Баған

Имандылық – адами мұрат

Имандылық араб тіліндегі нану, сену деген мағынадағы «иман» сөзінен шыққан. Ол – ар-ождан тазалығын, обал-сауап талаптарын сақтауды, қылдай қиянат жасамауды, қайырымдылықты, адалдықты жинақты түрде көрсететін адамгершілік ұғым атауы.

Имандылық пен әдептілік бірбіріне балама ұғымдар емес. Бірақ, олардың арасында тығыз байланыс, табиғи шарттылық бар. Өйткені, екеуінің негізінде ізгілік пен ар-ұят жатыр.

Иман дегеніміз – сенім. Сеніммен күн кешу адамға жеңіл болады. Сол себепті, адамдардың сеніміне нұқсан келтіру – үлкен әдепсіздік. Адам мен адам арасында пікірталас, айтыс-тартыстың болуы мүмкін, алайда біреудің сеніміне тиісу – жарасымсыз іс.

Адам сенімсіз, үмітсіз, армансыз өмір сүре алмайды. Олай болса, адамға шынайы сенім, дұрыс көзқарас қажет. Сонда адам неге сенуі керек? Адамда ождан бостандығы болуға тиіс. Ол – адамның әдеп-инабат талаптарын басшылыққа ала отырып жасайтын іс-қимылдары.

Сенім білімнен шығады, сонымен қатар, сенім білімнің құдіретін мойындауда жатыр да, ғылыми сенімнің көзбастауы адамның дүниенің заңдылықтарын таныпбілу мүмкіндіктерін мойындамауында жатыр.

Сенімнен үміттену келіп шығады. Жоғарыда айтылғандай, үмітсіз өмір сүру мүмкін емес. Егер ауру кісі өзінің сырқаттан жазылып кететінінен үміттенбесе және сол үшін күреспесе, дәрігерлердің ем-домға көнетін дерттердің өзінен айықтыруы қиынға соғады екен. Жеңістен үміттенбеген спортшының да жарыста озып шығуы екіталай. Үміт қаншалықты күшті болса, адам соншалықты жігерлене, шабыттана түседі. Сондықтан, қоғам мүшелерінде бай, кедей демей, құқық теңдігі мен сенім бостандығы болуы керек. Қандай идеология болса да, осы басты талаптарға қайшы келмеуі тиіс.

Тәуелсіз елімізде әркімнің сенім бостандығын қолдап, ғасырлар бойы халқымыздың көкірегіне ұялап, қанына сіңген ислам дінінің имандылық қағидаларын адамдар арасындағы ізгілік, қайырымдылық, адалдық, әділдік қарым-қатынас негізіне алып, зайырлы мемлекет құру жолын ұстануды таңдауымыздың себебі де сол екені анық. Белгілі діндар-ғұлама Халифа қажы Алтай айтқандай, «Иманды елде ізгілік пен адамгершілік салтанат құрып, қылмыс пен бұзақылық тыйылады».

Демек, ұлттық және жалпы адамзаттық қоғам дамуы үрдісіне түскен елдің жас ұрпағы шындық болмыстың мәнін дұрыс түсініп, нақты үмітті басшылыққа алуы қажет. Шынында да, ежелгі заман философы Вергилийдің «Жеңіске сенген адам ғана жеңіп шығады», – деген сөзі де сол өмір ақиқатын меңзеп тұр емес пе?

Сондықтан, жас буынды жақсылыққа сенім рухы мен рухани табандылыққа тәрбиелеу – зор міндет.

Әсел ҚАЙРАТҚЫЗЫ,

әлеуметтанушы.

Басқа материалдар

Back to top button