Коллекторлар Құдайдың еркесі ме?

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алты санаттағы отбасылардың банк алдындағы 3 миллионға дейінгі кепілсіз несиелерінің 300 мың теңге берешегі және айыппұлдары мен өсімпұлдары кешірілсін деген Жарлығы шыққанына біраз уақыт. Одан кейін «Банктердің балансында тұрған кредиттер бойынша айыппұлдар мен өсімпұл кешіріледі. Ал, коллекторларға өтіп кеткендерінің өсімпұлы кешірілмейді. Бұл туралы Мәжіліс отырысынан кейін Ұлттық банктің төрағасы Ерболат Досаев айтты» деген хабар тарады.

Мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанынан құрылған Жұмыс тобына қарағандылық аналардың банк алдындағы берешегі туралы ақпарат жинап, жолдадым. Екінші деңгейлі банктер азаматтардың төлем қабілетінің төмен екендігіне қарамастан жоғары пайызбен миллиондаған несие берген. Несиесін уақытында төлей алмағандарды банктер Коллекторлық компанияларға өткізген. Оларға қандай несиелер өтетіндігіне назар аударайық. Ипотекалық несиелер 90 күн, кепілсіз несиелер 180 күн төленбесе коллекторларға беріледі. Сонда Парламент қабырғасында қаралған 89 млрд. теңге халықтың күнделікті төлеп жүрген ағымдағы несиелерінің айыппұлы мен өсімпұлын өтеуге жұмсала ма? Жарты жыл несиесін өтей алмағандар бұл жеңілдікті пайдаланады. Ал, несиесі жылдап төленбегендерге бұл жеңілдік жоқ па деген сұрақ туындайды. Парламент отырысында екінші деңгейлі банктердің 56 пайызға дейін, онлайн кредиттердің 500 пайызға дейін несие беріп келгендігі айтылды. Жылдап кредит төлей алмай жүргендердің берешегі арта береді. Ал, анда-санда несиесін кешіктірсе де төлеп жүргендер Үкіметтен дотация алады, солай ма?

Кейбір деректер бойынша коллекторлық компаниялардың комиссиясы өндірілген берешектің 35 пайызына дейінгі соманы құрайды. Қалған өндірілген сома банктің пайдасына жатады. Яғни, коллекторлар да, банктер де ұтылмайды. Кезінде елдің бәріне жағалай кредит беріп, жабылып тынған «Альянсбанк» проблемалық несие портфелін коллекторларға 70-75 пайызға сатып кеткенін жариялапты. Ал, көрші Ресейде коллекторлардың комиссиясы 12 пайыздан аспайды деген ақпаратты көрдім. Мен экономист емеспін, ақпаратым нақты болмауы мүмкін. Десе де, мына айырмашылық тайға таңба басқандай анық сияқты. Мені Қазақстандағы коллекторлық компанияларда қанша пролемалық несие бар екендігі қызықтырады. Әрі Президент Жарлығы бойынша олардағы берешек неге өтеуге жатпайды, себептері қандай? Коллекторлық компаниялардың артында кім тұр? Бұл жекеменшік компаниялардың мүддесі неге Үкіметтің әлсіз топтарды қолдау саясатынан жоғары тұр? Қазақстандық нарықта шетелдік коллекторлық компаниялар да жұмыс істейтіндігін ескерсек, біз кімдерді байытып жатырмыз?

Үкімет халықтың әлсіз топтарын қолдағысы келсе коллекторлық компанияларға өтіп кеткен несиелердің айыппұлдары мен өсімпұлдарын алып тастап, негізгі қарыздарын ғана өтеуге қолдау жасасын. Жоғары пайызбен алынған ипотекалық несиелердің пайызын қайта қарап, азайтуға көмектессін. Бізге жағдайы жоқтарды одан сайын ашындырып, жағдайы тұрақтыларды қарық қылатын жеңілдіктердің қажеті жоқ

 Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА,

Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың аға оқытушысы, көпбалалы аналар қозғалысының Қарағанды облысындағы жетекшісі.