еңбек етті. Әсіресе, жұқпалы кеселдің алдын алуға қатаң талап қоя білді.

Тағы да қызмет ауыстыру, көшу, қону… Ол кезде атқа мініп, ел қамын ойлаған азаматтардың қоныс аударуы да қалыптасқан дәстүрге айналған секілді. 1972 жылы қайтадан «Қызыларай» совхозына қоныс аударды. Содан 1977 жылға дейін шаруашылықтың бас зоотехнигі қызметін мүлтіксіз атақара білді. Бұдан әрі 1977 жылы «Қоңырат» совхозына қызмет бабымен ауысып, бас зоотехник ретінде ілгері шаруашылықтың тасы өрге домалауына өз қолтаңбасын қалдырды. Осы «Қоңырат» совхозында беделі бұрынғыдан да әрі асқақтап, жол бойындағы елді мекеннің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. Осы жерде селолық кеңестің депутаты, партбюро мүшесі болды. Сөйтіп, 1991 жылы зейнет жасына шыққанға дейін Киров селолық атқару комитеті төрағасы қызметін атқарып, тағы да халықтың тұрмыстық, әл-ау қаттық жағдайын шешуде нақтылы іс тындыра білді. Әр отбасы жақсы тұрмыс құрып, қажетін алуға мүдделі. Ол кезде тапшы дүниелерді алу үшін кезекке тұрады, ерекше еңбек еткендерге беріледі. Міне, осы шаруада Турағаң нағыз әділдік орнатты. Ол облыстық, аудандық партия конференцияларына бірнеше рет делегат болып қатысты, абырой биігіне көтерілді. Тиісті орындардан еңбегі лайықты бағаланды, «Еңбектегі жетістігі үшін», В.Лениннің туғанына 100 жылдығына арналған мерекелік, басқа да медальдармен марапатталып, сыйқұрметке бөленді.

Тураағаңның замандасы, кезінде Ақтоғай өңірінде ірі қызмет жасаған, бүгінде Ақтоғай ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Мәдениет Сәтеков өз естелігінде былай дейді.

– Әлі есімде,1961 жылы аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқардым. Жалындаған жастық шақ. Уақытпен санаспаймыз. Шаруашылық аралап жүріп Турағұлмен алғашқы совхоздың бас маманы ретінде жолықтым. Сонда, ата-бабадан қалған кісілік, турашыл, адамгершілік болмысын бірден байқадым. Уақыт өте келе тіптен етене араластық. Бір таң қалғаным, Турағұл отардағы қойды түр-түсімен жоқтайтын. Мәселен, «мынау отардың ішіндегі өткен жолғы қасқа қой қайда кеткен» деп, ферма зоотехнигін, шопанды тықсырып тұратын. Онымен қоймай «семіз еді ғой» деп, әзіл-шынын араластырып қоятын. Ірі қараны да солай түгендейтін. Бір сөзбен айтқанда, қоғам малын көздің қарашығындай сақтауға жан-тәнімен назар аударды. Малшыларды үздік еңбек жетістігі үшін үнемі көтермелейтін, бағалайтын. Мәселен, КСРО мемлекеттік сыйлығының иегері, Жоғары дәрежедегі депутат Сейдіғали Сейілхановтың еңбек шамшырағы болуына Турағұл замандасым айтарлықтай үлес қосты. Мен аудандық тұтыну қоғамында төрағалық қызметінде жүрдім. Сонда, малшының жағдайын дұрыс шешейік, дастарқаны мол болсын, зәру заттарды дұрыс бөліңіздер, олардың да тұрмысы оңалып қалсын деп кеңсеге жиі бас сұғатын деп еске алады.

Мал азығы жетіспегенде фермаларды жұтаңшылық жайлайды, шығын болады. Мәселен, Калинин бөлімшесінде айтарлықтай кемшіліктер орын алып, мал қыстатуды өткізу жөнінде кеңес болып, басшылар да қатты қысылады. Енді не істеу керек? Аудандық партия комитетінің ұйғарымымен іргесі шайқалып тұрған фермаға Турағұл Есбайұлын меңгеруші етіп жібереді. Партия жұмсаған қызметтен бас тарта алмайсың. Турағаң салған бетте-ақ іске бекем кірісті. Ферманы басқарудағы өзінің ой-жоспарын жасады. Сөйтіп, мамандармен ақылдасып, совхоз басшыларымен келісіп, мал басы қырылуға шақ қалған ферманы қаһарлы қыстан аманесен алып шығады. Көп ұйымдастыру жұмысын жүргізеді, қажыр-қайратын жұмсайды. Ұйымдасыру қабілеті зор, іс тетігін білетін маман көпшіліктің құрметіне бөленді.

Ауыл шаруашылығы ісінің іскер ұйымдастырушысы, еңбек ардагері, шежіреші, замандасы Тұрсынбек Жақсыбайұлы да бірде былай деген-ді. –Турағұл нағыз іскер жан еді. Қайда қызмет атқарса да халықтың құрметіне бөленіп, төрден орыны дайын болды. Елге сөзін өткізе алды. Ал, бұл адамға нағыз керек қасиет. Оның ішінде ел басқарсаң тіптен керек. Жездесі Қадашпен сыйластығы өзгеше еді. Сырт көз қызығатындай. Қадаш Қарқаралының азаматы болатын. Ақтоғайда қызмет істеді, кісі түсетін үй болды, дастарқаны кең еді. Турағұлдың балаларын кездестірген сайын өзін көргендей болып, бір жасап қалатынымыз шындық. Турағұл бауырмал еді, туыстарына қатты көмектесті, қолұшын берді.

Ақтоғай өнеріне бір кісідей еңбек сіңірген Тұңғышбай Мұқанов былай дейді.

– Турағұл деген атына сай, өмірде де тура болып өтті. Адам өмірі – өзінің алтын тағы. «Қызыларай» совхозында еңбек етті. Онда да өз ізін қалдырды. Ауыл шаруашылығы маманы ретінде өзінің қарамағында жұмыс жасаған ізбасары Мұхамедия Шардарбеков Тураағаңның азаматтық келбетін жырдай етіп айтады. Ол кісінің қарамағынан өткен зоотехниктің көпшілігі теориялық білімдерін тәжірибе жүзінде ұштастырып, жаңа мектептен өткендей болдық деп отырады. Кейбір адамдар болады. Олардың пікірі «өзім білгенді біреулер білмесе екен» дейді. Тураағаң мұндайларға қарсы тұлға. Өзінің бар білгенін кейінгі жастарға айтып, үйретіп, қолымен көрсетіп кетті. Шәкірттер тәрбиеледі. «Шәкіртсіз ұстаз – тұл» демеуші ме еді қазақ.

Турағұл Есбайұлы малшылардың мәдени-тұрмыстық қызмет көруіне жете назар аударған. Олардың кино көруіне, концерт тыңдауына, газетжурнал оқуына үнемі назар аударып отыратын, сондай-ақ, ел аралауға келген өнер адамдарына өзі де тік тұрып қызмет етіп, алғысын жаудырып, ризашылыққа бөленетін.

Тураағаңның ағасы Медеу ақсақал бәйге аттарын баптаудың шебері еді. Алыста қалған сағым жылдарды еске алуға тура келеді. Алматыдағы дүбірлі додада Медеу ағамыз баптаған Қызыларайдың қара жорғасы өзгелердің жүйріктерін шаң қаптырып, бас жүлдеге ие болған. Бұл да бір ұлттық ерекшелік, қасиет болса керек. Әйгілі Жидебай батырдың ұрпақтары ғой, ат құлағында ойнамаса тағы бола ма?! Жалпы кісілік туралы айтқанымызда шежіреге көз жүгіртеміз, кімнен тарағанын саралаймыз. Сөйтіп, Жұмабай ұрпақтарының арғы атадан келе жатқан тектілігіне көз жүгіртеміз, имандай сенеміз. Сол тектіліктің кейінгі ұрпақтарына жұғысты болғаны қандай ғанибет.

Жұртшылық Турағұл Есбайұлының ұрпақтарының бойынан ізеттілікті, имандылықты, ізгілікті жиі көреді, сүйсінеді.

Оралбек ЖҮНІСҰЛЫ

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.