Рухы биіктей берер тұлға

       Ел мен жердің мәртебесін көтерген, мерейін өсірген тұғыры биік тұлғалар текті топырақ – Жаңаарқа өңірінен де көптеп шыққан. Тарихтың бетін парақтасаң, ғасырлар қойнауының қатпарына қадала көз жүгіртсең, елдің еңсесін биіктеткен, ауыл-аймақтың абыройын асқақтатқан жақсы-жайсаңдар мұнда да шоқ жұлдыздай шоғыр-шоғыр. Солардың бірі – көрнекті ғалым, қажырлы қайраткер, ел мен жердің тамыршысы Еламан ШАХАНОВ еді.

Иә, менің жан досым, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, биология ғылымдарының докторы, ірі генетик, селекционер ғалым Еламан Шахановтың жарқын бейнесі әлі күнге дейін көз алдымызда.

1991 жылы, еліміз тәуелсіздігін алмай тұрып, Кеңестер Одағының бас қаласы Мәскеудегі Тимирязев атындағы академияда Еламан докторлық диссертациясын қорғады. Соған Алматыдан дос-жолдастары – Қапан, Сардар үшеуміз арнайы бардық. Не нәрсенің де қат болып, ұшып тұрған уақыты, қиын бір кезең еді. Үшеуіміз досымыздың жүгін жеңілдетейік деп Алматыдан артынып-тартынып жетсек, намысшыл әрі өз жұмысының қандай дәрежеде екендігін көрсетуге жанын салып, қорғауға дайындалған досымыздың кешке қонақүйге келіп аяғын шешкенінде табанының тілініп кеткенін көрдік. Ал қорғау қалай өтті десеңізші?! Еламан жан-жақтан қойылған сауалдардың барлығына айызды қандыра жауап беріп, мүйізі қарағайдай Мәскеу академиктерін таңғалдырды. Қорытынды сөз сөйлеген төраға Қазақстан ауыл шаруашылығының оның ішінде генетика, селекция бағытының болашағы ересен, өйткені, Шахановтай ғалым қай елдің де ғылымын алға апарады деп бағасын берді. Сол сәтте біздің төбеміз көкке тиіп-тиіп кеткендей болды.

Өмірінің соңғы сәтіне дейін жұмысынан кетпеген Еламан досым астық тұқымдастар мен екпе шөптің 12 жаңа сортын шығарып, оларды аймақтарға арнайы аудандастырып, кереметтей өнім алды. Ол еркекшөптің «Прогресс 85», «Толағай» сорттарын, ситников қияғының «Старт 116», түйежоңышқаның «Көкпекті» және «Қайнар» сорттарын, соргоның «Цунами 80», шалғындық бозоттың «Қарғалы», жұмсақ бидайдың «Ертіс 97» сынды сорттарын шығарып қана қоймай, соларды жерсіндіріп, өзі басқарған 3 бірдей тәжірибелік-зерттеу стансаларында тәжірибеден өткізіп, олардың Қазақстан аумағына тарауына күш салды. Ол дүниежүзілік селекция-генетика тәжірибесінде бірінші рет қуаң аймақтарда сирек кездесетін жемшөптік өсімдіктердің эксперименттік жолмен полиплоидтік түрлерін – хромосома санын диплоидтен октаплоидқа дейінгі деңгейге жеткізіп, дүниежүзілік генқорының коллекциясын толтыруға және ауыл шаруашылық дақылдардың селекциясын әрі қарай дамытуға мүмкіндік ашты.

Біз, оның достары, Еламанның осының барлығына қай кезде үлгеретініне тіптен қайран қалатынбыз. Ол да біздермен бірдей қонаққа барып, өзі үйіне Мырзабала десе мырза жарының мол қолымен жайылған дастарқанына мейман шақыратын, отырған жерінде біліктілігімен, білімімен алқақотан отырған жұрттың барлығын аузына қарататын. Тіпті, оның білмейтін саласы жоқ еді. Ол елдік тұрғыда айтылатын ел мен жер шежіресі ме, Мәшһүр Жүсіп, Иманжүсіп сынды тұлғалар дейсіз бе, құдай-ау, білмейтіні жоқ, әлем тарихы ма, өмірден өткен арыстар жайында ма, ғылым саласы ма – көшелі әңгімеде тайпалған жорғадай қамшы салдырмайтын. Ірі ғылыми орталарда да шоқтығы биік отыратын. Мен кейде Сәкеннің бір әндерін айтып қайырып тастағанда, ар жағында мынасы-мынасы қалды ғой деп, жатқа тарсылдатып айтып отыратын.

Жоғарыда айтқандай, екеуміздің жасымыз қатарлас болғанымен, көп ретте ол маған ағадай ақылшы еді. Мен 1986 жылы Талғар ауданында учаскелік ауруханада бас дәрігер болып жүргенімде Талғар аудандық партия комитетінің хатшысы Әлихан Тойбаев шақырып алып: «Алтын дән» атты ірі санаторийдің бас дәрі­гері әйел адам еді, істі болды, орны босап жатыр, соған сені ұйғарып отырмыз, бірінші хатшымен сөйлесіп қойдым», деген. Мен ол кісіге ауруханада істеп қалған адаммын, санаторийдің жұмысын білмеймін, деп қашқалақтап едім, Әлихан Әбдіханұлы ойлан деп уақыт берді. Сосын ол кезде аспирантурасын бітіріп, кандидаттығын қорғаған досым Еламанға:

– Маған осылай санаторийдің бас дәрігері бол деп жатыр, мен бұрын ондай жұмысты істеп көрген жоқпын, қолымнан келмей ме деп қорқамын, әрі бұрынғы бастығы істі болыпты, – дедім. Сонда Еламан:

– Енді ауданда маман жоқтығынан саған ұсынып отырмаған шығар, егер ол кісілер ұйғарып отырса, қорықпа, сенің қолыңнан келеді, бер келісі­­мің­ді, – деп кесіп айтты. Жұмысқа бұйры­ғым шы­ғып, орныма отыр­ғаннан кейін Еламанға телефон соқтым. «Отырдың ба, онда қазір ке­лемін», – деп түс кезінде санаторийге жетті.

Бастықпын, орнымда отырмын, бірақ неден бастарымды да білмеймін. Сонда Еламан тұрып:

– Былай істейік, мен енді дәрігерлік жағынан саған еш кеңес бере алмаймын, ол жағын өзің қатырасың, ал енді екеуміз шаруашылықты ара­ла­йық­,­ – ­деді. Сөйтіп, шаруашылықты аралап ақыл-кеңесін берген еді.

Кішкентайдан құлын-тайдай тебісіп өс­кен досым әрбір қуанышын бірінші болып менімен бөлісетін. Бірде Бурабайға телефон шалып:

– Сенімен бір жақсылықпен бөліскелі тұрмын. Өзіміздің ағамыз, қазақтың мақ­танышы Кенжеғали Сағадиев ағамыз­бен Құдай қосса Құда боламыз, – дейді.

Құданы Құдай қосады дейді, рас шығар, Еламан мен Кенжеағаң ағалы-інідей болып кетті. Араларындағы ерке неме­ре­лерін қызықтап отырып, екеуінің сөз жарас­тырып, әңгімелескенін көрудің өзі бір ғанибет еді. Екі академиктің әңгіме­­сін тыңдағанда өзіңді де ерекше сезі­нетін­сің. Кенжеағаң мен Нағытай жеңге­міз әлі күнге дейін Еламан­ның отбасына, туған-туыста­рына, біз­дер­дей достарына жылылығын сеуіп келеді.

1993 жыл болатын. Бір күні жұмыста отыр едім, Еламан телефон шалып:

– Мырзабала жұмыста, мен қазанға ет салып қойдым, Иген Хасенов, Құлмағамбет Ахметов және жоғарыдағы Қапан досымыз бар, бәрің біздің үйге келіңдер,– деді. Не болып қалды екен, деп барсақ:

– Мені білесіңдер, бар өмірім жаңа сорттар шығаруға арналды, бірақ заман мынадай болды, енді сол жұмыстың барлығы далада қалайын деп тұр. Іске аспай қалмасын деп Павлодардың ғылыми-зерттеу институтына барып, еткен еңбегімді қолдансам деймін, не айтасыңдар, – дейді.

Әрине, құлдырап кеткен институттардың бірнешеуінің басын құрастырып, жаңадан басқа іргелі институтқа айналдырудың оңай еместігін білемін деп кеткен досымыз, аз жыл ішінде сол орнында керемет жетістіктерге жетті. Еңбегі еленіп, Павлодар қаласының Құрметті азаматы атанды. Одан Бараев атындағы институтты басқарды. Оның да табысын шарықтатты. Ал, 2003 жылы Еламан досым үшінші рет Орталық Қазақстан ғылыми-зерттеу институтының басшылығына барып, оны да тұралап жатқан жерінен желкесінен сүйрегендей алып шығып, соңғы сағатына дейін басқарып жатты. Өмірінде мемлекеттен алған жалғыз марапаты – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағын да осында жүргенде алды.

Кейде досымды сағынып кеткенде ойым сонау бала кезге кетіп қалады. Жалпы, біздің достығымыз сонау Желтау, Жамантастағы балғын шағымыздан басталып, жібек желідей жалғасып, өмір бойы үзілмеді. Қай қиырда жүрсек те, өмірдің қандай қиын-қыстау кезеңдерінде де бір-бірімізден қол үзген жоқпыз. Қашанда бір-бірімізді арқа тұттық, сүйеу болдық. Бірде-бір рет қабақ шытысқан, көңілге реніш салған кезіміз болған жоқ. Біз достыққа адал, сертке берік едік…

Анам қайтыс болған 1954 жылы мен ауданда оқып жүрдім. Ол әкесі мүгедек болғандықтан, күндіз жұмыс істеп, кешкі мектепте оқыды. Еламанның үйі мен жатқан үймен көршілес-тін. Сонда марқұм Жамал шешеміз маңдайымнан сипап, Еламанынан еш кем көрмейтін. Сапар деген ағасы бар, ол кісі де сен екеуіңді бөлмеймін деп бірдей жақсы көрді. Ол бала кезінен әр нәрсені өлшеп, болжап, безбендеп жүруімен ерекшеленетін. Сол ойлылығы 8-сыныпты қазақ мектебінен үздік тәмамдаған Еламанды орысша кешкі мектепке алып келген. Сонда неге олай еттің дегенімде: «Ағам Сапар үй жағдайына байланыс­ты 9-сыныптан кейін оқуды тастап, шаруашылыққа араласып кетті, менің оған көмектесуім керек әрі ертең үлкен қалаға барып институтқа түскенде орысша білмесем қалай оқимын», – ­деді.

Қазір ойлап отырсам, ол сол ба­ла кезінен-ақ өмірді болжап, алдын ала жоспар құрып жүреді екен. Ел­аман сол кешкі мектепті де алтын медальмен аяқтап, Алматыдағы Ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсті. Оны да қызыл дипломмен тәмамдап, аспирантурада қалды. Институтта істеді. Балалы-шағалы болды. Ағасы мен Еламан өмір­­ден озғанша анасындай сыйлап өткен Күләш жеңешесі оның оқуына көмек­тесіп, ауылдағы анасын бақса, кейін Сапар аға әбден жігіт ағасы атанып, қырықтың қырқасына шыққанда Еламан қоярда-қоймай жүріп ағасын оқытты.

Шүкір, Сапар ағаның да, Еламанның да арты жақсы. Досымның жан жары Мырзабала артындағы шаңырағының берекесін келтіріп, немерелерінің қызы­ғына бөленуде. Бір ұл, екі қызы бар еді, Еламанның өзіне тартқан Дария деген сүйікті қыздары 33 жасында дүние­­ден озды. Еламан өте жақсы көретін өзін. Досымды қара жер қойнына тапсырған соң аяқ астынан ұлы Тимур да әкесінің артынан кетті. Ал Тимурдан Дархан атты немересі бар, тіл-аузымыз тасқа, келешекте Еламанның орнын ба­сайын деп тұр. Кішкентай күнінен қасына алып тәрбиелеп, тура өзіндей қылып тастап кетті. Қазір Дарханға қарасам көзім де, көңілім де тояды. Оның ғұмыр жасының ұзақтығын тілеудемін.

Еламан ауырғандағы Мырза­­ба­­ланың оны қалай күтімге алғанының өзі жеке әңгіме. Соның арқасын­да Ел­аман қатерлі обыр дертіне шалдыққанымен, бір қырым етке жүдеген жоқ, түрін бермеді, түсін бермеді, қайтарынан аз-ақ бұрын Серік Қирабаев аға мен Әлия Бейсенова тәтеміздің мерейтойына барып, басынан аяғына дейін отырды. Сонда аға мен тәтеге деген құрметімді көрсетейін, әрі мұндай ортада қайта отыра алмаспын деп өзінің санаулы күндері қалғанын біле тұрып, мерейтой иелеріне деген інілік ізетін көрсеткенінің өзі кейінгіге үлгі болар іс қой.

Сөйткен досымның жетпіске жетпей желкені жығылды. Жабысып алып шықпай қойған дауасыз дертке дес берді. Уақыттың межесінен аттамай, фәниден бақиға озды.

Досымды соңғы сапарына, ауылға Ата­суға арулап алып бардық. Қаралы митин­гіде толқып тұрып, жаңаар­қа­лық­тарға:

– Екі жыл бұрын академик Ғабдолла Құлқыбаевпен қоштасқандағы өксігіміз басылып, Ақселеуден айырылғандағы көз жасымыз құрғамай жатып, Еламанды көлденең салып алып келіп отырмыз, азаматтарымыздың артының қайы­рын берсін, – деп көңіл айттым, халық күңіреніп жылап кетті.

Аптал азаматтарын ардақтап, құрмет тұту – өсер елдің өнегелі парызы. Бұл тұрғыда қашаннан дәстүрге берік Жаңаарқа жұртшылығы академик жерлестері Еламан Шахановтың есімін мәңгі есте қалдыруды ойластырып жатыр деп білеміз. Өз тарапымыздан ұсынымыз – Еламан оқып-бітірген №132 мектепке есімін берсе лайық болар еді.

Жоғарыда айттым ғой, шүкіршілік етерім, Еламанның артында ел игілігі – шығарған жаңа сорттарымен бала-шағасы, Сапар ағаның азамат ұлы Саят бар. Мына өмірден ұққаным, жақсы адамның арты да жақсы болады екен. Бүгінде өзі ашып беріп кеткен шаруашылықты қызы Меруерт пен немересі Дархан дөңгелетіп отыр. Мырзабала мен Жанна келін әулеттің шып-шырғасын шығармай, Сапкеңнің Саят бастаған бала­лардың қамқорлығымен, Еламан сал­ған жолмен тату-тәтті әулет өмірін жалғас­ты­рып жатыр. Құдай ұзағынан сүйіндірсін! Жақсылардан қалған із өшпегей!

Әбілхакім АҚМЫРЗИН,

Қазақстанның еңбек сіңірген

қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері.

CУРЕТТЕ (оңнан солға қарай): Академиктер Кенжеғали Сағадиев, Еламан Шаханов және мақала авторы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.