Педагог мәртебесі: тынымсыз тексерістер толастай ма?

Қазір ешкімнің де мұғалім болғысы келмейді. Өйткені, қоғам алдында мұғалімнің беделі төмендеп кеткен. Жас мамандар аталған мамандықты игерудің тиімсіз екенін жиі айтады. Дегенмен, жақында қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» Заң аясында бір жарым миллионнан астам мұғалімнің жұмысы жеңілдемек. Айтулы жаңалық облыстағы жиырма мыңға жуық мұғалімді таң қалдыра алды ма? Ең бастысы мұғалімдердің талап-тілектері қаншалықты ескерілді?

ЖАЛАҚЫ ӨСЕ МЕ?

Жалақыны көтеру 1 қаңтардан бастап жүзеге асуда. «Осы мақсаттар үшін 2020 жылы облыс бюджетіне толық көлемде республикалық бюджеттен 21,161 млрд. теңге бөлу көзделген. Қаржы педагогикалық шеберлік біліктілігі, дәптер тексеру, сынып жетекшілігі және тағы басқаларына бағытталады», – дейді облыстың білім басқармасының маманы Гүлдана Нұрсұлтан.

Бұған дейін Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жаңа заң аясында сынып жетекшілігі үшін 173 мың мұғалімнің, ал дәптер тексергені үшін 165 мың мұғалімнің қосымша ақысын екі есеге көбейтуге, 212 мыңнан астам қызметкердің біліктілік санаты үшін айлық жалақыдан 30-дан 50%-ға дейінгі мөлшерде қосымша ақы алуына мүмкіндік берілгенін айтқан болатын. Сондай-ақ, биылғы қаңтардан бастап 7 мың қызметкерге магистр дәрежесі үшін 10 АЕК мөлшерінде 25 250 теңге қосымша ақы алуына, 18 мың қызметкерге тәлімгерлік үшін (орта білім беру ұйымдарында алғаш рет жұмыс істей бастаған педагогтарға бір оқу жылына тәлімгерлер бекітіледі) 17 697 теңге қосымша ақы алуына мүмкіндік берілмек. Мұғалімдер қауымы жаңалыққа ерте қуанбайтынын айтады. Өйткені, мұғалімдер орташа жалақы деңгейін көтеру мәселесі заң аясында әлі де толық қарастырылуынан үмітті. Мәселен, «ресми деректерде Қазақстанда орташа жалақы деңгейі 162 мың теңге деп көрсетіледі. Ал, шынтуайтында мұғалімдердің алатын орташа жалақысы 102 мың теңге» дейді бастауыш сынып мұғалімдері. Десек те, «Жалақыны біліктілікті арттыру тестілеу арқылы көбейту көзделген. Мысалы, жалақысы 87 мың теңге болатын. Ұстаз тестілеуден өтіп, «шебер» атағын алса, 40 мың теңге қосылуы мүмкін» дегенді естіген мұғалімдердің әлі де үміті зор. Оның үстіне, заңда халықаралық олимпиада, түрлі байқау және спорт жарыстарының жеңімпазын дайындаған мұғалімге үш еңбекақы мөлшерінде сыйақы беру қарастырылыпты. Не болса да, қаңтардың соңын күтеміз…

КЕЛЕСІ ЖЫЛЫ ОҚУ ЖҮКТЕМЕСІ АЗАЯДЫ

Заңда 2021 жылдың 1 қыркүйегінен бастап, орта білім мекемелеріндегі педагогтердің нормативтік оқу жүктемесін 18 сағаттан 16 сағатқа төмендету жөнінде норма бекітілді. Оқу жүктемесін азайту аясында, алдағы уақытта «қағазбастылықтың» жойылуы бек мүмкін.

– Заңдағы екі жаңалыққа қуандым. Соның бірі – қағазбастылықтан арылту. Кейбір мұғалім аптасына (мұғалім жетіспегендіктен) 24-27 сабақ өткізеді. Сабақ кестесіне күніне 4 — 6 сабақ еріксіз тықпаланады. Күніне осынша сабақ беріп, қағаз толтырған мұғалімде қандай денсаулық қалады, қандай нәтиже күтеміз? Мысалы, Еуропаның бірқатар дамыған елдерінде мұғалім мемлекеттік қызметкер дәрежесінде саналып, арнайы құқықтық жағынан мәртебелі орын алады. Ал, Жапонияда ағарту саласы қызметкерлері туралы арнайы заң бар екен, – дейді бастауыш сынып мұғалімдері.

ЕР МҰҒАЛІМДЕР САНЫ КӨБЕЮІ МҮМКІН

Заңдағы тағы бір ескерерлік жайт – ЖОО-дан басқа білім беру мекемелеріндегі мұғалімдерді әскерге шақыруды кейінге қалдыру. Бұған дейін де педагог мамандығына ер адамдардың қызығушылығы төмен болатын. Қазіргі таңда артып келеді деуге де негіз жоқ. Өйткені, ер мұғалімдердің аздығы еңбекақының төмендігінен болған. Десек те, Заң жобасында мұғалімнің кәсіби өсуіне мүмкіндік жасау тетіктері бар. Сондай-ақ, заңда ауылдық елді мекендерге кәсіптік қызметін жүзеге асыру және тұру үшін келген педагогке көмек көрсетілмек. Жергілікті атқарушы билік органдарының шешімі бойынша көтерме жәрдемақы беріліп, тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін әлеуметтік қолдау қарастырылыпты. Педагогтердің балаларына мектепке дейінгі ұйымдардағы орындар бірінші кезекте берілетінін де айта кеткен жөн.

«МҰҒАЛІМ ҚОЛБАЛА ЕМЕС»

 Енді педагогтерді өзіне тән емес жұмысқа тартуға болмайды. Заңда мұғалімдерге қызметіне қатысы жоқ шараларды атқаруға міндеттеген тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту көзделген. Егер педагогті кәмелетке толмағандар қорласа, онда айыппұл олардың ата-аналарына немесе оларды алмастыратын адамдарға – 20 АЕК (53 020 теңге) салынады. Қайта тәртіп бұзғанға 30 АЕК айыппұл бар. Педагогтердің жеке тұлғасына тіл тигізгені үшін 30 айлық есептік көрсеткішті (АЕК – 79 530 теңге) құрайды. Егер осындай бұзушылық бір жыл ішінде қайталап жасалса, онда 40 АЕК (106 040 теңге) мөлшерінде айыппұл немесе бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамау көзделген. Көзделмеген есептілікті талап еткені үшін сондай-ақ ескерту, қайталап бұзғаны үшін 20-дан 120 АЕК-ке дейін айыппұл салынбақ. Бұл талапты педагогтер қауымы көп күтті. Ұстаздарды сенбілікке шығарғандардың жауапкершілікке тартылатыны да көптен бері жауабын таппай жүрген сауал еді.

– Мұғалімнің ар-намысына нұқсан келтіру фактісі Әкімшілік кодекстегі жеке бап бойынша жазаланады. (30 АЕК көлемінде айыппұл, қайталанған жағдайда әкімшілік қамауға алу жазасы да бар). Бұл – мұғалімнің әркімнің айтқанына көніп, айдауында жүретін қолбала еместігін айқындайды, – дейді ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Меруерт Мирасқызы.

ЗЕЙНЕТ ЖАСЫ ӨЗГЕРІССІЗ ҚАЛДЫ

Заң дайындалу барысында мұғалімдер зейнетке шығу жасын 50- 55 жасқа дейін қысқарту немесе 30 жылдық жұмыс өтілі бар мұғалімдерді зейнетке жіберуді сұраған. Оған қоса, ауылдық жерде тұратын мұғалімдерге берілетін атаулы әлеуметтік көмекті («Білім туралы» Заңның 53-бабында әлеуметтік кепілдер бойынша төленетін төлемдер – ред.) республикалық бюджетке қарату да педагогтердің ұсыныс тілегінде болған-тын.

– Педагогтердің басым көпшілігінің күткені зейнетақы еді. Өкінішке орай, бұл өзгеріссіз қалды. 60-қа келген мұғалімге дене шынықтыру, не бастауыш сыныптарда сабақ өткізу жеңіл емес. Зейнетке шығып, бір-екі жылдан кейін оның қызығын көре алмай өмірден өткен ұстаздар қаншама?! Өзгерістер сағат сайын орын алып жатқан заманда орта жастан асқан адамға тың жаңалықтарды қабылдау, қолдану оңайға соқпасы белгілі, – дейді ардагер педагог Тілеуғалы Әміртайұлы.

Аяулым СОВЕТ