Баған

Парасат парқы һәм алғыс

Ақылдан парасат көшті. Ардың сауыты сөгілді. Ұят құлқынға жұтылды. Жүректің көзі тұтылды. Ой – ебелек. Сөз – көбелек. Көбелек – құрт. Самұрық түрленді. Ана тіл күрмелді. Күнтізбе сақтаулы. Фараби мақтаулы. Абай жаттаулы. Қалталар қаттаулы. Алаш – қамал. Достық – амал. Құлақ – керең. Мәдениет – терең. Әдебиет – ерен. Білім – жалаңаш. Ғалым көп. Ғылым жоқ. Бабадан сөз қалды. Атадан көз қалды. Дәстүрден тоз қалды. Дінінен боздалды. 

Бабалар алтын Алтайды мекен еткенде биік, тәкаппар еді. Еуропаға дейінгі сахарада көшіпқонғанда кең, дархан-тұғын. Арғымақ үстінде тік отырып, тура сөйлейтін. Жасып, жанарын жасырмайтын. Басынан сөз асырмайтын… 

Алғыс айту. Атаулы күнге айналған осы мереке не береді? Мақтаныш сезімін бе? Өз елімізде өзімізді өзгеден оқшаулау ма? Дәрменсізге көрсетілген жылылық па? Бабалар жақсылығын Алланың разылығы, ардың аманаты үшін жасайтын. Ол рақымды жүректің риясыз тірлігі еді. Жақсылық діннің ғана туындысы емес. Жалпы саналы жаратылысқа тән мейірімді әрекет. Зайырлы қоғамда жақсымын деп айқайлау әбестікке саналады. 

Азат елдің Ата Заңы Алаштың баласына ғана емес, біздің елді саялаған барлық адам баласына ортақ. Оның еш парағында атаның жақсылығы үшін, баланың аяғына жығыл деп айтылмаған. Сондықтан, мемлекеттегі барлық игілік – бауырымыздағы барша жұртқа ортақ. Алайда, сол заңда қазақтың жері, мемлекеттің тілі деген қастерлі, қадірлеуге міндетті ұғымдар айқындалған. Сондықтан, жақсылықтың ақталуына емес, Ата Заңның сақталуына көңіл бөлген жөн. Тәуелсіз заманда отыз жылдай уақытты еңсеріппіз. Бірақ, алғыс айтатын бауырлардың көбі отыз сөз де үйренбепті. Егер ұлттың тілін түсінбесең, оның рухани кеңістігіне бойлау мүмкін емес.

Бұрынғылар зұлмат замандарда бірін бірі адамгершіліктің тілімен ұққан. Дегенмен, адам қартаяды. Ажал – һақ. Сондықтан, куәгерсіз ақиқаттың тарих қойнауында тағы бір аңызға айналары шүбәсіз.

Жердегі адамзаттың – миссиясы ұрпақ өрбітіп, өркениетті сақтау. Олардың ғылымы бір арнаға тоғысқанмен, болмыстары дара болғаны дұрыс. Өйткені, халықтар әлемнің мың түсті бояуындай әдемі. Араластырсаң, тартымсыз түске айналатыны анық. Ал, Жаратқан жердің көркем бейнесін күйемен емес, мың құбылған сәулемен салғаны анық. Ендеше, Қазақстандағы тұтас жұрт осыны түйсініп, өзінің қасиетін қадірлей отырып, қазақтың тілін игерсе, рухани әлемін таныса, шынайы құрмет – сол. Ол үшін ой басындағы толымсыз, жалаң, жай сөйлемдер қарыштап даму жырындағы құрмалас сөйлемдермен қабыса жымдасуы керек. Сонда көңілі де, қарыны да тоқ халықтың еш саясатсыз-ақ қойындаса береріне сенім мол.

Құрманғазы ӨТЕБАЙ, 

«Ortalyq Qazaqstan» газетінің тілшісі

Басқа материалдар

Back to top button