«Орталықтың» «Даңқ» аллесы

Николай ПОСАДНИК

Николай Георгиевич Подсадник 1922 жылы Витебск облысында туған. Ұлты – белорус. Армия қатарына шақырылғанға дейін Балқаш қаласындағы М.Горький атындағы №1 орта мектепте оқыды.

1940 жылы николай Балқаш қалалық әскери комиссариатынан армия қатарына алынды.

Ол балалық шағынан ұшқыш болуды армандаған еді. Сол арман оны Орынбор әскери әуе училищесіне алып келді. Осында жүргенде соғыс басталды.

1943 жылдан, училищені аяқтаған соң, николай Подсадник майданда болды. Киев, Львов, Кишинев қалаларын, Румыния, Югославич, Австрияны неміс-фашист басқыншыларынан тазартуға қатысты.

Көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін екі Қызыл Ту орденімен, II Отан соғысы орденімен наградталды, Жоғары басшылықтың 16 алғысын алған.

1943 жылдың 6 қарашасында сегіз ИЛ-2 штурмовиктер тобына жетекшілік етуші Николай Подсадник Житомир тас жолымен кейін шегініп бара жатқан жау әскерлеріне соққы беруге тапсырма алды. Бұл тапсырманы Н.Подсадник өте жоғары шеберлікпен орындай білді: әскер колонасына 4-5 қайыра шүйлігіп, соның нәтижесінде қарсы жағы орасан шығынға батты.

1944 жылдың 15 шілдесінде 12 ИЛ-2 самолетінен тұратын топқа жетекшілік етуші Н.Подсадник алға жылжыған Кеңес Армиясы бөлімдеріне қарсы тұрған танктердің шоғырын бомбылау туралы тапсырма алды. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан Н.Подсадник басқарған штурмовиктер жау жағының танктеріне жойқын соққылар жасады. Соның нәтижесінде жау әскерлері біздің бөлімдерге жақындай алмады.

Н.Подсадниктің жауынгерлік жолы батырлыққа, ержүректікке, ерлікке толы.

КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1945 жылғы 18 тамыздағы Жарлығымен ИЛ-2 самолетмен 101 әуе операциясын ойдағыдай орындауда көрсеткен жанқиярлық ерлігі мен батырлығы үшін Николай Георгиевич Подсадник еліміздің ең жоғары наградасы – Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды.

***

Петр МИЛЛЕР

Петр Климентьевич Миллер 1910 жылы Украинада туған. 1933 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылды. Әскери борышын өтеген соң, 1936 жылы Петр Миллер Балқаш қаласына келіп, сол кезде қауырт қолға алынып жатқан мыс балқыту комбинаты құрылысына қатысты. Осы жерден 1942 жылдың мамырында фашист басқыншыларына қарсы соғысқа аттанды.

1943 жылдың күзін Петр Миллер сапта қарсы алды. Оның артында бір жарым жылдық майдан жолы, жеңілістің ащы дәмі, жеңістің қызу қуанышы қалды. Ол бұл кезде екі рет жараланып үлгеріп, ерлігі үшін Қызыл Жұлдыз орденімен наградталды. Емделген соң аға сержант П.Миллер 167-ші гвардиялық дивизияның бір полкіне тап болды.

1943 жылдың 26 қазанына қараған түнде аға сержант П.Миллердің взводы дивизияның басқа бөлімшелерімен бірге Днепр өзенінен өтуге батыл шабуылға шықты. Фашистер П.Миллердің взводы жауынгерлері мінген қайықтарды байқап қалып, пулеметтер мен минометтерден оқ жаудырды. Бес қайықтың біреуі ғана Днепрдің оң жағалауына шығып үлгерді, онда да екеуі ғана, пулеметші Федор Паршин мен Петр Миллер тірі қалған еді. Жылдам қорғаныс жасап алған жауынгерлер ұрысқа кірісті. Батыл және ілкімді қимылдай отырып, олар жаудың екі атыс нүктесінің көзін жойды. Сөйтіп, өз батальонының өзеннен жылдам, шығынсыз өтуін қамтамасыз етті.

Келесі күні гвардиялық полк плацдармды кеңейту мақсатында жаппай шабуылға шықты. Гитлершілер болса тек арагідік қарсы шабуылға көшкен еді.

…Ұрыс алаңында екі неміс танкісі жанып жатты. Үшінші танк те тоқтап тұрды, бірақ гвардияшылардың шебін атқылауды жалғастыруда еді. П.Миллер еңбектеп, осы танкке жақындап келді де, гранатты дәл лақтырып, экипаждың көзін жойды. Сөйтіп, полктің шабуылға шығуына жол ашылды. Бірақ, шамалыдан кейін немістерге қосымша көмек келіп, күш тең болмай қалды. Гвардияшылар Днепрге қарай шегіне бастаған кезде Петр Миллер істен шыққан жау танкісіне келді де, ойланбастан қарғып мінді. Люкті бекітіп алып, фашистерге өз пулеметтерінен оқ жаудырды.

Жаңбырша жауған оққа қарсы немістер бас көтере алмай қалды. Бірақ, оқдәрі таусылған еді. Танкті етіктерімен тепкілеп, «Орыс, беріл!» деген дауыстар шықты. П.Миллер люкті ашпақшы болған немістерге екі рет пистолеттен оқ атты. Үшінші патронды ол өзіне қалдырған еді. Соңғы оқ… Осы кезде қаһарлы «Ура!» деген ұран естілді. Бұл Днепрден жылдам өтіп, ұрысқа кіріскен көрші батальон еді…

КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1944 жылғы 10 қаңтардағы Жарлығы бойынша Днепрден өту кезіндегі осы ерлігі үшін Петр Климентьевич Миллерге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Одан кейін де П.Миллер Карпатта соғысты. Жеңіс күнін Чехословакияда қарсы алды.

Соғыстан кейін Петр Климентьевич металлург мамандығына қайтып оралды, Өскемен қаласында, В.Ленин атындағы қорғасын-мырыш комбинатында жұмыс істеді. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 20 жылдығын мерекелеген күндері Балқаш кен-металлургия комбинатының металлургия цехына кіретін жерге мыстан құйылған мемориалдық тақта орнатылды. Онда «Осы металлургия цехында 1937 жылдан 1942 жылға дейін Кеңес Одағының Батыры П.К.Миллер тиеуші болып жұмыс істеген» деп жазылған.

***

Муллаяр СЫРТЛАНОВ

Муллаяр Сыртланов 1923 жылы Башкирияда туған.

1941 жылдан бастап Қарағанды шахталарында жұмыс істеді. 1942 жылы майданға аттанды.

Днепр өзенінен өткендегі көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. 1944 жылы Муллаяр Исламгараевич қаза болды.

***

Иван ПАНЬКОВ

Иван Кириллович Паньков 1925 жылы Дон облысы Карпов ауылында дүниеге келген. Украинадағы Артем қаласындағы мектептің 8 сыныбын бітіргеннен кейін анасымен бірге Қазақстанға қоныс аударды. Әкесі мен ағасы майданда болатын. Мұнда олар Осакаров ауданындағы Батпақ ауылында тұрақтады. Иван буыны қатпаған жас болса да колхоз жұмысына араласып, механизатор кәсібіне машықтанды.

Ол 1943 жылы өз еркімен Қарағандыдан Армия қатарына аттанды. Әуелі семейде әскери өнерге жетіліп, әуе десантшылары қатарына қосылды. 1944 жылы соғысқа кетті.

Сержант Паньков 1944 жылы Отанымыздың Батыс шебіндегі Свирь өзенінен ұрыспен өтуде ерекше ерлік танытты. Қарсы жағадағы құрсанған жаудан тайынбай, жау оғы астымен судан жүзіп өткен 11 батырдың бірі осы Паньков еді. Ағыны қатты әрі суы тастай Свирьден аман-есен өткен жаужүрек жігіттер жағаға ілігісімен ұрыс салды. Оларға оқ жаудырып, алдын бөгемек болған жаудың сыры ашылып қалды. Біздің зеңбіректер сол сәтті пайдаланып дұшпанның атыс ұяларын тұншықтырып тастады. Лодейное поле тұсында Свирь өзенінен өтуде көрсеткен теңдесі жоқ ерлігі үшін гвардия сержанты, Карель майданы 7-Армияның 99-гвардиялық атқыштар дивизиясы 300-гвардиялық атқыштар полкінің атқышы И.К.Паньков бір айдан кейін Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Батпақ ауылынан түлеп ұшқан Батырдың омырауында Ленин, I дәрежелі Отан соғысы ордендері, көптеген медальдар жарқырайды.

Соғыстан кейін Иван Паньков қатардан қалмай Украинада әскери қызметте болды. Арнайы білім алып, офицер шенін иемденді. Жоғарғы білім алды, орталық телевизияда жұмыс істеді.

(«Қаһарман қарағандылықтар – Герои-карагандинцы» жинағы негізінде әзірленді).