Облыс әкімі

Құрметті Көлік саласының қызметкерлері мен ардагерлері!

Кәсіби мерекелеріңіз – Көлік саласы қызметкерлерінің күніне орай, ыстық ықыласымызды, шын жүректен құттықтауымызды қабыл алыңыздар!

Сіздердің адал еңбектеріңізсіз біздің күнделікті тыныс-тіршілігімізді елестету мүмкін емес. Тынымсыз қозғалыс, қауіпсіздік, нақтылық пен тасымалдаудың сапасы ауқымды инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Дамыған көлік инфрақұрылымынсыз халықтың әл-ауқатын арттыру, өнеркәсіптік өсім сияқты мәселелерді шешу мүмкін емес. Міне, бұл күні осы сала жұмысы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмаларын орындау жолында жүйелі жолға қойылып, ілгері қадам басуда.

Межелі міндеттерді орындауда теміржол көлігінің орны – ерекше. Болат магистральдардың еліміздің көлік саласындағы маңызы зор. «Қазақстан темір жолы» РМК Қарағанды филиалы көптеген жылдар бойы жолаушылар мен жүк тасымалының үздіксіз әрі қауіпсіз болуын қамтамасыз етіп келеді. Жыл сайын Қазақстанның теміржол саласы үздік бағаға лайық болуда.

Біздің өңір экономикасын дамытуда автокөлік саласының да үлесі басым. Сенімді және қауіпсіз автокөлік қозғалысы елді мекендер өмірінің негізі болып табылады. Сондай-ақ, қалалар мен өңірлерді өзара байланыстырады. Қолжетімділік, технологиялық және коммерциялық икемділік автокөлік саласының үдемелі дамуына негіз болады. Ол қоғам өмірінің барлық саласына оң әсер етеді.

Облыстың әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуде Қарағанды қаласы «Сарыарқа» әуежайының да маңызы зор.

Өндірісті өлкеміз экономикасының дамуы, көбінесе, көліктік-коммуникациялық кешеннің ахуалына байланысты. Біз жыл сайын автокөлік жолдарының құрылысына, жөндеуіне бөлінетін, көліктің барлық түрлерінің облыс ішіндегі үздіксіз қатынасын реттеуге бағытталған бюджет қаражаты көлемін ұлғайтамыз. Бұл қаражаттың тиімді жұмсалуы аса маңызды. Себебі, көліктік-коммуникациялық инфрақұрылымның дамуы – өңірдің үдемелі дамуына, инвестициялық тартымдылығын арттыруға, облыс тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға жол ашады.

Қымбатты достар!

Іске адалдық, жауапкершілік сияқты қасиеттеріңіз және кәсіби шеберліктеріңіз үшін Сіздерге алғысымыз шексіз!

Сіздерге және Сіздердің отбасыларыңызға шын жүректен зор денсаулық, баянды бақыт, ырыс-береке, елдің гүлденуі жолындағы еңбектеріңізге жаңа жетістіктер тілейміз!

Н.ӘБДІБЕКОВ,

Қарағанды

облысының әкімі.

Р.ӘБДІКЕРОВ,

облыстық

мәслихаттың

хатшысы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button