Ілкімді іс басы – ынтымақта

Жастар арасында діни экстремизмнің алдын алу жұмыстарын күшейту мақсатында Қарағанды облысының жастар саясаты басқармасы мен ҚМДБ облыстық Орталық мешітінің жастар ісі жөніндегі бөлімі өзара ынтымақтастық жөніндегі Меморандумға қол қойды. Брифинг түрінде өткен жиынға мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдері және белсенді жастар қатысты.

Жастар арасында жат діни ағымдарға жол жоқ. Брифингте алғаш сөз тиегін ағытқан облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы Мирас Құттыбай қоғамда алаңдатушылық тудырып отырған діни экстремизмге және оның алдын алу жұмыстарын күшейту жолындағы Меморандумның мақсатына тоқталды. Сөз барысында ол: «Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында экстремизм мен терроризм, радикалдылықтың барлық нысандары мен белгілеріне қарсы күрес – басым міндет болып айқындалған. Кейінгі уақытта елімізде орын алған діни экстремизм және терроризмнің көріністері, әсіресе, Ақтөбе мен Алматы қалаларындағы орын алған жағдайлар қоғам арасында талқыға түсіп, алаңдатушылық туғызуда. Осыған орай, біз жастар арасында діни экстремизмнің алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды талқылап, қорытындылай келе, Меморандумға қол қоймақпыз. Мақсат – жастар арасында діни экстремизмнің алдын алу бойынша кешенді шараларды жетілдіру болып табылады. Мәселен, жастар арасында діни қарым-қатынас саласында ахуалды зерттеу бойынша сараптамалық және әлеуметтік зерттеулер жүргізу, оның діни бағдар тұрғысынан «қазіргі заманғы жас азамат» портретін құру; ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының сапасын арттыру, мақсатты топтар (радикалды идеологияға бейім және ұшыраған тұлғалар) арасында адрестік діни негіздегі алдын алу жұмыстарын ұйымдастыру және жүргізу, орта білім, техникалық және кәсіптік, жоғары білім беру ұйымдарында оқитындарды қоршаған орта шындығына саналы қарым-қатынаспен және радикалды діни идеологияны сыни қабылдау үшін дін жөнінде қажетті біліммен қамтуды қамтамасыз ету керекпіз», – деді.

Өз кезегінде сөз сөйлеген Қарағанды облыстық мешітінің наиб имамы, жастармен жұмыс бөлімінің өкілі Нұржігіт Мұсабеков Қазақстан азаматтарының тірегі – дәстүрлі Ислам діні екенін атап айтты. Сондай-ақ, басқармамен бірлесіп жұмыс атқарудың тиімділігін арттыратын Меморандумның мән-маңызына тоқталды.

Сөйтіп, өзара келісім бойынша екі жақ ынтымақтастық жөніндегі Меморандумға қол қойды. Екі тарапты да алда бірлесіп істейтін жоспарлы жұмыстар күтіп тұр. Іске сәт!

Жәнібек ӘЛИМАН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.