Қиянат құрбандарын еске алды

Сұрқия саясаттың құрсауында қалып, арманда кеткен арыстарды еске алу күні Ұлытауда азалы митинг ұйымдастырылды. Қиянат құрбанына айналған азаматтардың ұрпақтары мен туыс-туғандары әр өңірден шақырылған жиында бір минуттік үнсіздік жарияланып, аруақтар рухына дұға бағышталды. Ел назарына кесапатты кезеңнің көрінісін бейнелейтін қойылым ұсынылды.

Аудан орталығындағы «Бес арыс» алаңында өткен митингте аудан әкімінің орынбасары Бағдат Байжантаев сөз сөйледі. Ол зобалаңы мол уақыттың бейбіт күннің берекесін кетіріп, халықтың басына қара бұлт үйіргені хақында дәйекті деректерді мысал ете отырып, тебірене ой толғады.
Тамырынан кесілген тағдырлар туралы жазықсыз жазаланып, ғазиз бастары оққа байланған жандардың ұрпақтары мен жақындары – қарт ана Сәуия Көпейқызы, Бауыржан Беласқанов, Еркебұлан Қалмағамбетов және осы жолдардың авторы сүбелі сөз қозғады. Қалың қауымға қадірі артса да, өмірлері өкінішпен түйінделген тұлғалар – Смайыл Беласқанов,
Тайжан Қалмағамбетов және Құрмансейіт Баймағамбетовтің ғибратты ғұмырлары жайлы парасатты пікір білдіріп, берекелі тірліктің бекем болуына тілек қосты.
Митингке жиналған жұртшылық аудандық орталықтандырылған кітапхана тарапынан қойылған тақырып аясындағы кітаптар көрмесімен танысты.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
«Орталық Қазақстан»

ҰЛЫТАУ ауданы

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.