Баған

Ұрпақ тәрбиесінде ұқыптылық қажет

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында «зор мәдени жетістіктер шоғыры даламызға сырттан келген жоқ, керісінше, көпшілігі осы кең-байтақ өлкеде пайда болып, содан кейін Батыс пен Шығысқа, Күнгей мен Теріскейге таралды» дейді. Сол мәдени жетістіктердің озығы – атадан балаға аманат болған ұрпақ тәрбиесі дер едім.

«Балаң жақсы болса, жердің үсті жақсы, жаман болса, жердің асты жақсы». Асырып айту мүмкін бе? Жоқ. Айта алмаған соң да астарына үңілеміз. Астарлы ойдың алтын қазығы, әрине, бала тәрбиесі.

Қалай болғанда да ұрпақ тәрбиелеудегі ұқыптылық мәселесі ұлтымызда кенже қалып көрген жоқ. «Жеті атасын білмегенді жетесізге» теңеп, жеті атаға дейін қыз алыспауды, сол арқылы қан тазалығын, рух һәм тән тазалығын, түптеп келгенде бала тәрбиесін дұрыс жолға қоюды көкседі емес пе, бағзы бабалар? М.Әуезовтің «ел боламын десең бесігіңді түзе» деуі де осыған саяды. Қан тазалығы турасында қадым замандарда қадап айтқан қазақ халқының даналығын медицина жиырмасыншы ғасырды алқымдап барып дәлелдеді. Ұлт сауатын осыдан-ақ аңғара беріңіз!

Сауаттылық демекші, есігіне құлып ілгізбеген, даласына түрме тұрғызбаған Ұлы Даланың ұлқыздары жетімдік пен жесірлік ұғымын да қаперінен шығарып алған жоқ. Қай мемлекеттің болсын, ішкі тұрақтылығы мен дамуына даңғыл жол салатын – отбасы құндылығы. Әйтпегенде, «қара қазан, сары бала қамы үшін қылыш сермеген» (Махамбет) батырың да, «баламды медресеге біл деп бердім» (Абай) дейтін ақының да Алаш үшін азап шегіп несі бар? Алтай мен Атырау, Арқа мен Алатау арасындағы ұшқан құстың қанаты талып, шапқан тұлпардың тұяғы тозатын байтақ даланы аманат етер адамзат баласы қайтсе де табылар еді.

Солай бола тұра, «жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған ел» ретінде еңсе тіктедік. Дүниежүзі тарихындағы жоқ гуманизм қазақ даласында болды. Сондықтан, «балалы үйдің базар, баласыз үйдің мазар» екенін білген ұлт қана бойында қасық қаны бар жақынына жамандық жасаудан басын аулақ салмақ. Әйгілі ӘбуНасыр әл-Фараби «тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» екенін әлденеше ғасыр бұрын айтып тұрып, саналы ұрпақ тәрбиелеудің сыр сандығын айқара ашты. Ал, осы күнгі атаана парызы – осы нақылды үнемі ой түбінде ұстап, көңіл көкжиегіне көтеру. Сонда ғана соңымыздан ерген ұрпақ адал да абыройлы болмақ!

Қадиша ОСПАНОВА,
«Nur Otan» партиясы
Қарағанды облыстық филиалы
төрағасының бірінші орынбасары

Басқа материалдар

Back to top button