Ұлттың батыр ұланы

Биыл Белоруссия Республикасының неміс басқыншыларынан азат етілгеніне – 75 жыл. Ал, 14 шілдеде жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры Қазыбек Нұржановтың сол елдегі Волковыск қаласын азат ету шайқасында ерлік жасағанына 75 жыл толады.

Балалықтан азаматтыққа дейінгі жол

Қазыбек Нұржанов 1919 жылы 21 қазанда қазіргі Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында дүниеге келген. 1928-1929 жылдары Әбду Жүнісов есімді азамат алғашқылардың бірі болып, қазіргі Жидебай селолық округіне қарасты Үшарал ауылында ағайын-туыстың басын біріктіріп, «Оян» колхозын ұйымдастырған. Сол кезде әкесі Нұржан ақсақал да отбасымен колхозға кіреді. Қазбектің балалық шағы осы ауылда өтіп, алғашқы «Қызыл мұғалім» атанған Иса Сұраубаевтан бастауыш сыныптарда білім алады. 4 сыныпты үздік бітіріп, 1932-1935 жылдары Ақтоғай селосындағы Шаруа жастар мектебінде оқып, 7-сыныпты аяқтайды. Жоғарғы сыныптарда Жабас Кеңесбаевтан білімін шыңдайды.

1935-1937 жылдары Қарқаралы қаласындағы педагогикалық училищеде (алғашқыда техникум болған) оқып, ұстаздық білім алады. Училищені тәмамдаған соң Киров колхозындағы (қазіргі Үшарал ауылы) өзі оқыған мектепте мұғалім болады.

1939 жылдың 15 қазанында Шет ауданының әскери комиссариаты арқылы Қызыл Армия қатарына шақырылады. Қазыбек бірге шақырылған жолдастарымен Хабаровск өлкесіндегі, Амурдағы Комсомольск қаласында №1 Қызыл тулы құрылыс полкінің 2-ші ротасында әскери даярлықтан өтіп, кіші сержант шенін алады.

Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – ұран

Қазыбек майдан өтіне өзі сұранып, 1942 жылдың сәуір айында аттанады. Алғашқыда Брянск майданында Сталинград, Курск ұрыстарына қатысып, одан әрі 2-Беларуссия майданы, 3-армиясы, 40-атқыштар корпусы, 5-атқыштар дивизиясының танкі жойғыш 61-дивизионы танкіге қарсы қарулар ротасының танкіге қарсы 45 мм. зеңбірегімен қаруланған атқыштар бөлімшесі құрамында болады. Бастапқыда соғысқа бронбұзғыш зеңбіректің атқышы, нысанашысы ретінде араласып, аз уақытта сол бөлімшенің командирі болып тағайындалады. Оның басшылығымен бронбұзғыш зеңбірекшілер бөлімшесі жаудың талай танкісін, бронды техникасын істен шығарады.

1943 жылдың 5 тамызы күні Орел қаласын алу кезінде взвод командирінің жарақат алып, қатардан шығып қалуына байланысты басқаруды дереу қолына алып, батыл әрі жылдам шешім қабылдап, жаяу әскер бөлімімен бірлесе ұрыс жүргізіп, қалаға бірінші болып кіреді. Осы қаһармандығы «Ерлігі үшін» медалімен аталып өтіледі. Аға сержант шенін алып, 61-танкі жойғыш дивизионы, 3-батареясының барлаушысы міндетіне кіріседі.

1944 жылдың 8 ақпанында Днепр өзенін азат ету қимылдары кезінде жаяу әскердің алдыңғы сапында жүріп, қолбасшылармен үздіксіз байланыс ұстап отырған. Шешуші сәттерде батареяға оралып, жау бекінген ату нысандарын дәл көрсеткен, қажеттілік болған жағдайда шайқас алаңқайына орналасып, ұрыс та жүргізген. Днепр үшін ұрыста Қазыбек жаудың 2 пулемет нүктесін жояды. Сол жолы Қызыл Жұлдыз орденімен наградталады.

1944 жылдың наурыз айында ол 5-ші атқыштар дивизиясының 61-танкі жойғыш дивизионы, 3-барлаушылар батареясының командирі болып тағайындалады.

Қазыбек өзінің майдан жолында Волга мен Орел түбіндегі ұрыстарға қатысып, Зуш, Десна, Сож, Днепр, Друть, Березин өзендерінен кесіп өтті. Золотарев түбінде болған ұрыста Қазыбектің жеке өзі зеңбірегімен неміс танкісін жойса, танкіге қарсы қарулар ротасы немістің 3 танкісін қатардан шығарады.

Қ.Нұржановтың көзсіз батырлығы мен тапқырлығы жоғары бағаланып, оның барлау взводына ең күрделі тапсырмалар жүктеледі. Взводтың негізгі мақсаты жаудың шоғырланған ату бекіністерін, жасырылған танкілері мен бронды техникаларының орналасқан жерін анықтап, қолбасшылыққа дер кезінде жеткізіп отыру болатын. Друть өзенінен өтерде олар бораған жау оғының астында барлау жүргізіп, танк шабуылын тойтаруға жағдай жасаған бағалы мәліметтер береді. Жау тылына еніп, олардың шегінер жолын кесіп тастайды. Фашистер кері шегінгенде оның бір өзі 8 гитлершілдің көзін жойып, оның взводы 97 неміс солдатын тұтқынға алады. Осы ерліктері үшін III дәрежелі Даңқ орденімен наградталады.

Волковыск қаласын азат ету: Батырдың соңғы жорығы

Фашист басқыншыларын түпкілікті талқандау, Белоруссия жерін толықтай азат ету мақсатындағы «Багратион» операциясының аса маңызды бір бөлігі – Белосток операциясы барысындағы Волковыск қаласын азат ету ұрысында 5-ші атқыштар дивизиясына жауға Оңтүстік-Шығыстан соққы беру жоспарланған. Волковыск қаласы сан тарап темір жолдың және көтерме жолдың тоғысқан жері, сондай-ақ Белосток бағытындағы негізгі жол болғандықтан, онда дұшпанның ең маңызды тірек бөлімі мықтап бекінген еді. Қаланы алу одан кейінгі шабуылдың өрбуінде маңызды рөл атқарды. Соған сәйкес, қала көшелерінде кескілескен ұрыс жүрді. Бұл ұрысқа аға сержант Қазыбек Нұржанов басқаратын барлаушылар взводы бүйірдегі қамту тобы құрамында қатысады. Топтың батыл қимылынан қатты сасқан гитлершілер соғыс техникасын, қару-жарақтарын тастап қашады. Қ.Нұржанов жаудың ізіне түсіп, фашистің 3 солдатын және бір офицерін тұтқынға түсіреді. Ержүрек азамат шабуылдаушы жаяу әскерді соңынан ерте Волковыскіге бірінші болып кіреді. Өкінішке орай, Волковыск-Орталық теміржол ауданында аяғының астынан жарылған мина әсерінен ауыр жараланады.

Қала жаудан толықтай азат етіледі. Сол күні түнде Мәскеуде қаланы азат етушілер құрметіне 127 артиллерия қаруынан оқ атылып, салют беріледі.

Дивизионға ең қымбат жауынгердің алған жарақатының өте ауыр болуына байланысты әскер басшылығы жауып тұрған оққа қарамастан, ес-түссіз күйдегі Қазыбекті 50 шақырымдай жердегі Деречин деревнясында орналасқан №196 әскери-далалық госпиталіне жеткізеді. Ондағы жаралылардың көптігіне және соғыс кезіндегі барлаушыларға қатысты заңдылыққа сәйкес, қабылдау журналына тегі Муржаков Казбек болып жазылып кеткен. 1944 жылдың 15 шілдесі күні дала госпиталіне бас сүйегінің ауыр жарақатымен түскен Қазыбек ажалмен 9 күн арпалысып, 24 шілдеде қайтыс болады. Деречин селосындағы Бауырластар зиратына Муржаков Қазбек есімімен жерленеді.

Аталған госпитальдің медициналық журналында қарындашпен жазылған жазба батырдың тағдыры туралы деректі 66 жылдан кейін анықтауға мүмкіндік берді.

1944 жылдың 20 шілдесі күні 61-танкі жойғыш дивизионның командирі, майор В.Михеев Қазыбекті Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынып, сол күні награда қағазын толтырып, дивизия басшылығы қарауына жіберген, яғни, Қазыбек қайтыс болмай тұрып, батыр атағына ұсынылған.

Жоғарғы әскери басшылық пен 2-Белоруссия майданы әскери кеңесінің «Неміс басқыншыларымен болған күресте көрсеткен ерлік пен даңқы үшін Қ.Нұржанов жоғарғы үкіметтік награда «Кеңес Одағының Батыры» атағын беруге лайық» деген қолдау хаты КСРО Жоғарғы Кеңесіне тек 1945 жылдың 20 наурызында жетеді. Онда былай делінген:

«Қорғаныс Халық комиссарының орынбасары Армия генералы Н.А.Булганин жолдасқа.

«2-Белоруссия фронты бойынша марапаттаулар туралы».

Проня, Днепр, Березина өзендерінен кешіп өткені, Могилев, Волковыск, Шклов қалаларын азат еткені, Шығыс Пруссиядағы қарсыластардың топтарын талқандағаны және Висла өзенінің жағалауындағы плацдарымды жеңіп алғандары үшін, 2-Беларуссия фронтының жеке құрамын ордендермен марапаттау және Совет Одағының Батыры атағын беру туралы Жарлықтың жобасын ұсынамын.

Марапаттауға қызыл әскерден бастап, полк командирлерін қоса алғандағы аралықта барлығы 224 адам ұсынылады, марапаттауларды 2-Белоруссия фронтының Әскери Кеңесі қолдайды. Өз тарапымнан ұсынысты қолдаймын».

Халық комиссариатының кадрлық Бас басқармасының бастығы, генерал-полковник Голиков, 1945 жыл, 20 наурыз.

КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1945 жылғы 24 наурыздағы Жарлығы бойынша көрсеткен қаһармандығы мен ерлігі үшін Қазбек Бейсенұлы Нұржановқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Волковыск қаласын азат етудегі ұрыстың өте ауыр және одан арғы шабуылдарды жүргізуде шешуші маңызға ие болғандығынан Қ.Нұржановпен бірге 5-ші атқыштар дивизиясынан тағы да 4 жауынгер Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылады. Олар Боричевский А.И., Медведев Г.Н., Рай А.М., Крынин С.М. Бұлардың бәріне де Кеңес Одағының Батыры атағы берілген.

Ақтоғай жұртшылығы Қазыбекке Батыр атағы берілгені туралы хабарды іле-шала радиодан естіген болатын. 1945 жылдың 19 мамырында Ұлы Жеңістен кейін сол кездегі Тоқырауын аудандық (қазіргі Ақтоғай ауданы) «Қызыл Ту» газетінде Қазыбек Нұржановқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілгені жайлы «Біздің батыр» тақырыбымен мақала жарияланған.

Қазыбектің қаза болғаны туралы мәліметтің госпитальден дивизион басшылығына, әскери комиссариаттарға және туыстарына жіберілмей қалуы себепті, Батыр атағы берілгеннен кейін соғыс уақытында және 1960 жылға дейін КСРО Қорғаныс министрлігі іздестіру жұмыстарын жүргізіп келген. Батыр атағын беру туралы грамота тек КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы Л.Брежневтің қолымен 1960 жылдың 29 қарашасында толтырылып, яғни, Батыр атағы берілгеннен кейін 16 жылдан кейін 1961 жылдың ақпан айында Ақтоғайға жеткізіліп әкесіне салтанатты түрде табысталған. Грамотада:

«Неміс басқыншыларына қарсы күрес майданында жауынгерлік тапсырмаларды орындаудағы жеке үлгісі мен жанқиярлық ерлігі үшін Қазыбек Бейсенұлы Нұржановқа Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1945 жылғы 24 наурыздағы Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Жоғарғы Кеңес Президиумының төрағасы Л.И.Брежнев. 1960 жыл. 29 қараша» деп жазылған.

1944 жылдан 2010 жылға дейінгі аралықта, яғни, 70 жылдай уақыт Кеңес Одағының Батыры Қазбек Нұржанов туралы жазылған деректерде Батырдың Волковыск қаласындағы соңғы ерлігі көрсетіліп, сол жолы басынан қатты жарақат алды деп аяқталатын. Оның жерленген орнын анықтау мақсатында Қазыбектің өзі оқыған, ұстаздық еткен және қазіргі кездегі Қ.Нұржанов атындағы мектебі оқушылары, Ақтоғай елі үздіксіз іздестіру жұмысын жүргізіп келген болатын. 1985 жылы Ақтоғай аудандық комсомол комитетінің бастамасымен арнайы құрылған делегация Белоруссия жеріне Қазыбектің майдандағы ізімен барып та қайтқан еді. Сол сапар барысында делегация мүшелеріне П.Багратион атындағы музей қызметкерлері Ұлы Жеңістің 40 жылдығы қарсаңында Волковыск қаласының баспаханасында 1985 жылы басылып шыққан 4 беттік бүктеме кітапшада және аудандық «Знамя» газетінде, бұрынғы 5-ші Қызыл орденді Орловтық атқыштар дивизиясы, 142-атқыштар полкінің атқышы, 3-ші дәрежелі Даңқ орденінің және «Ерлігі үшін» медалінің иегері, Орлов облысы, Стародубь ауданының тұрғыны, соғыс ардагері Борис Литвенконың айтуы бойынша жазылған «Сол таңда жауын жауған еді» (В то утро прошел дождь) атты мақала жарияланғандығын (авторы – Валерий Задаля), аталған мақалада Батырдың майдандасы, қарт жауынгердің Волковыск қаласын жаудан азат ету кезінде теміржол маңында Қазыбек Нұржановтың басынан ауыр жараланғанын және Деречин селосындағы госпитальге жіберілгендігі жөнінде жазылғандығын хабарлап, кітапшаның бір данасын жерлестеріне ескерткіш ретінде сыйға тартады.

Батырдың інісі Өзбек Нұржановқа 1986 жылғы 17 мамырда Белоруссияның Старый қаласында тұратын Қазыбектің майдандас досы, журналист А.Васильевтен «Қазыбек Волковыск қаласында жараланғаннан кейін, Деречин селосындағы госпитальге алып кеткен» деген хат келеді. Қысқасы, барлық іздеу шаралары Деречин селосындағы дала госпиталіне бағыттап отырады. Сол себепті, ауданнан барған құрамында батырдың туған інісі Ө.Нұржанов, жазушы Қ.Қаленов, майдандас досы Ш.Сыздықов, Қоңырат совхозы комсомол комитетінің секретары Т.Жармағанбетов, Қ.Нұржанов атындағы мектептің мұғалімі Б.Дәулетов және батырдың немере інісі Т.Жақсы лықұлы бар делегация Деречин деревнясындағы госпиталь орналасқан жерге дейін барып қайтады. Бірақ, ол сапарда Батырдың жерленген жерін анықтау мүмкін болмаған еді.

2010 жылы Белоруссия мемлекеттік Ұлы Отан соғысы тарихы музейінің майдан тарихы бөлімінің меңгерушісі С.Езерской Санкт-Петербург қаласындағы әскери-медициналық құжаттар архивінде сақталған №196 әскери далалық госпитальдің медициналық журналын қарап отырып, бір бетінен қарындашпен жазылған «1944 жылғы 24 шілдеде аға сержант Казбек Муржаков басындағы ауқымды жарақаттан қайтыс болып, Деречин деревнясындағы шіркеудің қасында жерленді» деген жазуды анықтайды.

Беларусь Республикасының барлық әскери мұражайларының Қазыбекті іздеуші «Қызыл ізшілері» Муржаков болып жазылып кеткен, Волковыскіні азат етуші Қазыбек Нұржанов екендігін толықтай дәлелдеген.

Ерлік өшпейді, Ер ұмытылмайды

Қазыбектің қайтыс болып, жерленген жері нақты 2010 жылы анықталуына сәйкес, сол жылы Беларусь Республикасындағы Деречин селосында Қазыбекке және онымен бірге Бауырластар зиратында жерленген 199 солдат пен офицерге ағаштан жасалған ескерткіш қойылған болатын.

2015 жылы Беларусь Республикасындағы Қазақстан Республикасы елшілігінің қызметкерлері Е.Бөлегенов пен О.Бейспековтің бастамалары бойынша қарағандылық кәсіпкер Мұрат Жадаевтың қаржылай көмегімен ескерткішке қайта құрылымдау (реконструкция) жасалып, жаңартылып, мраморға Батырдың бейнесі салынып, қалған жауынгерлердің де есімдері жазылып, елшілік қызметкерлерінің қатысуымен салтанатты жағдайда ашылған еді.

Волковыск қаласында 1978 жылдан бастап Қазыбек Нұржановтың құрметіне жеңіл атлетикадан спорттық жарыстар өткізіліп келеді. Аталған жарыс былтырғы жылы Халықаралық дәрежеде ұйымдастырылды. Оған Қарағанды мектептерінің оқушылары да қатысып, жүлдемен оралды.

Волковыск қаласының бір көшесіне Қ.Нұржановтың аты берілген, Қаһармандар аллеясында есімі жазылған.

Бабаларымыздың «Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» деген ұлағатты сөзі тегін айтылмаса керек. 1965 жылы Үшарал ауылындағы батырдың өзі оқып, жұмыс істеген мектебіне Қазыбек Ңұржановтың есімі беріліп, 1975-1976 оқу жылы мектеп Қоңырат совхозының орталығына (қазіргі кезде – Ақтоғай ауданы, Жидебай селолық округі, Сәуле ауылы) жаңадан салынған мектепке ауыстырылды. Сол жылы мектептің жанына ескерткіші қойылды. Ақтоғай селосында Қ.Нұржановтың атындағы көше бар, Батыр атындағы саябақта ескерткіші орнатылған.

1972 жылы ақын-жазушы Жеңіс Қашқыновтың «Қазыбек Нұржанов» атты очеркі басылып шыққан.

Жыл сайын аудан көлемінде және Батыр атындағы мектепте Қазыбектің туған күніне орай спорттық жарыстар тұрақты өтіп келеді. 2018 жылы мамыр айында Қарағанды қаласында Батыр атындағы мектептің түлегі, ұлттық жекпе-жек спорты қауымдастығының вице-президенті Н.Шайхиннің ұйымдастыруымен Қ.Нұржановты еске алуға арналған жекпе-жек ұлттық спорт түрінен жастар мен жасөспірімдер арасындағы республикалық чемпионат өткізілді. Ал, биылғы жылы Қарағанды қаласындағы жеңіл атлетикадан облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдердің олимпиадалық резерв мектебінде халықаралық деңгейдегі жарыс ұйымдастырылып, оған Беларусь мемлекетінен спортшылар келіп қатысты.

Ақтоғай ауданында биылғы жылдың 22 наурызынан Батырдың 100 жылдық мерейтойына арналған ісшаралар басталды. Жоспарлы бағдарламалар жас буынға өнеге көрсетер мазмұнды қамтып, кең көлемде ұйымдастырылуда.

Айдынғали АДАМБАЙ.