Ұлытау

Маңызды іске – мүлтіксіз әзірлік

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қарағанды облысының әкімдігі, Мәдениет және спорт министрлігі және «Кazakh tourism» ұлттық компаниясы» АҚ ұлт ұясы – Ұлытауда 22-24 тамыз күндері маңызы зор іргелі іс-шараларды ұйымдастыруды көздеп отыр.

Соның аясында «Ұлытау – 2019» Халықаралық туристік форумы, ауыл жастарының халықаралық форумы және «Жезкиік» ІІ Халықаралық фестивалі өтеді. Өңірлік коммуникациялар қызметінде аталған ауқымды шараларға дайындық барысы туралы облыстың мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан АҒЫМБАЕВ жан-жақты әңгімеледі.

«Ұлытау – 2019» халықаралық туристік форумының мақсаты – ішкі және сыртқы туризмді дамыту. Форумға Мәдениет және спорт министрлігінің, «Kazakh tourism» Ұлттық компаниясының, ЮНЕСКО бюросының, сондай-ақ, туризм саласындағы халықаралық сарапшылар, туризм қауымдастықтарының өкілдері, туроператорлар, ғылыми-зерттеу институттары, этнографтар қатысады. Германия, Швейцария, Түркия, Моңғолия және Қырғызстаннан делегаттар келеді деп күтілуде.

Ал, «Қазіргі заманғы әлем жағдайында ауылдық жерлердің тұрақты дамуы» атты Халықаралық ауыл жастары форумы ауылдық жерлердің имиджін арттыру және жаңғырту саласында тәжірибе алмасу үшін халықаралық алаң құруды көздейді. Яғни, ауыл жастарының мәселелерін шешу мақсатында тараптардың күш-жігерін, қуатын, әлеуетін біріктіру, олардың мүдделері мен бастамаларын іске асыру мүддесі – басты назарда.

«Jezkıіk» Халықаралық музыка фестивалі осымен екінші рет өткелі тұр. Фестивальге Италия, Испания, Сербия, Венгрия және Қазақстаннан 6 кәсіби ұжым қатысады. Олар – «MORESCA NOVA» (Италия), «CARMEN GUERRERO FLAMENCO» (Испания), «Serbian Abrasevic band» (Сербия), «Dunaj banda» (Венгрия), «Hassak» және «Тоқырауын толқындары» халық әнби ансамблі (Қазақстан).

Фестиваль аясындағы гала-концерт Қазақстан эстрада жұлдыздары – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қарақат Әбілдина мен Қыдырәлі Болмановтың, аты аңызға айналған «Дос-Мұқасан», «Ұлытау», «Alatau Serileri» топтары және «Алтын батыр» степ-тобының қатысуымен өтеді. –

Фестиваль 24 тамызда Ұлытау ауданының орталығына іргелес «Болатсай» мекенінде арнайы жасақталған этноауылдағы далалық сахнада өткізіледі. Этноауыл аумағында киіз үйлер, ойын алаңдары, алтыбақан, сауда орындары, қолөнер шеберлерінің бұйымдарына арналған шатырлар, сондай-ақ, шағын сәулет нысандары бар, – деді Еркебұлан Мүлікұлы.

Қасымхан ҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Back to top button