Төбе бидің төрге озуы

Қазыбек пен Әйтеке екеуі бас қосып ақылдысатын бір мәселе болып, бір орынды уағда қып, ел атасы деп, Төле бидің алдына бармаққа сөз байлапты. Аталған күнде Төле бидің аулына кеп түсіпті. Сәлемдесіп, амандасып далада отырғанда Төле сөз бастайды.

Уа, әлеумет, құс ұшса қанаты талатын, жүрсе тұяғы тозатын ит арқасы қиян қашық жерден келіп отырсыңдар, осы аттың күші қай жерінде? — дейді. Сонда біреу «аттың күші алдында» дейді, біреу «аттың күші артында», енді біреу «аттың күші ортасында» дейді. Төле ортасында дегенге қадала бір қарайды да: «Аттың күші алдында да болмай, артында да болмай, ортасында болатын себебі қалай?», — дейді.

Бас – басшы, арт қосшы, астында төрт тіреуі бар – ортасы арқалық емес пе? Күш ортасында болатын себебі сол – дейді соңғы айтушы. Тағы да Төле:

«Бұрынғылар айтқан екен, «би екеу болса, дау төртеу болады» деп, үш ел өр жаққа тартып, дау бітімі бытырамасқа төбе би атап қойса қалай болар еді?» дейді. Оған қауым «дұрыс» дейді. Бірақ, төбе билікке талас туады. Ұлы жүз: «Біз боламыз, өйткені жасымыз үлкен ағамыз», Кіші жүз: «Біз боламыз, өйткені қара шаңырақтағы кенжелік жолымыз бар», – дейді. Сонда манағы аттың күші ортасында деген жігіт отырып:

«Аға төреші болмайды, алдында қаймығары жоқ. Іні төреші болмайды, артында қайрылары жоқ. Айбар қылар алдында ағасы бар, қаймығарлық артында інісі бар, екі жағынан да сүйеуі бар, билікті айтатын төбе билік ортаншы ұлға лайық!», – дейді. Төле қарт сонда жігіттерден жөн сұрайды. «Аттың күші басында» деген ұлы жүз жігіті, «Аттың күші артында» деген Әйтеке, ал «аттың күші ортасында» деген жігіт Қазыбек болып шығады.

«Қой асығы демеңдер,

Қолыңа жақса сақа қой.

Жасы кіші демеңдер,

Ақылы асса аға ғой», – деген бұрынғылардың айтуы бар еді, уа, жаным, Қазыбек, төбе билікті саған бердік, айтқан сөздеріңнің бәрі жоба болсын, – деп Төле оң жағына отырғызып, батасын береді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.