Кеншілер қаласындағы «Арбат»

Кез келген қалада, тіпті, алыстағы ауылда тұрғындардың тынығуына арналған қолайлы орын болады. Әдетте, оны «Арбат» деп атап жатады. Сондай «Арбат» Кеншілер қаласында да пайда болды.

Бұрын Кеншілер мәдениет сарайының алдындағы алаң мен жазғы сахнаның маңайынан кешкілік мезгіл мен демалыс күндері қыдырыстаған адам қарасы үзілмейтін. Ал, сол сарайдың тура қарсысынан басталатын Мәңгілік Ел көшесі қайта құрылып, жаңартылғаннан бері бұл аймақ таптырмайтын демалыс орнына айналды, ел аузында «Арбат» атанып үлгерді.

Көшенің қос қапталындағы жаяу жүргінші жолы мен ортасындағы саяжолға түрлі-түсті бедерлі тас төселді, жаңа орындықтар қойылды, шырағдан мен сәнсәуле ілінді. Жергілікті фаунамен жымдасқан шағын сәулет мүсіндері пайда болды. Қысқасы, қала тұрғындары мен қонақтарының көңілінен шықты.

Таяуда онда мәдени-демалыс орталығы мен қалалық жастар ресурстық орталығы мәдени-спорт шараларын ұйымдастырды. Музыканттар ашық аспан астында гитараның сүйемелдеуімен ұмыт бола бастаған танымал әндерді орындады. Балалар аква-грим жанрындағы шеберлердің туындысына модель ретінде қатысып, мәз-мәйрам болды. Тұрғындар мен қала қонақтары әртүрлі спорт жарысына белсене қатысып, естелік сыйлықтар иеленді.

– Бүгінгі іс-шарадан өте әдемі әсер алдым. Біздің «Арбат» өнер адамдарын өзіне тартатын, көпшілік қуана-қауана келетін сүйікті демалыс аймағына айналатынына күмәнсіз сенемін, – дейді қала әкімі Асқар Ыдырысов.

Әлібек ӘБДІРАШ.

СӘТБАЕВ қаласы.