Коалиция бірлікке бастайды

ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ КҮШТЕРДІҢ «ҚАЗАҚСТАН – 2050» ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ КОАЛИЦИЯСЫ ДОСТЫҚ ҮЙІНДЕ КЕЗЕКТІ РЕТ БАС ҚОСЫП, ЕЛ ТІЗГІНІН ҰСТАҒАН ЖАҢА ПРЕЗИДЕНТТІҢ САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУ БАРЫСЫ, САЙЛАУ НАУҚАНЫНЫҢ НӘТИЖЕЛЕРІ, ОРТАҚ ЖҰМЫСТАРҒА БАҒА БЕРУ, АЛДАҒЫ ЖОСПАРЛАРМЕН БӨЛІСУ СЫНДЫ ТАҚЫРЫПТАРДЫ ТАЛҚЫЛАДЫ.

Коалиция мәжілісіне Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» Жалпыұлттық коалициясының мүшелері, еліміздің жетекші саяси партияларының, Қазақстан халқы Ассамблеясының, ірі қоғамдық бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Жиынды «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша Оспанова жүргізіп отырды.

– Біз барша қазақстандықтарды тұтастыққа, бірлікке және біздің негізгі құндылықтарымызға ұқыпты қарауға шақыруымыз керек. Қазақстанның Тұңғыш Президенті айқындаған елдің стратегиялық басымдықтарына абсолютті қолдау көрсетуге және Елбасының Тәуелсіздікті нығайтуға, елді жүйелі жаңғыртуға және әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын арттыруға арналған бағытын ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге жалғастыруға тиіспіз, – деді Қадиша Базарбайқызы.

Сондай-ақ, «Ауыл» халықтықдемократиялық патриоттық партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихатының депутаты Серғазы Әдекенов, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Қарағанды еврей мәдениет орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қарағанды мемлекеттік медицина университеті ректорының кеңесшісі Вилен Молотов-Лучанский, «Ақ жол» демократиялық партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Ермек Әбілдин, «Кәсіпкерлікті қолдау және дамыту қоры» Қарағанды филиалының атқарушы директоры Сайран Сыздықова, «Жаңғыру жолы» ҚХА республикалық жастар қозғалысы өңірлік штабының жетекшісі Александр Урмашов өз пікірлерін ортаға салып, Мемлекет басшысының жалпы ұлттық диалог институты ретіндегі Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру жөніндегі бастамасын қолдайтындарын жеткізді.

Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлықпен күресу, сот және құқық қорғау жүйесін реформалау, жаңа жұмыс орындарын құру, тұрғын үй мәселесін шешу, әділ әлеуметтік саясат, өңірлік дамудың жаңа бағыты, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын одан әрі дамыту, жастар саясатын қолдауға баса назар аудармақ. Осы орайда, отырыс барысында аталған тақырыптар егжей-тегжейлі талқыланып, қорытындысында Елбасының сарабдал саясатын бірлесіп жалғастырамыз деп түйіндеді.

Коалиция мүшелері көпшіліктің мұң-мұқтажы, талап-тілектері осындай алаңда айтылуы тиіс екенін, талқыға түскен кез келген күрделі мәселелерді шешу жолдарын бірлесіп қарастыратынын жеткізді.

 Жиын соңында аймақтық коалиция мүшелері бірауыздан жалпыұлттық үндеуге қосылып, қолдау танытты.

Қасымхан ҒАЛЫМ