Бас тақырыпРесми

Инвестиция тартуға екі министрлік көмектеседі

Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді бастаған делегация Қарағанды облысында жұмыс сапарымен болды. Сапар барысында делегация мүшелері  “Сарыарқа” арнайы экономикалық аймағының жұмысымен танысып, облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің қатысуымен оны дамыту мүмкіндіктерін талқылады. Сонымен қатар, Қарағанды облысының әкімдігі, Сыртқы істер министрлігі, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі және Қазақстан машина жасау одағы төртжақты келісімге қол қойды.

“Сарыарқа” арнайы экономикалық аймағы 2011 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен құрылған. Аумағы – 600 гектар. Қазір мұнда 17 кәсіпорын тіркеліп, 90 млрд.теңгеден астам инвестиция салынған.  Экономикалық аймақ инвесторларға дайын инфрақұрылым мен түрлі жеңілдіктер ұсынады.

 – Бүгінде экономикалық аймақтың 69%-ы жұмыс істеп тұр. Бізде жаңа жобаларды жүзеге асыруға арналған бос алаңдар бар. Идеялар да жеткілікті. Ең маңыздысы – бізде жаңа өндірісте жұмыс істеуге дайын мамандар бар.  Біз машина жасау саласын дамыту үшін жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.

Министр Мұхтар Тілеуберді Қазақстан Президентінің Германияға ресми сапары барысында “Сарыарқа” арнайы экономикалық аймағын неміс инвесторларына таныстыру жоспарланғанын жеткізді.

  • Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасымыз салған дәстүрді жалғастырып, ресми сапарлары барысында шетелдік инвесторларға елімізді таныстыруда. Біз “Сарыарқа” арнайы экономикалық аймағы неміс инвесторларына не ұсына алатынын көру үшін келдік. Мұнда шетелдік инвестицияларды тарту үшін қолайлы жағдай жасалған екен. Бұған жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың нәтижелері дәлел бола алады, – деген Мұхтар Тілеуберді Сыртқы істер министрлігі шетелдік инвесторлар мен серіктестерді іздеуге барынша көмек көрсетуге дайын екенін хабарлады. 

Басқа материалдар

Back to top button