Баған

Қоғам саулығы – басты құндылық

Біздің департаменттің негізгі қызметі – инфекциялық және инфекциялық емес аурулардың алдын алу, медициналық қызметтердің сапалы көрсетілуін, сондай-ақ тамақ өнімдерін өндіру және сату салаларындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Бір жағынан ел арасында белгілі «СЭС қызметі» деуге болады. Десе де, ауқымы одан асып түседі.

Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырумен қатар, Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес жеке кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның қызметін немесе жекелеген түрлерін тоқтата тұру жөнінде шаралар қабылдайды. Денсаулық сақтау субъектілерінің қызметін, оның ішінде, денсаулық сақтау саласындағы стандарттардың, медициналық және фармацевтикалық қызметпен айналысу жөнінде лицензиялау қағидаларының сақталуын, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы хабарлама тәртібін мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру функциясын атқарады.

Департамент жауапкершілігінде тұтас қоғамның денсаулығы екенін түсіну қиын емес. Еңбектеген баладан бастап егде тартқан қарияға дейін тұтынатын барлық зат пен ассудың қауіпсіздігі – қадағалауда. Дегенмен де, негізгі жауапкершілік әр қазақстандықтың өзінде екенін естен шығармаған абзал. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәлімдегеніндей, адам денінің сау болуы 10 пайыз ғана медицинаға байланысты. Қалғаны – адамның өз қолында. Белгілі ұйымның бұл тұжырымына айтар уәж жоқ. Денсаулық аманат етіп берілген болса, аманатқа қиянат жасамау – мұсылмандық белгісі.

Мұнымен айтқым келіп отырғаны, қазір қоғамда белең алып жатқан вакцинациядан бас тарту мәселесі. Бұл бірді-екілі адамның емес, тұтас қоғамның, керек десеңіз, әлемдік деңгейдегі проблемаға айналды. Биыл қызылшаның Еуропа, көршілес елдер мен біздің елімізде де кең таралғанын білетін боларсыздар. Мұндай жағдай вакцинациядан бас тарту салдарынан орын алғаны рас. Түрлі себептерді желеу етіп, екпеден басын ала қашатындар көбейді. Оның нәтижесі жоғарыда айтылған жағдайға алып келді.

Жарты ғасыр бұрын балалар өмірін жалмаған қызылша немесе дифтерия, полиомиелит сынды жұқпалы аурулар бүгінде жоқ. 2002 жылы полиомиелит әлемнің көптеген елдерінде, соның ішінде Қазақстан аумағында жойылды. Соңғы 5 жылда елде дифтерия оқиғасы тіркелген жоқ. Аталған дерттерді алдын ала екпе алудың нәтижесінде жоюға қол жеткізік.

Халықты міндетті түрде вакцинациялауды, үй-жайларда және көлік құралдарында, аумақтарда, инфекциялық және паразиттік аурулар ошақтарында профилактикалық және ошақтық дезинфекция, дезинсекция және дератизация жүргізу – департамент міндеттерінің бірі. Сол себепті де біз айтып, насихаттап, ескертуден жалықпаймыз. Алайда, соңғы шешімді қабылдайтын адамның өзі. Сондықтан, өзіңізді ғана емес, айналаңыздағы адамдардың да саулығын ойлаңыздар.

Фарида МАКЕЕВА,
Қарағанды облыстық тауарлар
мен көрсетілетін қызметтер
сапасы мен қауіпсіздігін бақылау
департаменті басшысының
міндетін атқарушы

Басқа материалдар

Back to top button