Бас тақырыпРуханият

Отбасы – бақыт мекені

15 мамыр – Отбасы күні. Халықаралық деңгейде атап өтіледі. 1993 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы бекіткен.

Әсілінде, қазақ үшін ең қастерлі ұғым – отбасы. Әлімсақтан бері солай. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген дана халқымыз бала тәрбиесінде отбасының ерекше орын алатынын баса айтқан. Адам өмірге күнәсіз, пәк қалпында келеді. Оны бұзатын – қоғам, өскен ортасы. Ер жетіп, ес білгенде айналасындағы қызылды-жасылды дүниелерге қызығып, өзгеріп кетуі мүмкін. Ал, отбасында берілген дұрыс тәлім-тәрбие осыдан сақтайды.

Мойындау керек, қазір жаңа заман келді. Ғасырлар бойы ана сүтімен бойымызға дарып, қанымызға сіңген мұралар ұмыт бола бастады. Бұрын кие тұтып, айрықша қастерлеген дүниелеріміз қадірін жоғалтып, аяққа тапталды. Соның бір айғағы – қоғамдағы отбасы институтының әлсіреуі. Тек, бізде ғана емес, бар әлемде белең алған құбылыс – бұл. БҰҰ-ның белгілі бір күнді арнап, бекітуінің де астарында осы жатыр. Өйткені, қоғамның назарын отбасы құндылықтарына аудару қажеттілігі туындады.

Рас, батыс елдеріне қарағанда, біздің жағдайымыз анағұрлым жақсы. Дей тұрғанмен, қол қусырып, қарап отыруға да болмайды. Соңғы жылдары отау тігіп, шаңырақ көтерген жас отбасылардың арасында ажырасу көбейді. Көбейгені соншалық, бұрын ілеуде бір бола қалса үрейлене қарайтын елдің көзі үйренді. Қалыпты жағдайға айналды. «Кім ажыраспай жатыр дейсің» деп жылы жауып қоямыз.

Әлеуметтанушылар ажырасудың көбеюін халықтың тұрмысымен байланыстырып жатады. Олардың пікірі «Жастар жұмысыз, баспанасыз болғандықтан ажырасу белең алып кетті» кетті дегенге келеді. Әрине, тұрмыстың тауқыметі жас шаңыраққа айтарлықтай ықпал етері анық. Десек те, бұл басты себеп бола алмайды. Өткенге көз салсаңыз, не бір нәубет заманды бастан өткердік қой. Ол кезбен салыстырғанда, қазір қой үстінде бозторғай жұмырқалаған мамыражай заман емес пе?! Ендеше, не себеп? Бәлкім, отбасы ұғымын қадір тұтуды ұмытып, жеке бастың мүдесін ойлап кеткен шығармыз?

Ойлап қарасаңыз, ажырасудың көбейіп кетуі жай ғана статистика емес – қасірет. Өйткені, отбасы – бақыт мекені. Үлгілі шаңырақта туып, тәрбие көрген сәбидің келешегі де жарқын болмақ. Бала үшін әке мен ананың мейірімінен асқан ештеңе жоқ. Атасы мен әжесіне еркелеп өскен бала айналасына жанашыр жан болып жетілмей ме?! Ал, жанына ең жақын жандардың арасында таңдау жасау қажеттілігі туындағанда оның ойына не оралады? Қандай күйде болады? Ойлаудың өзі қорқынышты…

Рас, заман өзгерді. Күнделікті күйбең тірлік басқаны былай қойғанда, отбасыңа мойын бұрғызбайды. Осыдан келіп, шаңырақтың шаттығы азаяды. Бұған, әсте жол беруге болмайды.

Бұл күннің мақсаты – қоғам назарын отбасыға аудару. Әсілінде, жақындарымызға ұдайы көңіл бөліп, сый көрсеткеніміз абзал. Құрмет бар жерде сүйіспеншілік салтанат құрады. Ал, ол шаңырақтың беріктігіне сеп.

Отбасымыз аман, бауырымыз бүтін болсын!

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ

 

Басқа материалдар

Back to top button