Мұқағали жырлаған Шәміл кім еді?

Біз оның ақын екенін білеміз. Ел оны аңыздар арқылы таниды. Табиғи талантты ақындардың артына аңыз еріп жүретіні ақиқат. Кейбірі өз талантымен елді мойындатса, енді кейбіреулері ел аузындағы әпсана, әңгімелер арқылы мәшһүр болады. Кейін сол аңыз ақыры сол тағдыр иесін жарыққа алып шығады. Кейіпкеріміз – Хантәңірінің Мұзбалағы атанған Мұқағалидың өлеңдерінде көп кездесетін, жақын досы, бірнеше ел аузындағы әңгімелердің бас кейіпкері – Шәміл Мұхамеджанов. Неге екені белгісіз барлық жыр жинақтарында, таңдамалы кітаптарында аты-жөнін «Шамиль Мухамеджанов» деп қалдырыпты.

Шәміл мен Мұқағали

Шәміл Мұхамеджанов 1931 жылы Торғай өңірінде дүниге келген. Көптеген республикалық басылымдар мен әдебиетке қатысы бар жұмыс орындарында ыждыһаттылықпен еңбек еткен. Жиырмаға жуық жыр жинағы жарық көрген. Ақынның жарының естелігіне жүгінсек М.Мақатаев, Ә.Дүйсенбиев, Е. Ибраһим, Ғ. Қайырбеков сияқты қазақтың ақтаңгерлерімен өте тығыз қарым-қатынаста болыпты. Ең жақын досы Мұқағали әрине. Мұның өзі Шамиль ақынның осал болмағандығын көрсетеді. Мұқағалидың 6 бөлімнен тұратын «Шәмілге жазған хаттардың» атты цикл өлеңін білмейтін қазақ баласы некен-саяқ. Негізінен сол кездің мен деген әдебиеттанушылары ақынға «лирик ақын» деген атақ берген. Жарына «жеті баланы бақ, тәрбиеле сол саған жұмыс деп», — отбасының бар ауыртпашылығын өзі көтерген екен. Шығармашылыққа да уақыт тапқан. Ел аузында жүрген аңыздарға тоқталмауды жөн көрдік. Міндетіміз елге ақынның белгісіз жағын паш ету. Бір айта кететін жәйт «Мұқаң төсек тартып жатқанда үйге еңіреп келіп, қазақ ұлы ақынынан айрылып қаларын білмей жүр деп, қатты қиналды. Көп ұзамай Мұқаң бақилық болғанда тіптен ішқұса боп теріс қарап жатып алды. Содан көп ұзамай, төрт жылдан кейін өмірден өзі де өтті ғой», — деп еске алады жары. Өзі сондай биязы, ешкімге жамандығы жоқ, алдына мақсат қойып, соған жете білетін еңбекқор адам болған. Торғай өңірінен талай жыр дүлдүлінің шыққанын білеміз. Кешегі Кеңшіліктің өзі бір әлем. Ал көрелік.

Ақын шығармашылығына үңілгенде біздің ерекше назарымызға іліккені бар-жоғы 49-ақ жыл өмір сүріп, артына жиырма шақты жыр жинақ қалдыруы, оның асқан лирик болғандығын растап, эпика жанрына табиғаты жақын болғандығын көрсетеді. Бір мақала барысында Шәмілдей төкпе ақынның бар шығармашылығын қамту мүмкін емес. Бір ерекшелігі көбінесе өлең өлкесіне ат басын тіреген жас ақындар жекелеген өлеңдерімен танылады. Ал Шәміл алғашқы жинағының өзінде «Жас қанат» атты поэмасын жариялап әдеби ортаны дүр сілкіндірген. Біздің қолымызға ақынның екі поэмадан тұратын «Көркем Әдебиет» баспасынан жарық көрген «Қошалақ» атты екінші  жинағы түсті. Жоғарыда айтылған сөздерімізге тұздық болсын деген мақсатта осы шағын жинаққа тоқталғанды жөн көрдік. Қошалақ – ақынның туған жері қазіргі Қостанай облысы, Жангелдин ауданы, ХІХ ғасырда Кенесарының ордасы тігілген жер, әйгілі қошалық құмы.  «Қошалақ» және «Сөнбес махаббат» поэмалары.

«Қошалақ» поэмасында Жарқын есімді жігітпен Зәуреш атты қыздың өмірі жайлы суреттеліпті. Жарқын қалаға оқуға түседі. Зәурешті де оқуға түсіруге қалаға шақырған. Зәуреш Қошалақ құмында әкесі мен атасына мал бағуға көмектесіп жүреді. Жарқын шақырып қоймаған соң, қалаға ат басын тіреген. Ол Жарқынның сотқар жігіт екендігін білмей, қалаға келгенде Жарқынды соттап жатқанының үстінен түседі. Бұл жерде туған топырақтың құдіретін ақын ешбір оқу мен шаһарлық қызық айырбастай алмайтынын мінсіз суреттеген.

«Сөнбес махаббат» поэмасы өмірде болған, ақынның досының басынан өткен оқиғаға құрылған. Поэманың тілі жатық, образды. Бас кейіпкер Жанбосын мен Күләш отбасы құрады. Екеуі бір-біріне қатты ғашық. Жанбосынның досы Асан да Айша атты қызға ғашық болады. Бір күні Жанбосын мен Асан әңгімелесіп сырласып отырып, ұйықтап кетеді. Пештің аузы ашық қалып тұтанған өрттен екі дос опат болады. Күләштің баласы әкесіз өседі. Жастайынан жесір қалған Күләштің жеңгесіде осындай хәлге тап болған еді. Мұны Күләш көзімен көріп өскен. Бірақ Күләштің Жанбосынға деген махаббаты мәңгі сөнбейді.

Мінеки шағын кітапшаға енгізілген қос поэманың қысқаша мазмұны осылай. Мақсатымыз оқиғаны баяндау емес. Ақын арынының шамасын байқап, айтар ойын қалай жеткізгенін бағамдау.

«Не деген ғажап жер еді,

Бұйратты мына Қошалақ.

Әндетіп Зәуреш келеді,

Жасынан таныс осы алап.

Айнала тау-тау қызыл құм,

Құлама шұқыр етегі.

Асқақтап шыққан қыз үнін,

Көтеріп алып кетеді», – сияқты үзіндіден суретті тілдің нағыз төселген шабытты шағы байқалады. Бұған қоса туған жерге деген ерекше махаббат көңілді баурайды.

Екінші поэмадағы қос жігіттің опат болған сәтін ақын былай жеткізеді:

«Кім ойлаған қос шырақ,

Бір мезгілде сөнер деп.

Өлігіне дос жылап,

Жас жаңбырын төгер деп.

Басқа түсіп қара түн,

Ойлар ма жан жылар деп.

Үміт құстың қанатын,

Ажал оғы жұлар деп». Осындай сырлы сюжеттер баршылық поэма барысында. Әңгіме ақынның қанша жазғанында емес, қандай дүниені қалай жазғанында болса керек. Бұл жағынан Шәміл толық өмірін өлеңге арнаған нағыз тума талант. Біздің тоқталғанымыз шағын кітапша ғана. Сонымен қатар бұл ақынның бар-жоғы екінші жинағы. Әдебиеттанушылар мен оның замандастарының айтуынша ақын Шәміл ақындығына азаматтығы үйлесетін толыққанды дарын иесі болған. Шағын мақала аясын ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты сіздің жаныңызға кішкентай сәуле түсірген болсақ мақсатқа жеттік деген сөз.

Түйін. Демек, ел аузындағы көптеген аңыздардың кейіпкері Шәміл Мұхамеджановтың оқырманы ояна бастады. Аңыздар ақиқатқа айнала бастады. Ең бастысы осы.

Жәлел ШАЛҚАР