Саран

Саранда волейболдан жарыс өтті

Саранда Жастар жылы мен қаланың 65 жылдығына орай, волейболдан қала әкімінің кубогі өтті. Аталмыш шара қаладағы олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінде ұйымдастырылды.

 

Шара мақсаты – Елбасы жолдауын жүзеге асыра отырып, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, спортқа деген құлшынысын арттыру.

– Мемлекет басшысы жариялаған Жастар жылы аясында ұйымдастырылған спорт бәсекесінің маңызы игі. Жастардың спортқа деген қызығушылығын көріп қуанып қалдым. Жеңіс тұғырынан көрінген командаларды құттықтаймын. Шараға атсалысқан баршаңызға алғысымды білдіремін. Қаламызда мәдени-спорттық шаралардың көптеп өте беруіне мүдделіміз, – деді құттықтау сөзінде қалалық мәслихат хатшысы Өміржан Баймағанбетов. Сондай-ақ, қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ринат Тілеубеков, олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебі директорының орынбасары Талғат Қуат және қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Әлібек Рахымжанов сөз сөйлеп, сәттілік тіледі.

Жарыс қортындысында жалпы есеп бойынша ерлер арасында III орынға №44803 әскери бөлімі, II орынға «Меткан XXI век» ЖШС, I орынға Абай Құнанбаев атындағы Саран гуманитарлық-техникалық колледжі командалары табан тіреді. Ал, әйелдер арасындағы додада III орынға №6 орта мектебі, II орынға Абай Құнанбаев атындағы Саран гуманитарлық-техникалық колледжі, I орынға №4 орта мектебінің спортшылары ие болды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды. Төрешілік еткені үшін Вероника Клитвинаға, Светлана Косьяненкоға, Арман Байқадамовқа диплом табыстады.

Қасымхан ҒАЛЫМ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button