Жаңаарқа

Ілкімді ізденіс ізі

Өткен жыл ілкімді іске толы, белсенді де, жемісті болды. Аудан жұртшылығының жарасқан ынтымағы арқасында ақиық ақын Сәкен Сейфуллиннің туғанына 125 жыл толуы мен Жаңаарқаның 90 жылдық торқалы тойы тамаша өтті. Қымыз пісуден әлемдік рекорд жасалды. Ақтөбеде қазақ күресінен өткен әлем чемпионатында Айдос Ғалымов әлем чемпионы атанып, қазақ елінің абыройын асқақтатты.

Сурет ortalyq.kz

– Жаңаарқа – көлемі жағынан облыстағы үлкен ауданның бірі. 34 мың 462 адам тұрады. Бұл – әрқайсысын толғандыратын өзіндік түйткілі бар сонша тағдыр. Біз бұны жақсы түсінеміз және соны шешу жолында нақты жұмыс жүргізіп келеміз, – деген аудан басшысы Юржан Бекқожин алдымен өткен жылғы есептік кездесуде көтерілген 26 мәселенің қалай шешілгеніне жеке-жеке тоқталып, сосын шаруашылық жайына қарай ойысты.

Былтыр жалпы 101 миллиард 059,0 миллион теңгенің өнімі өндірілді. Өнеркәсіптік өнім көлемі 6 миллиард 359 миллион теңгеге жетіп, 2018 жылғыдан 31,1% артты.

Агроөнеркәсіптік кешенде 3 ЖШС, 1 өндірістік кооператив, 7 ауыл шаруашылық кооперативі, 798 шаруа қожалығы бар. Егінмен – 28, малмен 770 шаруа қожалығы айналысады, олар 28 миллиард 280,1 миллион теңгенің өнімін өндірді, өсім – 26,1%. Төрт түлік мал 3,3% көбейді. 3388 гектарға көпжылдық шөп егілді. Жоспарланған 250 000 тонна мал азығы дайындалып, қыстаққа жеткізілді.

“Сыбаға” бағдарламасы аясында “ҚазАгроҚаржыдан” 383 миллион 700 мың теңге несие алған 14 шаруа қожалығы шетелден 511 ірі қара әкеліп, бағып-баптауда. Жоспардағы 2250 қой орнына, 3361 бас алынды. Тұқымды түрлендіру мақсатында шаруашылық жоспардағы 218 бас орнына 483 асыл тұқымды бұқамен толықты. Экспортқа 217 тонна ет (111,3%) өткізілді. Ауыл шаруашылығына 1 миллиард 146 миллион теңге инвестиция салынды.

Ауданның дамуы мен өркендеуіне үлкен үлес қосып келе жатқан тағы бір сала – кәсіпкерлік. Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, 2018 жылдан бері жалпы құны 3 миллиард 829,4 миллион теңге болатын 3 жоба облыстық үйлестіру кеңесінің шешімімен өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілді. Оның екеуі ауылшаруашылық саласынан, үшіншісі М.Жұмажанов атындағы ауылдық округте орналасқан “Қужал” кен орнының базасында бағалы металл мен полиметалл байыту өндірістік кешенін салу” жобасы.

2019 жылы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі – 62 миллиард 59,4 миллион теңге, бұрнағы жылмен салыстырғанда – 707,9%. Тіркелген шағын және орта бизнес субьектісі 2385-ке жетіп, қатары 8,6% көбейді. Кәсіпкерлік саласы 5335 адамды жұмыспен қамтып отыр. Өндірілген өнім көлеміндегі үлесі – 13 миллиард 684,5 миллион теңге, өткен жылмен салыстырғандағы өсім – 3,3%.

Былтыр ауданда 2 миллиард 481 миллион 42 мың теңгеге 338 жоба несиеленді. Бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында 12 жоба қолдау тапты. Үш жас кәсіпкердің әрқайсысы облыс әкімінің ауылдағы жастар кәсіпкерлігін дамыту және қолдауға бөлінген қаражатынан 1 миллион теңгеден грант алды. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында Атасу кентінде Бағдат Бекежанова – 100 орындық “Балауса”, Әсем Орманалиева 60 орындық “Дария” бөбекжайын ашты.

Аудан орталығында 20 көпбалалы анаға тұрғын үй берілді. “Бақытты отбасы” бағдарламасы аясында 19 адам құжат тапсырып, 6 отбасы баспаналы болды.

Басқа материалдар

Back to top button