Наташаның жолын намыс кесті

8 желтоқсан күні Ресей әншісі Наташа Королеваның үлкен концерті Ақтөбеде өтпекші болыпты. Билеттер құны – 10 000-20 000 теңге аралығы. Өкінішке орай, жоспарланған билеттің жартысы ғана сатылғандықтан, жобаның жолы кесілген. Бұл концерт күні кеше Қарағандыда да өтуі тиіс еді. Ұйымдастырушылар бармағын тістесе керекті. Бірақ…

 

 Былайша айтқанда билет құны – қомақты. Бізді қуантатыны, шет елдің әншілеріне халықтың тоналғаны емес, қазақ ән өнеріне деген ықыластың оңалғаны. Айтпағым мынау…

Бір ағам әңгіме бастады. Шамамен, осыдан жиырма шақты жыл бұрын Ресейдің әншілері келіп, қалақаланы аралап, кәдімгі үлкен мерекеге ұластыратын. Мысалға «На-на» группасын келтірді. «Қайбір жылы елдің барлық қалаларын аралап, халық қырылып қала жаздаған. Сол кездегі құрмет ерекше болатын оларға», – деді ағам жұрттың сүйіспеншілігіне қайран болған кейіпте. Иә, ән өнері – халықтың қазынасы. Осы өнер арқылы жарық жұлдызға айналғандардың дені – Ресейде. Оларды біздің елге әкелетін де сол кездегі тыңдармандардың сұранысы екені анық. Жезқазған қаласында Кеншілер күніне орай атағы әлем шарлаған Ресейдің жұлдыздары келді. Мәртебе көретін бе еді?! Әйтеуір, мода болатын. Ол кезде баламын. Үлкен ағаларға қоса еріп бардым. Қазіргі Димашқа қолдау көрсеткен секілді, сол кездегі халықтың ықылас пейілі есімде қалыпты. Алаңға ұйымдастырылған шараның көрермені белгілі ғой. Сонда ең ұзын көше саналатын Алашахан даңғылы лық толатын. Қамалды бұзып өтердей көрінетін маған. Сол мерекеден соң, біздің сыныптың қыздары Дима Биланның суретін қиып алып, дәптер сыртына жарыса жабыстыра бастады. Дәп қазіргі Димашқа деген қытай қыздарының аңсары секілді.

Сонда ойлайтыным: «Қазақта әнші құрып қалған ба? Қанша ақшаны шетел жұлдыздарына төлегенше, өзіміздің әншілерге неге үлестірмеске? Сол қаражатқа еліміздегі ән өнерінің бір жыртығын жамаса да болатын еді ғой» деп. Сөйтсем, сұраныс екен ғой. Сол кездің өзінде санамыз отаршылдық бодауынан алыстай қоймағанын кейін ұқтым.

Сүйіншілі хабар жетті. Димаш Құдайберген Ресейдің «Ең үздік жыл әншісі» атағын алды. Қазақ елін әлемге танытқан алтын ұлдың ғана емес, Алаштың бағы – бұл. Сонау алпауыт елдерді аузына қаратқан қазақ ұлына тілекшіміз қашанда. Бұған дейін Димаш сол елдерге барып концерт ұйымдастырған бірнеше рет. Тыңдармандарының қатары артқаны соншалық, үлкен аудитория жинап үлгерді. Міне, бұл – жалғыз әншінің емес, қазақ елінің қуанышы.

 Қысқасы, қазақ тілді тыңдармандардың саны артты. Бұл қазақ өнері үшін үлкен олжа екені айтпаса да белгілі…

Наташаның (Королева) жолын кесіп, ұйымдастырушылардың сағын сындырған – қазақтың намысы. Елдің беті өзгенің қаңсығына емес, ұлттық өнерге бұрылған секілді. Сіз қалай ойлайсыз? Мен қуанып отырмын.

Қасымхан ҒАЛЫМ,
«Ortalyq Qazaqstan»
газетінің тілшісі