Жаңалықтар

Петр ТЕРЯЕВ

Петр Иосифович Теряев 1922 жылы Қарқаралыда туды. 1940 жылдың желтоқсанында армия қатарына шақырылып, Орынбор әскери ұшқыштар училищесіне қабылданды. Петр 1943 жылдан бастап соғысқа қатысты. Ержүрек ұшқыш Донбасты, Қырымды, Севастопольді, Беларуссияны, Балтық бойын азат ету соғыстарына қатысып, сан рет ерлік көрсетті. Ол, тек, Донбасс пен Қырым аспанында ғана жаудың тоғыз самолетін атып түсірді. Әуеден шабуылдап, 14 танк, 19 зеңбірек, 23 бронетранспортер, 43 автомашина, басқа да толып жатқан жау қаруын қатардан шығарды. Ол 154 рет жауынгерлік тапсырмамен аспанға көтеріліп,
дұшпанға соққы берді.

Майдандағы алғашқы екі жылдың өзінде ол төрт мәрте жауынгерлік Қызыл Ту, «Александр Невский», І дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен марапатталды.

1945 жылғы ақпанның 15-де Кенигсбергке жойқын шабуыл басталды. Жиырма үш жасар командир, гвардия майоры Петр Теряевтің эскадрилиясына ерекше тапсырма жүктелді. Осы жолы гитлершілер атқан оқ Петр Теряевтің ұшағына тиді. Ол өзінің даңқты әріптесі Николай Гастелло және жерлесі Нұркен Әбдіровтің ерлігін қайталап, фашист танктері иіріліп тұрған алаңға қарай жанған самолетін бұрып әкелді. Сөйтіп, қаза болса да, өшпес даңққа бөленді.

КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасы 1945 жылғы сәуірдің 19-да ІІІ Белорусь майданы 1-ші Әуе Армиясы, 1-ші гвардиялық әуе шабуылы дивизиясының 76-шы шабуыл полкіне қарасты звено командирі, гвардия майоры Петр Иосифович Теряевке қаза болғаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағын беру туралы Жарлық шығарды.

Батыр жерлесіміздің денесі қазіргі Калининград қаласы іргесіндегі «Жеңіс» ескерткіш кешенінде жерленген. 2-ші гвардиялық армияның 1200 солдаты мен офицері жерленген бұл бауырластар зиратының тақтасында Петр Теряевтің де есімі бар.

Петр Теряевтің есімі Қарқаралының бір көшесіне берілген. Шыңғыс Қазақстан облысындағы Жарма ауылында Петрге мүсін тұрғызылған. Ол мұнда бозбала шағын өткізген еді. Литвадағы №97 мектепте Петр Теряевтің мұражайы бар. Семейдегі автоме-ханика техникумы үйіне батырдың есімі жазылған ескерткіш тақта қойылған.

Басқа материалдар

Back to top button