Баған

Нан қадірін білеміз бе?

Менің диірменде жұмыс істегеніме 22 жыл болыпты. Осыдан 20 жыл бұрын бір шөлмек минералды су 15 теңге, нанның бір бөлкесі 20 теңге болды. Ал, қазір екеуінің арасындағы айырма жер мен көктей. Мәселен су 200 теңге болса, нан бағасы – 80 теңге. Бұл – нанның қадірінің жоқтығы.

Қазір «ішкенің – алдыңда, ішпегенің – артыңданың» заманы. Бұрынғыдай жерге түскен нанның қиқымын теріп, қасиетті санасақ, қазір қаладағы қоқыс жәшіктерінің жанынан өте қалсаң, жаның түршігеді. Жағалай шашылған – нан. Енді «нан қымбаттады» деп шуылдап жатырмыз. Меніңше, нанның шынайы бағасы 150-200 теңгеден болуы керек. Сонда ғана нанның қадірін түсінер едік.

Арзанның қадірі болмайтыны тәрізді, бидайдың бағасын өмір бойы төмен бағада ұстап тұру да ауыл шаруашылығын өркендетуге кері әсерін тигізеді. Қай шаруа тер төгіп өсірген бидайын арзан бағаға бергісі келсін. Лаж жоқ, баға сондай болған соң, нарықта белгіленген бағаға өткізуге мәжбүр. Содан, жер тырнаған диқанның да қай бір шекесі шылқи қойсын?!

Нан демекші, мұның өзі – үлкен бір мәселе. Оның бағасы көтерілер болса, ауылдағы кәсіпкер бидайын қымбатқа өткізіп, жағдайын жақсартар еді, техника паркін жаңалар еді. Ал, ауылдың жағдайының жақсарғаны – мемлекетіміздің жағдайының жақсарғаны.

Мәселен, біз бидайды алып, тартқаннан кейін, оның өзіндік құны – 148 теңге болады, оны 150 теңгеден сатамыз. Наубайханада да сол. 150 теңгеден ұн алып, екі-үш теңгесін қосып, нанын сатады. Ал, бидай бағасы қымбат болса, мәселен тоннасын 100 мың теңгеден сатқан ауылдағы ағайын біраз пайда табар еді. Демек, келесі жылы ол бидайды көбірек егуге мүдделі болады. Өнімнің көлемімен қатар, сапасын арттыруға тырысады. Ауылда жұмыс болса, жұмыссыз жүрген жастар да баруға ұмтылады. Шыны керек, бәріміз жиылып, қалаға келгеннен еш пайда жоқ. Ауылға барып, жұмысын жасап, малын өсіріп, егінін егіп отырса – нұр үстіне нұр емес пе?! Айналып келгенде бәрі наннан шығады. Нанның қадірін түсінуден қалғанымыз сол, тіпті, «Малымызды нан беріп семіртетін едік, нанның қымбаттағаны бәле болды» дейтіндерді де естідік. Қарным тоймай қалды деп емес, малына нан бере алмай қынжылып жүр бәзбіреулер. Бұл – асқандық. Нан бағасы қымбат болса, қадірін түсінер еді ысырапшылыққа салынғандар.

Шыны керек, сексен теңгенің арзан нанын жағдайы бар да, жағдайы жоқ та жейді. Ақшасы бары – ақшасына сатып жесін, ал, жағдайы жоқтарға мемлекет тарапынан көмек көрсетіліп бағуда. Атаулы әлеуметтік көмек беріле бастады. Жағдайы шынымен жоқ болған болса, берілмей қалмайды емес, беріледі. Қолы қимылдағанның – аузы да қимылдайды. Бір үзім нанға зар болған заман келмеске кетті. Арзанның қадірі болмайтыны тәрізді, нанға деген құрметіміз де оның арзан бағаланып, қолжетімді болған сәтінен бастап-ақ келмеске кеткен тәрізді…

Дос-Мұқасан ТӘУКЕБАЕВ,

«Мутлу» ұн тарту комбинатының бас директоры.

Басқа материалдар

Back to top button