Жаңалықтар

“Партия – билік пен халық арасындағы алтын көпір”

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Қазақстан халқына Жолдауында «Nur Otan» партиясы еліміздің жетекші саяси ұйымына жүктелетін күрделі әрі жауапты міндеттерді дәйекті түрде іске асырып отырғанын жеткізген еді. Сондай-ақ, жуырда өткен партияның Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ партияның белсенді мүшелерін топтастыру, жемқорлықпен күресті күшейту және партиялық жауапкершілікті арттыруды тапсырған болатын. Осы мәселелерге қатысты облыста атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың жайын білу мақсатымен «Nur Otan» партиясы Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша ОСПАНОВАНЫ әңгімеге тартқан болатынбыз. Сонымен…

– Қадиша Базарбайқызы, Президенттің Қазақстан халқына Жолдауы аясында партия филиалына нендей жүк артылып отыр?

– Партияның бүгінгі басты мақсаты – тұрғындар сенімін қайтару. Бұл жұмыс қалай жүзеге асатын болады? Айтайын, ең алдымен жерлестеріміз бен партия мүшелері арасында сенімді диалог орнауы тиіс. Диалог деп отырғанымыздың өзі құрылымды болуы шарт. Азаматтар құқығы аяқасты қалмауын алға тарта білуіміз керек. Яғни, жекелеген тұлғаның жекелеген мәселесіне діттеп үңілу қажет. Азаматтық қоғам мен билік арасындағы байланыс деп отырғанымыз – осы! Азаматтық қоғамды дамытуды Елбасы да айрықша атап өткен болатын. Жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан түйткілді мәселелер бар. Соның шешімі – Жолдауда нақты көрсетілген. Әр отандасымыз өзін толғандырып жүрген сауалдың жауабын Жолдаудан таба алды деп сенемін. Түптеп келгенде, партияның алға қойып отырғаны – тұрғындардың көкейкесті мәселелеріне құлақ түріп, Президент ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын қалыптастыру.

– Яғни, тұрғындарға мемлекеттік қол­даудың тиімді жолдары түсіндіріле ме?

– Дұрыс айтасыз. Осы күні түрлі шерулер мен ереуілдердің орын алуына да түсіндіру жұмыстарының аздығы себеп болып отыр. Әрине, Ата Заңда атап көрсетілгендей, кез келген Қазақстан азаматы өз пікірін білдіруге құқылы. Оған шектеу қоя алмаймыз, тіпті, қойылмайды да. Оны болдырмаудың жалғыз жолы – тұрғындар тілегіне, түйткілді мәселелеріне құлақ түре білу. Ол жұмыс жүйелі жүргізілмеген соң тұрғындардың тауы шағылып, партия жұмысына сенімсіздік орнайды. Еріксіз алаңға да шығады. «Сөзімізді билік өкілдері, атқарушы органдар естісе» дейді. Елбасы партияның Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасын ұсынуы да осыны көздейді. Сондықтан, алдағы уақытта депутаттар жұмысы күшейетін болады.

– Депутаттар жұмысының күшеюі нені көздейді?

– Елімізде «Нұрлы Жер», «Нұрлы Жол», «Елбасының бес әлеуметтік бастамасы», «7- 20-25», «Өңірлерді газдандыру», «Шағын және орта бизнесті қолдау», «Жас кәсіпкер» сынды түрлі бағдарламалар бар. Алайда, аталған бағдарламалар ұдайы лайықты деңгейде жүзеге аспайды. Сондықтан, Президент атап өткендей, тұрғындар жергілікті әкімдердің жұмысын бағалауы тиіс. Бұл ретте, атқарушы биліктің жұмысынан бөлек, депутаттардың да қызметіне баға болуы шарт. Себебі, халықтың мұң-мұқтажын билікке бүкпесіз жеткізетін – солар. Өз округінің халық қалаулысы сайлаушыларға берген уәдесін, сенімін ақтай алуы қажет. Мәселен, партия филиалының көшпелі «қоғамдық қабылдауына» жыл сайын 5-7 мыңға жуық арыз-шағым келіп түседі. Неге? Өйткені, халық тұрғындар мен билік арасындағы байланыс нақ осы «қоғамдық қабылдауда» жүретінін анық сезінеді. Бұл жұмыста депутаттар қызметі де маңызды. Депутаттар жұмысы күшейеді деп отырғанымыз – осы!

– Сонда партия өкілдері тұрғындардың арыз-шағымын билік өкілдеріне жеткізіп отыра ма?

– Жеткізеді. Мәселен, Президент ҚасымЖомарт Тоқаев сайлау бағдарламасын қалыптастыру үшін «Бірге» акциясын қолға алған болатын. Оны осы «Nur Otan» партиясы жүзеге асырды. Акция аясында жерлестерімізден 30 мыңға жуық өтініш келіп түсті. Бұл акция дауыс берушілерге «Nur Otan» партиясының кандидаты ҚасымЖомарт Тоқаевтың сайлау бағдарламасын қалыптастыруға қатысуға мүмкіндік берді. Сөйтіп, келіп түскен өтініштердің 15%-ы әлеуметтік кепілдікті жетілдіруге, 10%-ы тұрғын үй жағдайын жақсартуға, 5%-ы жұмыспен қамту мәселелеріне қатысты болды. Біз бұл өтініш-тілектерді жинақтап, үміткердің бас штабына жолдадық. Бұл – біз атқарып жатқан жұмыстардың бір парасы ғана. Осы тектес жұмыстар ұдайы жүргізіліп тұрады. Себебі, партия – билік пен халық арасындағы алтын көпір. 

– Партия алдағы уақытта қандай жұмыстарды жүргізуді мақсат тұтып отыр?

 – Айтып өткенімдей, партияның бүгінгі басты мақсаты – тұрғындар сенімін қалыптастыру. Біз осы бағытта ауқымды жұмыстар атқаратын боламыз. Халық сенімі дегеніміз – тұрғындар мәселесіне үңіле білу. Сондай-ақ, мемлекет тарапынан түрлі бағдарламаларды жүзеге асыруға бөлінген қаражаттың жүйелі жұмсалуын қадағалау да күн тәртібінен түспейді. Депутаттар жер-жерді аралап, тұрғындардың көкейкесті мәселелерін шешу барысында облыстық бюджеттің тиімді игерілуіне зер салады. Яғни, жолдың жөнделуі, әлеуметтік нысандар құрылысы, инфрақұрылым мәселелері сынды елді мекендердегі тұрғындар өтінішін назарсыз қалдырмауды көздейміз. Себебі, тұрғындар мен партия мүшелері арасында осы тектес байланыс, диалог болмай, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қалыптастыру да мүмкін емес. Партия жұмысын «қайта жүктеу» дегеніміз де осыны көздейді! 

– Әңгімеңізге рахмет!

 

 Сұхбаттасқан Рауан ҚАБИДОЛДА. 

Басқа материалдар

Back to top button