Мүмкіндігі шектеулі жанға — кедергісіз аймақ

    «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында мүмкіндігі шектеулі тұрғындардың да жұмыспен қамтылуы назарда. Бүгінгі таңда бағдарлама негізінде өңірлерде бұл игі іс жүйелі жүзеге асып отыр. Сол арқылы көңілі жарым жандар өздерінің қоғамға қажеттігін және бір сезінсе керек. Қоғамнан тыс қалмауы қатаң қадағаланады.

Бұл орайда, Елбасы Қазақстанның мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін кедергісіз аймаққа айналуы тиістігін, бұған кәсіпкерлердің де ат салысуы керектігін қадап айт­қан-ды. «Біз оларды белсенді өмірге тартамыз, олар тек жәрдемақы алып қана қоймайды, сонымен бірге, өздерін қоғамның мүшесі, пайдалы еңбеккер ретінде сезінетін болады»,– деген-ді Мемлекет басшысы.

Жезқазған қаласының жұмыспен қамту орталығы мүгедек жандардың жұмыспен қамтылуын жіті назарда ұстайды. Бағдарлама арқылы жалпы тұрғындарды жұмыспен қамтуда орталық мүмкіндігі шектеулі жандарды да ұмыт қалдырмаған. Бұған қаладағы мемлекеттік ұйым, мекемелермен қатар, жеке меншік нысандағы кәсіпорындар да үлес қосуда. Қазір Жезқазған қаласында бағдарлама бойынша түрлі жұмысқа мүмкіндігі шектеулі тұрғындар орналасқан. Мұның арасында қоғамдық, әлеуметтік жұмыстар да бар. Десек те, бұл замандастарымызды жұмыспен қамту міндеті орталықта жоспарға сай.

Жезқазған қаласында бағдарлама бойынша жұмыспен қамтуға 49 мүмкіндігі шектеулі жан тіркеуге және барлығы жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде 4 адам жастар тәжірибесіне, 16 тұрғын қоғамдық жұмысқа жіберілген. «Ақ сауыт» ҚБ-де аталған бағдарламаның әлеуметтік жұмыс орнына 8 мүмкіндігі шектеулі тұрғын тартылған. Қоғамның әр саласында өзінің еңбекқорлығын көрсетуге мүмкіндік алған жандар – дән риза. Ең бастысы – қоғамнан тыс қалған жоқ.

Ал, Сәтбаев қаласының Халықты жұмыспен қамту орталығының дерегінше, 2017 жылдың қаңтар айынан бастап, 101 жұмыссыз мүгедек азаматқа уақытша жұмыстарға жолдама берілген көрінеді. Оның ішінде 39-ы қоғамдық жұмысқа жұмылдырылған. Осы күні олар бірқатар мемлекеттік мекемелерде еңбек етуде. Атап айтқанда, Халықты жұмыспен қамту орталығы және Сәтбаев қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі секілді өзге де ұйымдар жұмысқа қабылдаған. Сондай-ақ, әлеуметтік жұмыс орнына 9 адам жолданыпты. Мұндай жұмыс орындарын құруда жеке меншік ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің де белсенділік танытқанын атап өткен жөн. Мысалы, Сәтбаев қаласындағы «ЖАНТУРИНОВ» жеке кәсіпкерлігі, «НЫҒМЕТ» Қоғамдық бірлестігі сынды ұйымдарды ерекше атау абзал-ды.

Бағдарламаға қатысушылар бұл бағыттағы жұмыстарға ризашылықтарын танытудан танған емес. Сәтбаев қаласының тұрғыны Әділет Әмірқұлов та бағдарламаға қатысушы. Білімі – арнайы орта, «Бағ­дарламашы» мамандығын мең­герген. 2017 жылдың қаңтар айында Сәтбаев қаласының Халықты жұмыспен қамту орталығына өтінішпен келген екен. Араға бірер күн салып, орталық арқылы Әділет Маратұлы «НЫҒМЕТ» Қоғамдық бірлестігіне жұмысқа жіберіліпті. Бүгінде бірлестікте кеңесші. Сонымен қатар, Кенжебай Нұрекешов – кен инженері мамандығын меңгерген. 2017 жылдың қаңтарында орталыққа өтініш беріп, ертеңінде Сәтбаев қаласының құрылыс бөліміне қоғамдық жұмысқа жолдама алыпты.

Жалпы, бағдарлама ауқымы –кең. Жұмыс іздеген, кәсібін ашқысы келген кез келген тұрғын үшін қол жетімді. Қоғамның ешкімді кеудесінен итеріп, далаға тастамайтынын осындай мемлекеттік бағдарламалар еске салатыны да және рас. Негізі, біле-білгенге мұндай азаматтар – қоғамның еңбек резерві іспеттес.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.