Баған

Кішіпейілділік – кісілік белгісі

«Қабуснамада» Ануширан патшаның «Дана деп кімді айтамыз?» деген сұрағына оның ақылман уәзірі: «Өзін басқалардан кішік, қарапайым ұстаған кісіні» деп жауап бергені айтылады. Шынында да, кішіпейіл, қарапайым кісі өзіне қатты сөйлеп, дөрекілік көрсеткендерге де дүрсе қоя бермейді. Ашуын ақылына жеңдіріп, байсалдылық көрсетеді.

Қалай десек те, ақкөңіл, қарапайым болу, ізгілік жасауға құштарлық айбат көрсетпей-ақ елеулі болуға, міндет қылмай-ақ беделді болуға жеткізеді.

Сіздің қарапайым болмысыңыз – сіздің қорғаныңыз. Сонымен қатар, кішіпейіл һәм қарапайым болмысыңызбен ешнәрсені бүлдірмейсіз, ешкімге зиян келтірмейсіз. Демек, әлдекімнен кешірім сұрау қажеттілігі туындамайды. Себебі – сізде айып жоқ, өйткені сіз – таза адамсыз.

Ал, қарапайымдылық жасанды, яғни, алдамшы болса, оның адымы қысқа. Ондайға ұлы Абай атамыз: «Жасанды кішіпейілділік жақсы қасиет емес» десе, XVIII ғасырда өмір сүрген итальян драматургі Карло Гольдони ақын ойын әрі қарай жалғастырғандай: «Жалған кішіпейілділік те менмендік сияқты, жиіркенішті», – деп шегелей түседі.

Кішіпейілділік адамның тамаша қасиеті ретінде тарихта талай-талай әңгімелерге арқау болған. Ежелгі заманның әйгілі ойшылдары сол дәуір ғұламаларының кішіпейілділік жайындағы әсерлі, тағылымды әңгімелеріне ерекше мән беріп отырған.

Кішіпейілділік, қарапайымдылық адамның барлық іс-әрекетінен, қимыл-қозғалысынан, өзін ұстауынан, мінез-құлқынан, тәртібінен, сөзінен, ең ақыры, киген киімінен де аңғарылып тұрады. Бұдан бөлек, өзге адамдарды сыйлаудан, олармен қарым-қатынас жасаудағы қарапайымдылықтан, басқалардан ерекшеленуге әрекеттенбеуден, өзінің жетістігін дабыраламаудан көрінеді. Ондай адамның сөзі ұстамды келеді. Өзінің сезімін басқаларға білдіруге асықпайды. Қарым-қатынасында тұрақтылық басым болып, аумалы-төкпелі әрекетке жол бермейді. Бірақ, мұның бәрі қандай жағдайда да өз пікірін ашық айтуға кедергі келтірмейді. Өйткені, ол өзіне де, өзгеге де жоғары талап қояды.

Кішіпейіл адам адамгершілігі мол, мейірбан болады, кісіге қарасуға, қолұшын беріп, жәрдемдесуге әзірлігі тағы бар. Кішіпейілділігі жай нәрсе емес, ол – мінез, әлеуметтік мәртебе, көпшілік қошемет тұтатын асыл қасиет. Сол үшін де халық: «Кішіпейілділік – кішілік емес, кісілік» оның түпкі мәнін дұрыс айтып жеткізген.

Халқымыздың «Ұлық болсаң, кішік бол» деуі де, адам қанша болып-толса да, кемерінен асып төгілмеуі керектігін, кісілігі мен кішілігін, көпке деген ізеті мен инабатын үзбей, тіршілік етуі тиістігін айтқаны. Сондықтан, халықтың тәрбие талаптарына сай өмір сүруге ықыласты болуымыз керек-ақ.

Бала үлкенге қарап өседі. «Атаға қарап ұл өсер, анаға қарап қыз өсер» дейді дана халқымыз. «Анасын көріп, қызын ал, тамағын көріп, асын іш» деген мақалдың мағынасы да соған саяды. Сондықтан, ата-аналар, жасы үлкендер өздері үлгі көрсетпесе, кішіпейілділік пен қарапайымдылықтың кереметтігі жайындағы сөздерінің әсері күткендегідей болмайды. Міне, сол себепті де, әркімнің терең ойланып, қорытынды жасай білуі – ізгіліктің бастауы.

Әсел ҚАЙРАТҚЫЗЫ,
әлеуметтанушы

Басқа материалдар

Back to top button