Баған

Ұлттық мүдде ұраншылдықпен шешілмейді

Бүгінгі таңда азаматтардың қоғамдық белсенділігі, сана сергектігі сүйсіндіреді, әрине. Яғни, самарқаулықтан арылып келеміз. Десек те, әлеуметтік желі арқылы желдей гулеген жалаң ұранмен ұлттық мүдденің ұпайы түгенделмейтінін де ескергеніміз абзал шығар…

Суретте автордың өзі

Кез келген оқиғаның тұрмыстық салдары, саяси астары болатыны белгілі. Әсіресе, әлеуметтік желіде талқыланған мәселедегі ақпарат тарату тетігінде арандату пиғылы болуы мүмкін. Содан барып, түймедей затты түйедей қылып, болмашы дүниенің саяси бояуын қоюлатып алып жатамыз. Менің айтпағым – әлеуметтік желідегі болмаса қоғамда талқыланып жатқан мәселеге үн қоспаңыз, айналып өтіңіз емес, байбалам салмай, байсалды болуға тырысалық деген пікір ғана.

Ашықтықтың форматы ұраншылдық пен кінәмшілдік емес. Қазақ – ұлы халық. Кеңпейіл, меймандостығымен мерейі тасыған ұлт. Тағдыр тәлкегімен алағай да, бұлағай бір заманда біздің елге қоныс аударып, Қазақстанды тарихи Отаны санап жүрген жүздеген ұлт пен ұлыстың жүрегін жараламай, тілегін қабыл алғанбыз. Олар да біздің ұлттық құндылықтарымызды қастерлеп, мәдениетімізге, тілімізге деген шынайы құрметтерін көрсетіп-ақ жүр. Кердең басып, кесір мінез танытып жатқандары шамалы. Спорт саласында Қазақстан намысын қорғап, Көк байрағымызды биіктен желбіретіп жүрген саңлақтарымыздың алуан ұлт өкілдері екенін жақсы білеміз. Бір ғана өз жерлесіміз Геннади Головкинді алыңыз. Қашанда «Мен – қазақпын!» деп, қазақтың зерлі шапанын киіп, байрағымызды жамылып жүрген жоқ па?! Байрақты бәсекелерде бағы жанып жүрген спортшыларымыздың қай-қайсы да осы Гена секілді Әнұранымызды шырқап, Көк туымызға маңдайының тері мен көзінің жасы тамып жүр. Ал, неге біз оларды жатырқауымыз керек?

Иә, тұрақтылыққа – тұғыр, Тәуелсіздікке – кепіл болған осынау татулық пен бірлік, жарасымды тірлік арандатушылардың құрбанына айналмауы тиіс. Бағалай білгенге – дәл қазіргі уақытта Тәуелсіздіктен киелі, Тәуелсіздіктен бағалы бақыт та, байлық та жоқ. Ал, әлгіндей жалаң ұран, жалаңаш батырлық сүттей ұйыған татулығымызды ірітіп жібермес пе екен?! Қоғамда қордаланған мәселе жоқ, бәрі – тамаша деп көлгірсуден аулақпын. Бар, әрине. Оны шешудің жолы бар. Оны аттанға айғай қоспай-ақ, сабырмен салмақтап шешуге, билік назарын аудартуға болады ғой. Проблеманы айтатын орны, өзінің мінбері бар. Ол үшін әлеуметтік желіні шулатып, алаулатыпжалаулатудың қажеті шамалы.

Бір кінәмшілдігіміз Ассамблеяның қажетсіздігін айтады. Шынтуайтына келгенде, Ассамблея – Тәуелсіз Қазақстан тағдырында тарихи миссияны атқарып отырған конститутциялық орган. Бекем бірлігіміздің де, жарасымды тірлігіміздің де ұйытқысы – Ассамблея.

Қазір абыржыған елді сабырға шақырған адамды сатқын көреміз. Жасыратыны жоқ, осындай үрдіс қалыптасып барады. Бұл үрдіс бүгін жай ғана келеңсіздік болуы мүмкін, ал ертең кеселге айналмасына кім кепіл? Сондықтан, атам қазақ айтпақшы, «тозған қазды топтанған қарға аладының» кебін киіп қалмас үшін кеңдігімізді кемелдендіргеніміз абзал.

Бұл – менің жеке пікірім. Сіз де ойланып көріңіз… Бір күнгі бейбітшіліктің бағасын білейік деген пікір – менікі. Ну орманды бір шырпы күлге айналдырады.

Бекзат АЛТЫНБЕКОВ,

облыс әкімінің «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша кеңесшісі,

 ҚХА мүшесі, облыстық мәслихат депутаты

Басқа материалдар

Back to top button