Ұлт ұраншысы

«Күпшек санды күреңді

Тәбияға жаратқан,

Қырық сан қара қалмақты

Жарлығына қаратқан;

Айбалтасын алтынменен булатқан,

Алапасын арттырып,

Арпалап атты қунатқан;

Лабашы деген бір елді

Антыменен улантқан,

Еренші мен Серенді

Тозғындатып шулатқан,

Періштесін жұрт үстінен дулатқан…»

 

Бұқар жырау
Темірғалиев Ерсін Манарбекұлының «Далба тауы» картинасы

Абылай хан дүниеден көшкенде қазақтың ұлы жырауы Бұқар осылай толғайды. Бұл – жай ғана жоқтау емес, Абылайдың қазақ тарихындағы орнын бағамдау.

Замана ұраншысы атанған Бұқар жырау Абылай ханның ақылман кеңесшісі, қабырғалы биі болды. Қазақ қауымының бар тілегі бір арнаға тоғысқан шақта Абылай сияқты кемеңгер тұлғаның тарих сахнасына шығуы кездейсоқ емес десек, дәл осы кезеңде Алаш жұртының өр рухын айғақтаған Бұқар жырау сияқты сөз дарқанының дабыл қағуы да табиғи заңды құбылыс.

Ел мүддесінен бөтен тілегі болмаған Бұқар жырау Абылай ханды сөзімен жебейді, ісімен қолдайды, Абылай тұлғасын жұртқа кеңінен танытып, Абылай саясатын ел ішінде насихаттайды. Бұл ретте жыраудың Абылай атына қарата айтылған толғаулары шын мәнісінде бүкіл Алаш жұртына арналған болатын. Қолма-қол халық арасына тарап, жатталып, жырланып отырған Бұқар толғаулары Абылайды ғана көтеріп қоймайды, қазақ рухын көтереді, елдік санаға, ұлт бірлігіне қызмет етеді.

Абылайға қатысты Бұқар сөздерінің айрықша өтімділігінің бір себебі, бұл — жалған мадақ, жөнсіз қолпаш емес. Бұқар еркін сөйлейді, тура айтады, жалпы жұртқа белгілі шындыққа негіздей отырып, көкейдегі ойын көркем толғайды.

«Ай, Абылай, Абылай,

Сен мен көргенде

Тұрымтайдай ұл едің», – деп бір кетеді;

«Абылай атың жоқ еді,

Сабалақ атпен жүр едің» деп бір кетеді.

Абылайдың жасында түйе баққанына дейін айтады. Билікке бірден жетпегенін, жұрт иесі, құдіретті әмірші болып отыруы – қалың қазақтың, айбынды жұрт, аруақты батырларының арқасы екенін ескертеді.

Бірақ осының өзі ханды насихаттаудың бір көрінісі. Сондай ауыр тағдырды бастан өткерген, қарапайым малшы кебінен сәулетті хан дәрежесіне жеткен Абылайдан асыл кім бар, Абылайдан жақын кім бар деген ой түйеді жырауды тыңдаған, көкірегінде саңылау бар қазақ баласы.

Абылай жай ғана әмірші емес, еліне айрықша еңбегі сіңген кемеңгер әмірші.

«Елу жасқа келгенде

Үш жүздің баласының

Атының басын бір кезеңге тіредің» –дейді Бұқар, Абылайға қарата айтқан сөздерінің

бірінде. Тағы бірде:

«Алтын тақтың үстінде

Үш жүздің басын құрадың,

Жетім менен жесірге

Ешбір жаман қылмадың,

Әділетпен жүрдіңіз,

Әдепкі іске кірдіңіз» – дейді

Жырау Абылай билігінің күшеюі бүкіл Қазақ Ордасының қайта ұйысуының белгісі, елдің береке-бірлігінің артуы, күш-құдіретке жетуі деп біледі.

«Сен Еңсегей бойлы Ер Есім ханның бір түстігіне де жарамайсың», – дейді екен Бұқар Абылайға, Алаш жұртының ежелгі заманы туралы кеңес айта отырып. Бұл да қайрау, биікке мегзеу.

Рас, Абылай тұсында қазақтар баяғы Қасым хан, Есім хандар заманындағы күш-құдіретіне жете алмады, замана ағымы, тарих еншісі солай болды, бірақ Абылай Қазақ Ордасын дәл өз кезеңі үшін мүмкін болған деңгейге көтерді, керек десеңіз, қисынсызды қиыстырды, болмасты болдырды.

Бұқар мұны да жақсы түсінеді. Сол тұстағы қазақ ахуалына қанағат айтып, Абылай өкіміне бас ұрады, Абылай салтанатына тамашалай қарайды.

«Жұлдызың туды-ау оңыңнан,

Жан біткен еріп соңыңнан,

Он сан алаш баласын

Аузыңа құдай қаратып,

Жусатып, тағы өргізіп,

Жұмсап бір тұрсың қолыңнан.

Ақтан болды-ау күніңіз,

Арсы менен күрсіге,

Тайталасты үніңіз!» – дейді.

Ойшыл Бұқар замана ағымын, дәуір кейпін нақты таныған еді. Жоңғар – үйреншікті жау, ежелден теке-тірес келе жатқан ел, қиын болса да, шешілетін түйін, ақтабан-шұбырындының аяғы ұлы жеңістерге ұласты. Бірақ қазақ халқының басына төнген қара бұлт айықпады, қайта қоюлана түсті.

Елдің болашағы үшін ең үлкен қауіп – Ресей империясы еді. Түрік халықтарының ескі шежіресін танып өскен, Қазан хандығының қалай құлағанын, бұдан соң Еділдегі Ноғай Ордасының қалай тозғанын білетін, жері шектес туысқан башқұрт жұртының басына түскен кепті көзімен көрген Бұқар Ресейдің Қазақстанды да біржола отарлау тарабындағы жоба-жоспарларын жақсы таниды. Шекарада тыныштық сақтау, ашық қақтығыстан бой тарту қажетін айтады. Сонымен қатар, саны басым, қаруы кемел орыс отаршылдарының түпкі саясатын да ашып көрсетеді, қамыға отырып, келешек ауыр күндерден сақтандырады.

Абылайға арнап, ел-жұртына қарата айтқан бір толғауында Бұқар жырау асқан көрегендікпен келешек күнді – тәуелсіздіктен айрылып, отар болатын қаралы заман сұлбасын айқын сызып көрсетеді. Сәуегей жырау былай депті:

«Қарағай – судан қашып,

Шөлге біткен бір дарақ,

Шортан – шөлге шыдамсыз,

Балықтағы бір ғарақ.

Ойлама шортан ұшпас деп,

Қарағайға шықпас деп!

Күн батыста бір дұшпан,

Ақырда шығар сол тұстан.

Өзі сары, көзі көк,

Бастығының аты поп,

Күн шығысқа қарайды,

Шашын алмай, тарайды,

Құдайды білмес, діні жоқ,

Жамандықта міні жоқ,

Затсыз, тексіз жөн кәпір,

Аузы-басы жүн кәпір,

Жаяулап келер жұртыңа,

Жағалы шекпен кигізіп,

Балды май жағар мұртыңа,

Жемқорларға жем беріп,

Азды көпке теңгеріп,

Ел қамын айтқан жақсыны

Сөйлетпей ұрар ұртына;

Бауыздамай ішер қаныңды,

Өлтірмей алар жаныңды,

Қағазға жазар малыңды,

Есепке салар барыңды,

Еліңді алар қолыңнан,

Әскер қылар ұлыңнан;

Тексізді төрге шығарып,

Басыңа ол күн туғанда,

Теңдік тимес құлыңнан.

Бұл айтқан сөз, Абылай,

Болмай қалмас артыңнан,

Есті, міне, қартыңнан!»

Ұлы жыраудың бұл қасыретті болжауы толығымен расқа шықты.

Бұқар сол заманда қазақ жұртына төнген екінші бір қатер – шығыстан ентелеген Мәнжу-Цин империясына көзқарасын да ашып айтқан, оның арыдан ойлаған терең саясатының мәнін әйгілеген.

Екі ел арасында тыныштық орнап, сауда қатынастары күшейіп, алыс-беріс молая бастаған кезде Бұқардың толғағаны бар:

«Шүршіт жатыр Арқада,

Барын көлдің басында.

Егін салып қасында,

Ақылы жоқ сол қазақ

Атын сатты кәпірге.

Ылау атын мінген соң,

Күнін, түнін бір етіп,

Бір күн жетер сол көпір;

Жаушылыққа шығар ол,

Елшілікке барар ол,

Түрі момын болар ол,

Құлан қайда семірсе,

Жынын сонда төгер ол.

Егер шүршіт келмесін,

Егер шүршіт келсе бір,

Қабырғаңды күйретіп,

Жон-жұмыңнан сөгер ол!»

Құдіретті көршілермен бейбіт отыру, татулық сақтау жағында болған Бұқар жырау Түрік қағанаты заманындағы ойшылдарымыз сияқты, табғаш-шүршіт жұртымен алыстан сыйласқан жөн деп біледі. Саны көп, қолы ұзын қауымды ел ішіне енгізбей, аңыс аңдап отырсаң ғана тәуелсіздігіңді сақтайсың дейді.

Бұқар, әрине, шар тараптан төніп келе жатқан тұманды көре тұра, шындықты жасырмады. Бірақ осыншама торыға отырып, болашақтан баз кешпейді, көршілес хандық, бір кездегі құдіретті жұрт ойраттар сияқты қазақ халқы да жер бетінен жойылады деген қауіп айтпайды. Елдің рухын көтерер, белдігін бекітіп, күш-қуатын арттырар игі істер жайында толғанады. Жоңғарға қарсы күрестің ерлік шежіресін еске түсіре отырып, жұртқа тұлға болған билер мен батырлар салған жолды үлгі етіп тартады. Ел бірлігін ту етіп көтереді.

Алдымен бір орталыққа бағынған берік билік қажет, хан жарлығын қастерлеу керек дей келе, жұрт ішіндегі бауырмалдық, татулық – ең берік қорған, ең үлкен ырыс екенін айтады.

«Мұсылманның баласы

Сірә бір кеңес құрыңыз,

Бір ауызды болыңыз», – дейді.

«Өлетұғын тай үшін,

Қалатұғын сай үшін

Қылмаңдар жанжал-ерегес», – дейді.

Хан, сұлтандар арасындағы билікке талас, ру-тайпалар арасындағы өзара бақастық ақыр түбінде ешкімге опа бермейтінін, жекелеген адамдар үшін ғана емес, бүкіл ордалы жұрт үшін оңалмас апатпен аяқталатынын нақты айғақтау үшін, ойрат ұлысының қайғылы тағдырын мысалға келтіреді.

’Кеше, қара қалмақ бүлерде

Бозылардың билігі

Бұлыт-бұрқан болысты,

Буыршындай тіздесті,

Жамандықты іздесті,

Бірін-бірі күндесті;

Жаулаған ханын қара оңбас,

Хан қисайса бәрі оңбас,

Ханын қалмақ жаулаған,

Сүйткен қалмақ оңбаған:

Сол қалмақтың жұрты еді-ау,

Үш Қарқара, Көктөбе,

Иті де ұлып қалмаған…’’

Бұл толғау Абылай ордасында, қазақ жұртының қалмақтардан қайтып алған ата-мекені Үш Қарқара, Көктөбе өңірінде айтылған көрінеді. Қазіргі Алматы облысының Кеген ауданы, кеше ғана, 1616 жылғы дүрбелең кезінде азаттық үшін көтеріліс туы тігілген, Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман» романына арқау берген қасиетті қоныс, жер өтікені; егер күні бүгін Үш Қарқара ғана емес, Алтайдан Атырауға дейін, Қызылжардан Жетісайға дейін Алаштың оты жанып, түтіні шығып тұрса, қазақ өзінің елдік санасынан айрылмай, қайтадан ту көтерсе, ол – Бұқар жарықтық айтқан:

«Маң-маң басып жүріңіз,

Байсалды үйге түсіңіз,

Айнала алмай ат өлсін,

Айыра алмай жат өлсін,

Жат бойынан түңілсін,

Бәріңіз бір енеден туғандай болыңыз!” – деген өсиеттің далаға кетпегені, сол, өз заманында-ақ әулие атанған ұлы жырау алқаған:

«Еңбек қылған ел үшін,

Жауда кеткен кек үшін,

Қазақтың абырой-арына

Сарып қылған бар күшін»

аруақты азаматтардың ұрпақ болашағын айқындаған игі істерінің көрінісі.

Мұхтар МағауинБұқар – қазақ халқының рухани тарихындағы ең үлкен ойшылдардың бірі. Ұлы жырау замандас қауымның, бел-белес кезеңнің кекейкесті мәселелерін көтерумен ғана шектелмейді. Өзінің бірталай жырларында адам табиғаты, уақыт өлшемі, дәуір сыры, әлем мен болмыс туралы толғанады. Кісі өмірі, оның өтпелі кебі Бұқарды терең ойларға жетелейді. Абылай ғұмырбаянын бала кезінен бастап сөз ете отырып, әрбір адамның кім болуы, қандай дәрежеге жетуі өзінің жеке басының қасиетіне байланысты деген түйін шығарса, жалпы адам атаулының өмір өткелдерін жас кезеңдеріне байланысты сыпаттай келе, тіршіліктің мәні туралы ой түйеді. Адамның күш-қайраты кемеліне келіп тұрған жастық шағын айшықты бояулармен сыйпаттаса, қайрат қайтқан кәрілік кезеңін өмірдің өшуінің көрінісі ретінде бейнелейді, бір кісінің ғұмыр жолындағы екі дәуірді салғастыра, шендестіре отыра жалпы адамзат болмысы туралы қорытынды жасайды, кез келген пенденің өтпелі ғана тіршілік иесі, ғаламның кішкентай бір бөлшегі екенін айғақтайды. Өмірі шектеулі адам түгілі, жансыз табиғаттың өзі өшіп, өніп, қайта жаңғырып отырады дейді жырау.

Дүниеде мәңгілік ештеңе жоқ.

«Айналасын жер тұтқан

Айды батпас демеңіз,

Айнала ішсе таусылмас

Көл суалмас демеңіз…

Құландар ойнар қу тақыр

Қурай бітпес демеңіз…»

Адам өліп, өшкенде, табиғат жаңғырып жатқанда, сол ғаламның бір көрінісі ғана болып табылатын қоғам да үздіксіз өзгерістерге түсіп отыруы анық. Бұқар уақыт озған сайын заманның да басқа тарихы бар жыраулар поэзиясының серек шыңы ғана емес, түйінді ұйтқысы болды. Сонымен қатар, Бұқар жырау арғы түбі көне түрік заманына барып тірелетін ұлы әдебиетіміздің мың жарым жылдық ұзақ тарихындағы ең ұлы тұлғалардың бірі.

Жыраудың мұрадан тыс жеке басына келсек, оның өмірі туралы сақталған деректер онша мол емес. 1668 жыл шамасында туады, жас кезінде, Әз-Тәуке ханның заманында аты шығады; Қазақ Ордасы ұйпа-тұйпа болып, Ақтабан-шұбырындыға ұшыраған кезде көптеген қиындық көреді, көлеңкеде қалады; Абылай – сұлтан көтеріліп, ел билігіне жеткен шақтан бастап, Бұқар да бүкіл Қазақ Ордасының ақылгөй жырауы болып танылады: ел билеу ісіне араласады, жасының ұлғайғанына қарамастан, Абылай бастаған жорықтарға да қатысып отырады; 1781 жылы көктемде Абылай ажал жастығына бас қойғанда қасында болады. Сондағы зарлы толғауы:

«Қайғысыз ұйқы ұйықтатқан ханым-ай,

Қайырусыз жылқы бақтырған ханым-ай,

Қалыңсыз қатын құштырған ханым-ай,

Үш жүзден үш кісі құрбанға шалсам,

Сонда қалар ма екен қайран жаның-ай!»

Жасы жүзден асып отырған қарт жырау Абылайдан соң көп ұзамаса керек. Бұқар жыраудың асыл сүйегі Баян-Ауланың бір пұшпағы – Далба тауында, қазіргі Қарағанды облысының шегінде тыным тапқан.

Ұлы жырау өзінің Абылай ханды жоқтауын былай тәмамдайтын:

«Ғаділдігін Наушаруан ғаділге жеткерген,

Жомарттығын Атымтай жомартан  өткерген,

Имандының ісіне қарап бет берген,

Бір Құдайдың дидарын,

Сен көрмесең, кім көрер,

Табандасқан дұшпанға

Күнінде қылыш шауып өткерген!»

Бұқар жыраудың өзінің қылышы – өткір сөз еді, аталы жыр еді. Сол сөз, сол жыр тек қазақ халқының тіршілік-мүддесіне ғана қызмет етті. Ұлы жырау қазақ поэзиясын жаңа белеске көтерді, өзінің заманын, көне күндердің өшпес рухын таңбалап, туған халқының көркемдік танымының, ақыл-парасатының айғағы ретінде тарихқа енді.

Иә!

«Бір Құдайдың дидарын,

Сен көрмесең, кім көрер!»

Бұқар бұ дүниеде де мәңгілік. Соның айқын көрінісі – ұлы жыраудың ғасырлар шегінен көктей өтіп, біздің заманға жеткен, күн озған сайын тұлғалана, тереңдей беретін, халқына қадірі арта түсетін асыл шығармалары.

Мұхтар Мағауин,

1993 жыл

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.